060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Туған жердің тұлғалары (Ақын өлеңдерінде өңір адамдарының кейіптелуі хақында)

Осыдан отыз жылға жуық уақыт бұрын академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың ғылыми жетекшілігімен зар заман поэзиясының айтулы өкілі Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасын зерттей бастаған кезімізде ақын ғұмыр кешкен жерлерді түгелге жуық шарлап шыққан болатынбыз.

Сондықтан, мен үшін Миялы мен Мұқыр, Тасшағыл мен Сағыз, Қарабау мен Қаракөл сынды тарихы бай, дәстүрі берік елді мекендері бар Қызылқоға ауданы қашан да ыстық. Ғылым жолына түскен алғашқы сапарымда арнайы жолығып, әңгімелескен Атыраудың қазыналы қарттарынан баға жетпес мол мәлімет алдым.

Бұл күндері Мұрат туған топырақтың аңыздары мен абыздарын өзіме жақынырақ таныстырған Берік Қорқытов пен Үмбетияр Есжановты, Дияр Жолаев пен Тауман Қосшиевті, Құспан Есбосынов пен Жөкес Кенжеғалиевті, Бердеш Есбосынов пен Қырықбай Бекбаевты, Төлеп Тілегенов пен Макар Қаражановты, тағы басқа асыл ағаларымды құрметпен еске аламын. Осы аталған азаматтардың біразы қасиетті Қызылқоғаның тумалары еді. Бір кезде «Мұраттың Қарабауы – Абайдың Жидебайы секілді дәріптелуге тиіс киелі мекен» деп жазғанбыз. Сол ойымыздан қазір де айнығанымыз жоқ. Осыған орай, өздеріңізге ұсынып отырған бұл мақаламызда ақынның өзі туып-өскен өлкенің адамдарына арнаған өлең-жырларын тілге тиек етпекпіз. Қазақ поэзиясының көрнекті тұлғасы Мұрат Мөңкеұлының соңында қалдырған әдеби мұрасының біраз бөлігі – арнау өлеңдер. Бұл шығармалар оның өз заманындағы белгілі бір кісілерге арналып айтылған. Олардың қай-қайсысы да тарихи деректілігімен, айрықша мазмұнымен, көркемдік қуатымен ерекшеленеді.

Мұраттың арнау өлеңдерінің әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Мәселен, «Қыз» деген өлеңі, Атырау өңіріндегі көнекөз қарттардың айтуынша, Адай қызының ұзатылу тойына арналған көрінеді. Ал, «Еліне жазғаны» деген хат түріндегі өлеңді мазмұнына қарап Маңғыстауда дүниеге келген шығармаларының қатарына жатқызуға болады. Ақын елге деген сағынышын ауылда қалған азаматтарға өлеңмен сәлем жолдау арқылы жеткізеді.

Дұға де Мәкен, Сыйғыт, Шеруенге,

Тайсойған, адыра қалғыр, ит Қарабау,

Ат мініп, киім киген жерім еді.

Есіме Беріш жігіті түсіп кетсе,

Көзіме қай-қайдағым көрінеді...

Бұл өлеңнің 1924 жылы Ташкентте Халел Досмұхамедұлы жариялаған нұсқасында 1880 жылы жазылғаны көрсетілген. Оның үстіне хаттағы: «Жетер ме Маңғыстаудан айтсам сәлем, Қоныста-ай еркелеткен қылаңдарға», – деген жолдардың өзі Адай жұртының арасында туған өлең екенін айғақтап тұр. Туып-өскен жерін әбден сағынған ақын ауылдың үлкен-кішісін еске алады: «Дұға де Дінтұрғанға, Дүйімбаян, Пенденің қылған ісі аллаға аян...», «Ақсақал, дұға деңіз Бәшен байға, Кей адам түсінбейді айтқан жайға...», «Дұға де Жауһар менен Амандарға, Кез болдық мұндай қысаң замандарға...», «Сәлем де Айжарыққа, Алдаберген, Дүние өтті бізден дөңгеленген...», «Дұға де Барпы, Бопан, Дәрібайға, Тап болдық елден кетіп біз мұндайға».

Ақын өз басына түскен қасіретке налыса да, «Алланың салғанына амал бар ма?» деп тағдырына мойынсынады. Күндердің күнінде жағдайы оңалса, елге қайтпақ ниетін де сездіреді: «Мал бітіп, әлде болса жұрт көрерміз, Кезекті бұл дүниеде ауытқыған». Мұраттың «Еліне жазғаны» атты хат-өлеңі мазмұны жағынан «Сарыарқа» толғауымен үндес дүние.

