«Адыра қалғыр заманның, жаратпаймын сүреңін...»

Қызылқоға ауданының қара топырағында дүниеге келген дарынды тұлғалар жетерлік.

Олардың ішінде, «Қазақ» атты ұлттың ауыз әдебиетіне орасан мол үлес қосқан көрнекті ақын, төкпе жырау, шебер айтыскер, сөз зергері Мұрат Мөңкеұлының туғанына 175 жыл болып отыр. Тұтас бір халықтың, елдің тарихын, мұң-зарын, қайғы-қасіретін шегіне жеткізе жырлаған Мұрат ақынның мұрасы ғылыми тұрғыда зерттелген. Мұрат Мөңкеұлы қазіргі әдебиет тарихшыларының мойындағанындай қазақтың ежелгі дәуірдегі ақын-жыраулары Асан қайғы, Доспанбет, Қазтуғанның дәстүрлерін жалғастырушы әрі дамытушы болып есептеледі. Ол туған жерінің төбе, көдесіне дейін тірілтіп, шоқыларына бас шұлғытып жазылған ақын жырлары қазақ даласын жайлаған өз қандастарының елін сүю, ел үшін жанын пида етуге дейін баруға үгіттеу жолында жүрегінің отын маздатып жаға білген, жырларын қанымен бояп жеткізе білген ақын. Сонымен қатар, ақын Мұрат Мөңкеұлының:

«Еділдің бойы – қанды қиян,

Жайықтың бойы – майлы қиян,

Маңғыстау бойы – шаңды қиян,

Адыра қалғыр үш қиян», - деп қазақ даласының шаңын аспанға шығарып, халықтың бұрынғы қаймағы бұзылмаған қалыпты ғұрпын талқандаған озбырлыққа қарсы жан-күйзелісін терең тебіреніспен толғаған «Үш қиян» дастаны өз алдына бір төбе. Ал, «Кертартпа, зарлы заман ақыны» деп қараңғы бұрышта қалдырылған ақын есімі тәуелсіздіктің арқасында шырағы жанып, «Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы» атанды.

Біз кітапханашылар өткен ғасырларда өлкемізде туып-өскен тұлғалардың тарихын, қым-қиғаш тағдырын бастарынан өткерген қиямет-қайым өмірлерін тарихтан оқып-біліп, ұғынудамыз, ұрпаққа жалғастырушымыз. Тарих төрінен орын алған тұлғаларымызды, соның ішінде туғанына 175 жыл толуына орай Мұрат Мөңкеұлының өмірі мен шығармаларын оқырманға жеткізу мақсатында «Туған өлкем – тұнған шежіре» атты өлкетану бұрышының тарихи тұлғаларға арналған бөлімі арқылы үнемі насихаттаудамыз. Сондай-ақ, «Ұрпаққа ұлағатты сөз қалдырған», «Бабалар сөзі-балаларға аманат» деген тақырыптармен де ауызша журнал, дауыстап оқу өткізіп ақынның бүкіл жан-тәнімен адамгершілік, кісілікті, ерлікті дәріптеген жырларын оқытудамыз. Ғасырлар қойнауынан суырылып бізге жеткен ақын жырлары таза шындық өмірден, қазақтың тарихи тірлігінің шырқыраған шындығынан туғандықтан өміршең жырлар.

«Мұрат Мөңкеұлы – зар заманның көрнекті ақыны. Ол патша саясатының қазақтың жеріне қол салуына қарсы болып, жырлары арқылы халқының қонысы мен өрісінің жоқшысы болған ақын. Жер тарылып, заман бұзылып, ел сасқан соң, бұрынғы ұйытқысы бұзылмаған ел тіршілігі көркінен айырылып қуара түскенін өлеңге қосып, бар күшін әлеумет қамына жұмсаған ақын», - деген пікір білдірген болатын Мұхтар Әуезов. Сондай-ақ, Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасын зерттеушілердің бірі Б.Қорқытов:

- Мұраттың өзіне тән ерекше бір қыры ол ғұлама шежіреші болған. Қандайма ақын болмасын бұрынғы өткен-кеткенді білмек парыз, бірақ тарихшы-шежіреші болу міндет емес. Бұл жағынан келгенде Мұрат басқалардан бөлекше, бұл қасиет тек Мұратта бар, -дейді. М.Мөңкеұлының өзіне дейін де, кейін де ешкім толғамаған, шығара алмаған, басқаның толғап шығаруы мүмкін де емес, екі дастан-толғауы бар. Ол «Үш қиян» мен «Сарыарқа». Бұларды жырмен жазылған қазақ тарихы десек артық емес. Қарасаң қарапайым ғана дала қазағы, үңілсең-ғұлама, шежіре, дана, болашақты болжаған сұңғыла. Сұңғыла деуімізге:

«Мен қауіп еткеннен айтамын,

Ақ борықтай иілген,

Кейінгі туған баланың,

Ұстай ма деп білегін

Шая ма деп жүрегін

Шашын,мұртын қойдырып

Ащы суға тойдырып

Бұза ма деп реңін

Адыра қалғыр заманның

Мен жаратпаймын сүреңін», - дегені сөзімізге дәлел бола алады. Бұдан асқан жері үшін, баланың болашағы, тағдыры үшін тебіренудің өзге көрінісі болар ма? Дана бабамыздың күйінуі, қаупі тегін болмағандығына біз бүгін куә болып отырған жоқпыз ба?

Отаршылдық ойранына куә болған ақынның болжамы жақындап келе жатқан заманның жұмбақ саясаты ойын ойран етіп, көңілін күпті еткенін көре аламыз. Өз заманындағы көп белгіден топшылап сол күн бола ма деп қайғы шеккен ақынның боямасыз суреттелген көрегендік сөздерін оқыған сайын бір жаңалық ашқандай таң қаламыз. Ақынның жүректі шымырлатар, намысты қамшылатар алмас жырларын ұрпаққа насихаттап, санасына сіңірту парызымыз. Осы тұста, «Бұрмасы жоқ тарихи шежірені, боямасы жоқ қилы заманды оқып, түгел қамту үшін, өлеңге шөлдеп сана қоңылтақсығанда - Мұрат мұрасына жүгінелік» - деген тарихшы Б.Омаровтың сөзі ойымызды қорытындыламақ. Ендеше, қалың оқырманды осындай қайталанбайтын құндылықты бізге тарту еткен Мұрат Мөңкеұлының мұрасын оқуға шақырамын.

Роза Әбілханова,

аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі.

Прочитано 163 раз

Видео

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат»

Газетке Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде тіркелгені жөнінде 2018 жылдың 16 мамырында №17104-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй.

Байланыс телефоны: 2-17-38, 2-17-64

Электрондық пошта: mialy44@mail.ru