Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

МЕКТЕПТЕР ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫН БА?

Оқушылардың сапалы білім алып, әлемдік білім кеңістігіне емін-еркін енуі түптеп келгенде ұстаздар біліктілігіне, заманауи талаптарға сай мектептің материалдық-техникалық базасына байланысты.

ppppppppp

Кезекті оқу жылы аяқталысымен аудандағы барлық білім ордаларында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қолға алынған болатын. Аудандағы он жеті мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұған жергілікті бюджеттен 8 миллион 643 мың теңге бөлініп, мектептерде әктеу, сырлау жұмыстары жүргізілді. Аудандық білім бөлімі мамандарының айтуынша, қазір білім ордаларында жай жөндеу жұмыстары толық аяқталып, дайындық актісі жасақталуда. Сондай-ақ, Мұқыр, Кенбай, Тасшағыл, Қаракөл, Жаңашаруа, №9, Х.Досмұхамедұлы, Б.Аманшин, Ш.Еркінов атындағы орта мектептерге ішкі әжетхана орнату үшін 16 миллион теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда Мұқыр, Тасшағыл орта мектептерінде құрылыс жұмыстары қарқын алды. Ал, мердігер компанияның жауапсыздығынан Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектепте бұл жұмыс әлі басталмай тұр. – Оқу жылы аяқталысымен парталға жарияланып, жеңімпаз мердігер компаниялармен шарт жасалды. Бірақ, ұтып алған екі мердігер компания да жұмысқа жауапкершілік танытпады. Мемлекеттік тапсырыс конкурсында жеңіп шыққан мекемелердің барлығына бір талап қойылады – жоғары сапа мен нысанды бекітілген мерзімде тапсыру. Уақытылы басталмаған соң біз шартты бұздық. Қазір тағы да мемлекеттік тапсырыс конкурсы жарияланды. Енді нәтижесін күтіп отырмыз. Ал, сыртқы әжетхананың құрылысы аяқталып келеді,-дейді Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектеп директоры Гүлшара Сары.

yvayayvayaytsua

Биыл Қызылқоға ауылдық округіндегі Қарабау орта мектебі күрделі жөндеуден өткізілуде. Осы мақсатқа аудандық бюджеттен 89 миллион теңге бөлінді. Осыдан қырық жыл бұрын іргетасы қаланған бұл мектеп осы уақытқа дейін күрделі жөндеу көрмеген-ді. Бүгінде білім ошағының төбе шатыры ауыстырылды. Ғимараттың есіктері мен едені, электр желілері жаңартылды, мектеп ауласына өрнектас төселіп, шарбағы қоршалуда. Бұл жұмыстар мердігер компания «Симва» ЖШС құрылысшыларының күшімен жүзеге асырылуда. Осындай ауқымды істердің басы-қасында жүрген мердігер компания өкілі, құрылысшылар бригадирі Ерлан Елемесовті әңгімеге тарттық. – Жоба бойынша ауытқушылық жоқ. Аталған жұмыстар тамыз айының жиырма бесіне толық аяқталады. Бүгінгі таңда жұмыстың сексен пайызы бітіп тұр. Құрылысқа серіктестіктің жұмысшыларынан бөлек ауылдан қосымша алты адам жұмысқа тартылды. Құрылыс материалдары да жеткілікті,-деді ол. Мектеп директоры Абзал Шоқанның айтуынша, жаңа оқу жылында мектепте 160-тан астам оқушы білім алады. Оларға алпысқа жуық ұстаз білім береді. Енді міне, алдағы оқу жылын мектеп ұжымы күрделі жөндеуден өткен білім ошағында қарсы алмақшы. Күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан бұл мектеп жаңа оқу жылында оқушылардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына негіз болады деген сенім бар.

Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521