Мұрат Мөңкеұлының шығармашылық өмірбаянын айшықтай түсетін мұрасының бірсыпырасы – би-болыстарға айтқан арнау өлеңдері мен жиын-тойлардағы жырлары. Бұл өлеңдерден ақынның мінез-құлқы, өскен ортасы, өмір сүрген кезеңі жайында мол мәлімет алуға болады. Өлеңдердің дені өзінің туып-өскен жерінің азаматтарына арналған.

Ақынның Байбақты Ғұмар Қазы ұғлына, Тұрабай болысқа (кей нұсқаларда Далабай делінеді), Бегалыға, Айжарыққа, Қожа болысқа, Боранбайға айтқан өлеңдері – бір тектес туындылар. Тек Ғұмар Қазыұғлына айтқаны ғана мадақ өлең. Қалғандары би-болыстарды сынап-мінеп, кекетіп-мұқатқан сықақ түріндегі жырлар. Бұл шығармалар Мұраттың мысқыл мен әжуаға өте шебер екенін айғақтайды.

Ысқақ Дүйсенбаев «Ғасырлар сыры» атты кітабында «Байұлы Байбақты Ғұмар Қазы ұғлына Мұрат ақынның айтқаны» деген өлеңді талдай келе мынадай баға береді: «Қорыта айтсақ, Мұрат бұл өлеңін панигерик үлгісінде жазса да, оның көркемдік жағы онша емес, шынайы шабыттан, сұлу сезім тебіренісінен туған айшықты сөздер, әсерлі шумақтар жоқтың қасы, көбінесе сылбыр баяндау, сырт сипаттау, солғын сүреңсіз жолдар көп». Білікті ғалымның бұл пікірін мына тұрғыдан түсінген жөн. Шынында да, ақын Ғұмарды, Қазыны, оның әулетін мадақтаймын деп бар асылды солардың бастарына үйіп-төгеді. Әсірелеу тіркестерін де көп қолданады: «Алтынсың азбайтұғын жеті атаңнан, Айнымай келе жатырсың қалыбыңнан», «Ұл туып Қазы, Жүсіп, Сырекеден, Пайдасы астананың табылынған», «Дем тартсаң аждаһадай үйде отырып, Кіші жүз шыға алмайды бауырыңнан», «Бұқара – көлде отырған қоңыр үйрек, Сіз болдың аспандағы қара лашын»...

Бұл – арнайы бір мақсатпен айтылған сарай ақындарының сұлу сөздері сияқты мадақ өлең. Жүректің түкпірінен нәр алып, көңіл күйдің шынайы әсерінен шыққан қуатты жыр деуге келіңкіремейді. Бәрібір, соның өзінде өлеңнің өн бойынан ақындық арынды күштің екпіні сезіліп тұрады. Әйтсе де Ғұмар Қазы ұғлын мадақтау жыры Мұраттың ақындық деңгейінен көп төмен жатыр. Ақын отарлаушылардың озбырлығына налып, «Сарыарқа» мен «Үш қиянды» жырлаған кезде жан-жүрегімен егілген. Өйткені, халықтың мұң-зарын жырлауға келгенде Мұраттың көкірек кенішінен өлең сөз маржандай саулайды. Оның ағыл-тегіл ақтарылған жырларынан бір кінәрат таппайсың. Ел-жұрттың тағдыры, ауыр халі, қайғы-мұңы көкірегіне сәуле түсіргенде Мұраттың ақындық қуаты құдіретке айналады. Ғұмар Қазы ұғлының әулетін, бақ-дәулетін қызыл тілдің майын тамызып, жер-көкке сыйғызбай қаншама дәріптегенімен еркін көсіле алмауының сыры осында. Ал, егер сол адамды сынап-мінеу керек болса, Мұрат алдына жан салмас еді.

Ақынның бірсыпыра өлеңдері би-болыстарды әжуәлауға арналған. Мұраттың айтысқа түскенде жеңіске жеткізетін ащы әзілі мен мысқылы осы шығармаларынан да анық байқалады. Жыр жүйрігі өзін олармен тең дәрежеде ұстап, ойына оралған сөздерін емін-еркін айтатын болған. Ақынның бұл сипаттағы арнау өлеңдерінен «1863 жылғы реформадан кейінгі қазақ даласында пайда болған ел билеуші топтардың бейнесін жазбай танимыз» (Қ.Сыдиықов, Ш.Керімов). Елдің қамын емес, тек билікті ғана ойлайтын болыстар Мұрат өлеңдерінің нысанасына іліккен.

