Шахматшы қария

Құрымбек қарттың зейнеткерлікке шыққанына біраз уақыт болса да, оны еңбек демалысына шығарып салуға арналған завод жиынындағы басшылардың мақтау сөздері әлі де құлағынан кетер емес, дос-жарандары сыйлаған бір құшақ гүлді құшақтап, завод проходнойынан шыға бергенде, жүрегі әлденеге шым еткендей болды.

«Е-е, үкімет жайдан-жай зейнетке шығара қоймайды екен ғой» десе де, демалысқа шыққан соң, денсаулығымды жақсартам деген ойын бекемдей түсті. Содан бері тыныш, бір сарынды мына өмірге әлі де үйрене алмай-ақ қойды. Цехтағы тарс-тұрс, айқай-шу, балқыманың жарқылы, әлсін-әлі естілетін завод гудогі – бәрі-бәрі түнде түсіне кіреді, күндіз көңілінен кетпейді. Ғұмыр бойы қара қызметпен көзі тесілген оның екі қолы алдына сыймады. Не істерге білмеді. Сыртқа шығады, – үйге қайтадан кіреді. Біртүрлі жынынан айырылған бақсыдай, жан дүниесі байыз таппай, алас ұрып жүргендей болды.

Бірде сабақтан келген немересінің, кіп-кішкентай болып, үлкендерше компьютердің алдына жарғанаттай жабысып ұзақ отыратынын байқады. Бастауыш класс оқушысының сабырлы кейпі, төзімділігі атасын қайран қалдырды.

«Сәтжан, немен айналысып жатырсың?» деп сұрайды.

– Ата, біздің мектепте шахмат сабағы үйретілетін болды. Бірақ, өз еркің, егер үнемі сабағынан қалмай үйренетін болсаң, мектепті бітіргенде, шахматтан спорт шеберлігіне кандидат боласың, – деді ағай.

«Мұның қызық екен, сонда кәмелеттік аттестат пен қоса екінші мамандық та алып шығады екенсің ғой», – деді атасы. Сәтжан сәл ойланып отырды да:

– Сізге де ойнауға болады. Үлкен турнирлерде бізбен бірге атайлар да ойнайды. Тактикалық әдістерді міне, мына Chess.com-ның «үйрету» сайты бойынша үйренесіз. Күніне бес есептен беріледі. Әрбір шешкен есеп үшін сізге ұпай беріледі. Шеше алмай қалсаңыз, ұпайыңыз шегеріледі. Сөйтіп, шахматтан рейтингіңіз анықталады. «Сонда, мен мұны үйренуім үшін, неше күн немесе неше ай уақыт керек?», – деп сұрады атасы.

– Бапкерлер ең кемі төрт ай кетеді дейді. «Балам-ау, мұныңа келісуге болады екен. Демек, мен де нар тәуекел деп, кірісейін онда – деді де, іштей ойланып, жұмыс-жұмыс деп жүріп, немеремнің өсіп қалғанын да байқамаппын-ау деп, Құдайға шүкірлік етті, қазіргі балалар тез есейеді, шамасы, техниканың күрт дамуы оларға әсер етеді екен» деп ойға берілді.

– Қане, ендеше кірісейік!

Сөйтіп, Сәтжан сайтты ашып, мені шахмат әлеміне бастады. Алғашқы позицияда «960» саны көрінді. Бұл менің рейтінгімнің бастауы деуге болады. Ол көбейсе, менің разрядым да өседі. Күн сайын бес есептен беріледі. Алғашқыларын Сәтжанның көмегінсіз, біздің ауыл адамдарының айтатынындай, шайдың батасындай қағып тастадым. Анда-санда завод кәсіподағы ұйымдастыратын турнирлерге қатысқаным бар-ды. Ал, шынында, бала күнімнен шахматқа деген құмарлығым басталған болатын. Оқу дедік, жұмыс дедік, бірде бастап, бірде тастап жүрдік. Ақыры мүлдем ұмытқандай да едім. Міне, енді немеремнің арқасында ескі танысыммен қайта табыстым

. Алғашқыда бәрі де оп-оңай көрінгенімен, бара-бара есептер күрделене түседі. Бұл енді сенің қарым-қабілетіңе сынақ деуге болады. Сол арқылы өзіңнің кемшілігіңді де байқайды екенсің. Кейбір есепте қай жүрістен бастау керектігі бірден көзге ұрып тұрады. Мұндайда дереу автоматты түрде жүре саласың.Ал, бұл қате болатынын көбіне біле бермейсің. Осы орайда, Эммануил Ласкер импульсивті түрде жүруден сақтандырады. Менің өз басымнан осы жайт талай рет өтті. Орыстар айтатындай, кірпікшешенге де көрініп тұр емес пе дегендей, жүре салатынмын. Бұл менің ұшқалақтығымды көрсетеді екен. Әуелі әрбір шахмат жүрісін көзің жеткенше ойланып, тек сонда ғана шешім қабылдауың керек. Демек, өз мінезіңді де өзертуге болады екен. Александр Алехиннің «Мен өз мінез-құлқымды шахмат арқылы тәрбиеледім» деуі жайдан-жай емес. Арада біраз күн өтті. Кейде механикалық қателіктер де жібердім. Добалдай саусақтарыммен тышқанды ұстай алмай, түсіріп алған кездерім де болды. Ал, бұл дегенің, 12 не 14 ұпай саның шегерілді деген сөз. Есептер базалық позицияда 1500 ұпайға жеткенде, бір ұпайға жетудің өзі мұң екен. Есеп қиындай түскенде, оны талдау үшін, компьютер жанына шахмат тақтасын құрып, талдауға тура келеді. Мұны көрген Сәтжанның айтуынша, «бапкеріміз бізге рұқсат етпейді, себебі тікелей ойын үстінде өзіңнің көз жадыңа сенуің керек. Көз жадыңды алдын ала жаттықтыра түсуге тиістісің. Ал, қарияларға рұқсат етіледі», – дегені бар-тын.

