Сен сыйға тартқан орамал

Жаңбырлы күн. Аяғымды алшаң басып аялдамаға қарай бет алдым. Үсті-басым малмандай су болып, автобус күтіп отырмын. Көктен жауған ақ жауын себелеп тұр.

Ойымда «автобус қашан келеді» дегеннен басқа ештеңе жоқ. Кенет көп жолаушының арасынан қолында қолшатыры бар сұлу қызға көзім түсті. Бар назарым сол қызға ауып, жаурағанымды да ұмытып кеттім. Сәл жымиды да, қасыма келіп отырды. Енді ғана отырған кезде мен күткен автобус та келді. Қимастық көзқараспен автобусқа жайғастым. Терезеге телміріп бар назарым әлгі қызға ауды. Ол менің қарап отырғанымды сезді ме білмеймін, маған көзінің қиығын салды. Сол-ақ екен автобуста қозғалып, мен оны қимай көзбен шығарып салдым. Қайда барсам да ойымда сол қыз болды. Сол бір сұлу қыз бейнесі жадымнан кетер емес. Күндер өте берді. Бір күндері сол аялдамаға тағы келдім. Ойымда әлгі сұлу қызбен тағы кездесіп қалсам екен деген сезім бар. Осылайша, өткен күнді еске алып отырғаным сол еді. Бейтаныс аруым да келе қалды. Мені көрді де, сәл баяулап қасыма келіп жайғасты. Іштей қуанып отырмын. Бұл маған берілген мүмкіндік еді. Намысқа тырысып қал-жағдайын сұрап, таныса кеттім. Жаныма жақын қабылдадым. Сөйлеген сөзі де, өзі де ерекше. Сұлу келбеті жаныма жылу сыйлайтындай. Арада біраз уақыт өтіп, жақын досқа айналдық. Кей кезде саябаққа серуендеуге шығатынбыз. Күн өткен сайын бір-бірімізге бауыр басып та қалдық. Арадағы достығымыз сезімге ұласып, көз қызығатындай жандарға айналдық.

Күндер осылай өте берді. Күнделікті кездесулердің бірінде жаныма жылу сыйлаған сұлуым жабырқаңқы келді. Себебін сұрағанымда Алматыға 2-3 жылға жұмысқа кететінін айтты. Көңілі түсіп, көзінен жас та шықты. Мен үнсіз отырмын. Қалтасынан өзі үнемі тағып жүретін көгілдір орамалын қолыма ұстатты. «Мен сені күтемін», – дедім де, құшағыма алдым. Екеуміз де үнсіз тұрмыз. Ол баяулап «Көріскенше» – деді де, жылап жүгіре жөнелді. Мен көңілім құлазып, өз-өзіме келе алар емеспін. Қолымда тек оның сыйға тартқан орамалы. Арада ай өтті, жыл өтті. Содан жаздай жадыраңқы көңіл күйім алып ұшып, өзіңмен кездесетін күнді асыға күттім. Уақыт та баяулап өтпей қойды. Көңілім көктемдей құлпырып, жабырқаған жүзім тыйылып, еріксіз жымыйып суретіне қараумен болдым. Осыдан екі жыл бұрын сен сыйға тартқан орамал да қолымда еді. Сені сағынған кезде орамалды жаныма серік еттім. Жабырқағанда жаныма жалау болды. Мұңайып сөнердей шоқ болған кезде жігерімді үрлеген алау болды. Арғымақтай зулаған уақыт құдды бір тоқтағандай күй кештім. Көптен күткен уақытта келіп жетті. Қыстың бет қаратпас аязында вокзалға келдім. Әрине сен сыйға тартқан орамалың да бар. Жанымды жылытар сәтте күннің еп бермес ызғар болуын қарасаңшы. Тұла бойым тоңып, аяқты-аяққа соғып мен тұрмын. Бірақ, көңіліңдегі, өміріңдегі аруды ойласаң жаның жайланып жыли бастайды. Уақыт жақындаған сайын жүрек дүрсілі де соға түсті. Бір орында тұра алар емеспін. Әдетте вокзал кезекшісінің дауысы ұнамайтын. Бірақ, бүгін «Алматы-Атырау» жүрдек пойызы бірінші жолға келіп тоқтады деген сөзі жаныма майдай жақты. Көптен күткен сәт те келді. Сансыз адам ішінен өзі де жаныма ерекше көрінді. Міне бақыт. Мені көріп кілт тоқтады. Қуаныштың жасы еріксіз шықты. Чемоданын тастап маған қарай баяулап жүре бастады. Мен әлі де сенер емеспін. Мен де ілгері жүрдім. Екі жыл ішіндегі сағыныш, оны ойлап жабырқаған күндерім, суретіне телміріп өткен түндерім бәрі-бәрі құшағыма алған сәтте естен ғайып болды. Көзімді тас жұмып, бөлек әлемде жүргендей болдым. Осы күнге дейін мұңайған кезде жаныма серік болып, жігерімді қайрап үміт берген, әрине сен сыйға тартқан орамал еді. Сол орамалды өзіне кері тапсырдым. Себебі, жүрегімді жаулаған аруым менің жаныма мәңгіге келді.

Ақниет Сарбасбай,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті журналистика мамандығының І курс студенті.

Прочитано 112 раз

Видео

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат»

Газетке Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде тіркелгені жөнінде 2018 жылдың 16 мамырында №17104-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй.

Байланыс телефоны: 2-17-38, 2-17-64

Электрондық пошта: mialy44@mail.ru