«Бірде руы Себек Беріш Шеркешбай деген кісі Қарақожа болысты үйіне шақырғанда Мұратты төрге шығарып, астына көрпе салып жүргенде Қарақожа: «А, Шеркешбай, тәрбиелеп жүрген мынауың кім?», – депті. Сонда Шеркешбай: «Мұрат деген ағамыз осы ғой», – деп жауап береді. «Бұл Мұрат болса, мені мақтап өлең шығарсын», – дейді болыс (Орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қоры. 1303 бума, 2-дәптер). Сол кезде ақын былай депті:

Әкеңіз бізге мағлұм Құлбас еді,

Тызылдап қолды-аяққа тұрмас еді.

Темекі көк дәрімен қосып сатып,

Болғанда қой жұмыртқұрт тынбас еді.

Тарттың да нағашыңа адам болдың,

Сендей ұл Қашқыншыдан тумас еді...

Ал, «Боранбайға айтқаны» дейтін өлеңнің шығу тарихы мынадай. «Есен Беріш Боранбайдың баласы Есенғали правитель үйіне ояз Завьяловты шақырады. Қонақтардың үстіне Дүйсенбі деген старшын мен Мұрат келеді. Боранбай Дүйсенбіге «Жоғары шық», – дейді де, «Қонақ үстіне қонақ, шиқан үстіне жара болып осы Мұратқа не жоқ екен?», – деп күңкілдейді (ОҒК., 1303 бума, 2-дәптер). Сонда Мұрат былай деп жырлапты:

Есенғали болыстың,

Арғы атасы Әліқұл,

Қошетер мен Құттыбай,

Тұқымының бәрі құл.

Ас қорыды әкең Боранбай,

Ұяты кеткен кәрі құл.

Дастарқандағы асын қызғанып, қытымырлық танытқан

Боранбайды ояздың алдында әбден келекелеп, Есенғалидың шыққан тегін мансұқ еткен ақын назарын болыстың өзіне де аударады:

Боранбай мал бақпайды, ас бағады, Қасынан төсегінің бас бағады. Жаманнан жақсы туған жігіт ед деп, Халыққа әкім қойды жас баланы.

Ақын билікке таласып, бір-бірінің жағасын жыртысқан өзге болыстарды да мазақ етеді. Далабай болысқа (кейбір нұсқаларда Тұрабай), болыстыққа таласып жүргенде етке қақалып өлген Айжарық биге айтқаны – осы сипаттағы өлеңдер. Тұрабайды Мұрат ақын: «Сулы көз хакім болып іске айналса, Қазанды кім құрады көксағадан?», – деп келемеждесе, билікке таласам деп ажалын тапқан Айжарық биді: «Жаман менен жақсының, Жер мен көктей арасы. Бұзаудың етін шикі жеп, Сонан да болды, білемін, Айжарық бидің жаласы», – деп әжуәлайды.

Айтыс ақындары қашанда той-думанның көркі болған. Алқалы топ арқалы ақындарға тойбастар айтқызып, жаңа түскен жас келіннің бетін ашқызған. Атақ-даңқы қалың елге кең танылған Мұрат та Атырау, Маңғыстау өңірінде өткен тойларды жырмен бастаған, ойын-сауықтың сәнін келтірген ақын. Тойбастар құрметіне ие болу үшін Жаскелең ақынмен айтысып, оны тізе бүктіргені белгілі.

Мұрат Мөңкеұлының екі тойбастар өлеңі ғана сақталған. Бұл өлеңдерді басқа шығармаларына қоса Берік Қорқытов 1947 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің бірінші курсында оқып жүрген кезінде Мұраттың баласы Дәулетқалидың аузынан жазып әкеліп тапсырған.

Бірінші өлең «Қаратоқай Беріш Есеттің баласы Аман мырзаның қыз ұзатуындағы той-бастары» деп аталады. Аман – әйгілі Есболай батырдың ұрпағы. Есболайдан – Итемген, Итемгеннен – Табылды, Қара, Мәтен, Қабыл, Қалдыбай туады. Қарадан Дәрі мен Есет тарайды. Жұртшылыққа шешендігімен, батырлығымен танылған Есет Қараұлы – Мұраттың алғашқы ұстазы. Есеттен – Нұржан, Қали, Қалмен, Шаухар, Аман, Өтеміс, Ыбырай туады. Мұрат сол Аманның қызының ұзатылу тойын бастаған. Ақын әдетінше би-болыстарды мадақтау дәстүрімен Аман мырзаның ата-тегінің мықты адамдар екенін дәріптейді:

Итемген Есболайдың баласы еді,

Қосылған жеті арнаның сағасы еді.