Сөйтіп, алғашқы машықтану күндері де артта қалды. Әлгі сайтқа кіргенде, «Өзара тәжірибе алмасу» атты бөлігінде: әрқайсы үш есептен тұратын «Күнделікті берілетін шым-шытырық есептер», «Шығаратын есептерің көп болсын», «Эндшпильді (ойын соңын) үйрену» атты бөліктерді талдап көрудің маңызы зор. Сөйтіп, бара-бара тәжірибелі ойыншыға айналасың. Бірақ, мұның бәрі тактикалық тұрғыдан екен. Демек, шахмат ойнында тактикалық әдіске басты назар аудару керек. Бұл жайында Хосе Рауль Капабланка шахматты үйрену әуелі жеке фигурадан және олардың өзара байланысынан басталуы тиіс екенін айтқан. Немерем Сәтжанның айтуынша, оның бапкері алғашқы сабақтарды құр шахмат тақтасынан бастаған. Неше торкөзден, горизонталі, вертикалы, диагнальдары, тақтаның оңы-солын үйреткен. Содан барып, пешкадан – шахматта кейін жүріс жасай алмайтын жалғыз фигурадан бастап, барлық фигураны жеке-жеке үйретіп, қалай жүретінін, қандай мобильдік күші барын түсіндірген. Бұдан кейін әрбір оқушы бұл тақырыпқа енді қайтып оралмайтындай болады екен. Әрине, бұл бапкердің жеке қабілетіне байланысты.

Мен зейнеткерлікке шыққаннан бері Сәтжанның әке-шешесінің қолы босады. Олар таңертең кетеді, кешкісін келеді. Баланың ішім-жеміне әжесі қарайды. Ал, мен оны аптасына үш рет Есентай өзені бойымен қыдыртып, оның жағасындағы тренажерлерде жаттығу жасатамын. Мұны серуеннен гөрі денешынықтыру деген ләзім. Тау өзенінің жоғары көпір тұсында «сарқырамасы» бар. Соның жанында жаттығу жасау – бір ғанибет. Ең бастысы иондалған ауасын он минут жұтудың өзі неге тұрады. Кейде кешкісін батып бара жатқан күн шапағына көпір үстінен қарау Сәтжанға қатты ұнайды. Сөйтіп, күндеріміз көңілді өтіп жатты. Бір күні ол келесі жексенбіде қаланың «Оқушылар үйінде» шахматтан балалар арасында турнир болатынын айтты. Бапкері даярлықты күшейтуді ескертіпті. «Ата, мені турнирге апарасыз ғой?» деп сұрады. – Әрине, сөзсіз апарамын, – деп, уәде еттім. Сәтжан қатты қуанды. Сонымен, турнирге қызу дайындық басталды. Оның білетін бұрынғы дебюттеріне (бастауларына) қоса тағы да екі заготовка дайындауы керек болды. Ал, тактикалық даярлығы ара-кідік менің есептерімді шығарысқанда күшті екенін байқадым. Позицияның қай жерінде қандай селкеулік бар екенін бірден дөп басып көреді. Көбіне қателеспейді. Бұл көз жадының ерекше дамығанын көрсетеді. Оның үстіне бұрынғы турнирлерде ойнаған партиялары жазылған дәптерінен оқып, тексеріп шықты.

«Балам, турнир, турнир деп жүріп, сабағыңды әлсіретіп алып жүрме!» деймін, «Сенің басты міндетің сабақ оқу екенін ұмытпа!».

– Ата, оны түсінемін. Бәрінен бұрын сабақтарымды мұқият даярлап қоямын. Әзірге кілең «бестікке» оқып жүрмін. «Оның дұрыс, тек сол бағытыңнан тайма» деймін. Жексенбі күні әжесі Сәтжанның кішкентай жол дорбасын ішіп-жеміне толтырып, бізді турнирге шығарып салды. Біз келгенде «Оқушылар сарайының» алды ығы-жығы, Сәтжандай бастауыш класта оқитын балалар көп екен. Әрқайсысы өз бапкерлерін күтіп тұр. Біраздан кейін сыптығыр денелі қара торының әдемісі бір жас жігітпен Сәтжан құшақтасып амандасты. Әлде нені бастырмалата сөйлеп, маған қарай жүрді.