Байұлы он екі ата ел болғанда,

Қайраты қай қазақтың талас еді?

Беріш бар жеті баулы санағында

Бәрінің Есболай бай ағасы еді.

Осындай текті әулеттен шыққан Аман мырзаның қолы ашық, жомарттығын да аңғартып өтеді: «Той қылып, жұрт шақырдың, Аман мырза, Есболай, Шеруен бай, тамам мырза. Тарылғанға ат беред, ашыққанға ас, Келеді Беріш тарылса саған, мырза».

Бұл өлең мағынасы жағынан Мұраттың «Байұлы Байбақты Ғұмар Қазы ұғлына айтқаны» дейтін өлеңіне ұқсас. Екі өлеңде де бабаларды мадақтау, солардан өрген ұрпақты дәріптеу сарыны бар. Мұраттың сипаттамасынан Ғұмар Қазы ұғлының мінезі қаһарлы, айбатты екенін аңғарамыз: «Айбаттың артық еді арыстаннан. Шулатып ақсүйектен кегін алған». Ал, тойбастар жырда Аманның мейірбандығы, мырзалығы, жұртқа жайлылығы көбірек сөз болады: «Ауылсың шеңгел толып мақтағандай, Мен жүйрік айтар сөзге тоқтамандай, Қатардан асқан жансың мырзалығың, Дүниеден бір күн ауып кете қалсаң, Артыңнан Беріш баласы жоқтағандай». Тойға жиналған қауымның делебесін қоздыру үшін Мұрат тойбастар өлеңдерін осылай үнемі желдіртіп, мақтау-марапаттауды басымырақ етіп айтқан.

Жайық Беріш Сыйғыт деген кісінің тойын да Мұрат бастаған. Сыйғыт – Атырау өңіріне белгілі болған атақты Алдар бидің ұрпағы. Алдар Ерназарұлынан Есенбай, Тілеке, Меңдеке, Таймас, Тайтоқа туады. Сыйғыт – Тілекеден тарайтын Байнақ деген кісінің баласы. Мұраттың «Оқудан қайтқан жігітке» деген өлеңі Алдар бидің шөбересі Дәулетүмбетке арналған. Ақын «Еліне жазғаны» деп аталатын хат түріндегі өлеңінде Сыйғыттың есімін де атап өтеді.

Мұраттың бұл тойбастары да алдыңғы өлең сарындас.

Той қылып ұзатып тұр Сыйғыт қызын,

Ер жігіт ұмытпайды татқан тұзын.

Әншейін қара қазақ менсінбедің,

Сен іздеп барып алдың төре қызын.

Бұл өлеңде ақын Сыйғыттың ата-бабасын, өзін жер-көкке сыйғызбай мақтап қана қоймайды, ұзатылып жатқан қызға арнап бір ауыз айтады. Тегіне тартқан көргенді ұрпаққа ақ ниетін білдіреді.

Он жаста оймауыттан үлгі алған қыз,

Кеудеге ақыл-сана қолданған қыз.

Дүние бізден бір күн өтер ау деп,

Күніге неше түрлі қырланған қыз.

Ақылың қатарыңнан артық туған

Кем емес Асау менен Тұрланнан, қыз.

Тойбастар жырдың осы жолдары Мұраттың «Қыз» деген өлеңін еске түсіреді. Ақын «Қыз» атты өлеңінде де қазақ аруының сән-салтанатын дәл осы буын-ырғақтан айнымай, келістіре суреттейді: «Бұлаңда, дәурен өтпей басыңнан қыз, Сүйегің жаратылған асылдан қыз...». Ақынның тойбастар өлеңдері оның халықтың еркесі, жиын-тойдың ұйтқысы болғанын дәлелдейді. Мадақ жырлардың өзінен Мұраттың айшықты өлең өрнегі анық аңғарылады.

Қорыта айтсақ, Мұрат Мөңкеұлының арнау өлеңдерінде оның ақындық қуаты, шығармашылық шеберлігі, адами келбеті айқын байқалып тұрады. Бұл туындыларда осыдан бір жарым ғасыр бұрынғы Қызылқоға мен Дендердің байырғы тұрғындарының болмыс-бітімі, тек-тұлғасы, бет-бейнесі көрініс тапқан. Сондықтан, мұны ақын мұрасының маңызды бір бөлігі ретінде қарастырған жөн. Мұрат жырлары сонысымен де құнды.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ, Қазақстан ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор. (Арнайы «Қызылқоға» газеті үшін)

Редактор-Журналист

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?