– Ата, ата, біздің бапкер Санжар ағай, танысып қойыңыз. «Рақмет, шырағым, Сізді айтып, аузынан тастамайды».

– Ой, ағай, Сәтжан біздің мектептің әрі мақтанышы, әрі үздік оқушысы болады әлі! «Айтқаныңыз келсін!».

Біз «Оқушылар сарайының» төртінші қабатына көтерілдік. Ата-аналар дәліздегі орындықтарға отыра кетті. Балалар кең залға кіріп, турнир тізіміне тіркеліп жатыр. Көп кешікпей көптен күткен шахмат турнирі де басталатын болды. «П» әрпі сияқты шахмат столдары қойылған, олардың үстінде ақшыл қоңыр түсті шахмат фигуралар тігілген, әрбір столдың оң жағына электронды-магнитті шахмат сағаттары қойылған. Жағалай отырған тоқыр шеке ұлдар байсалды, салмақты көрінді. Ара-арасында ақ бантикті қыздар да отыр. Төрешінің белгісімен қара түспен ойнаушыларға сағатты қосуға рұқсат етілді. Бәрі-бәрі бір-бірімен қол алысты да, ойынға кірісті.

Сәтжанға қарасам, жемтігіне түскелі тұрған тұйғындай, көздері жіті, сұсты көрінді. Фигураларды оң қолымен алып, оң қолымен электронды сағатты тез басып үлгеріп отыр. Іштей «Талабыңа нұр жаусын!» деп, тілек тіледім де, диаграммалар мен таблицалар ілінген қабырғаға назар аудардым. Жақындап келіп қарасам, өз көзіме өзім сенбедім: таблицаның басында менің есімім жазулы тұр! Дәлірек, «Құрымбек Сәтжан» деп жазылған. Басқа таблицаларда да осылай жазылған екен. Өткен турнирлердің бәрінде де Сәтжаным бірінші орын алған. Қуанғаннан төбем көкке екі елі жетпегендей болды. «О, тоба, тоба, бергеніңе шүкір!» дей бердім іштей. Кім болғанда да, әркімнің еңбегі жанғанына не жетсін?! Турнир швецариялық жүйемен өтті. Ұтқаны ұтқанымен, ұтылғаны ұтылғанымен ойнайды. Ешқайсысының да ренішін тудырмайды. Ойын түс қайта аяқталды. Бас төреші турнир қорытындысын шығарды. Үшінші, екінші орындар алған балалар мен қыздардың аттарын атап, оларға мақтау қағаздарымен және ескерткіш сыйлықтар табыс етілді, зал әлсін-әлсін қол соғып, қошемет көрсетуде.

 

– Бірінші орынды алған екінші класс оқушысы Сәтжан Құрымбек ортаға шақырылады! Зал ду қол шапалақтады. Шекесі тоқырайып, немерем ортаға шықты. Бас төреші оған бірінші дәрежелі диплом мен үлкен комплект шахмат табыстағанда, залдағы балалар орындарынан ұзақ тұрып, қызу қол соқты. Және Сәтжанға жаздыгүні тауда өтетін бүкілқазақстандық балалар шахмат турниріне қатысу үшін, оқушылар лагеріне жолдама берілді. Зал тағы да дуылдата қол соғып жатты. Осы сәтте қуанышы қойнына сыймай тұрған Сәтжанның бапкері менің қолымды алып құттықтады. «Мұның бәрі сіздің арқаңыз, шырағым, Алла разы болсын!» дедім байыппен. Сәтжан әуелі қуанышын бапкерімен бөлісті. Содан соң сыйлықтарын маған беріп жатып: – Ата, әжем қатты қуанатын болды ғой, ә? – дегені. «Және әке-шешең де сөзсіз қуанады!» дедім жымиып. Баламысың деген ғой, Сәтжан үйге жеткенше асықты. Үйді басына көтере «Әже, әже, сүйінші, сүйінші, мен чемпион болдым!» деп айқайлап кіргенде, қуанғаннан әжесі оны «Жарығым, күнім, құлыным!» деп бетінен сүйе берді.

Бұл бір көрген көз қуанатын, көңіл шаттанатын сәт еді. Сәтжанның жеңісін естіген әке-шешесі сыйлық іздеп табанынан таусылса керек, бір құшақ гүлімен асығып-үсігіп жетті және шахмат столы, шахмат электрондық-магниттік сағатын оған арнап алыпты. Жас шахматшыға керегі де сол екен, оның қуанышында шек болмады. Немереміздің алғашқы жетістігін кемпірім екеуіміз көрші-көлемді шақырып, кешкісін атап өттік.

Тәжібай Жанаев,

шахматтан Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат.

(Жалғасы бар.)

Прочитано 56 раз

Видео

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат»

Газетке Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде тіркелгені жөнінде 2018 жылдың 16 мамырында №17104-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй.

Байланыс телефоны: 2-17-38, 2-17-64

Электрондық пошта: mialy44@mail.ru