060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Ұлттық бірыңғай тест: көрсеткіш көңілден шықпады

Міне, көптен көңілді күпті етіп, талай ұйқысыз түндерді өткізуге себепші болған ұлттық бірыңғай тесті де көзді ашып-жұмғанша өте шықты.

Маусымның 21-і күні Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектепте аудан бойынша биыл мектеп бітірген 377 түлектің 233-і қатысқан білім сынағы өтті. Бұл күні әдеттегідей ертеңгілік мектеп ауласына жиналған оқушылар аудиториялары бойынша сапқа тұрып, кезекпен ішке енді. Мектеп ішінде оларды мемлекеттік комиссия өкілдері металіздегішпен тексеріп, аудиторияларына апаруда. Бұған дейін қаншама сынақ өтсе де тексеру барысында әлі күнге дейін бір көрініс қайталануда. Ол түлектердің ұялы телефон, «шпаргалка» сынды тыйым салынған заттарды тығып өтуге әрекеттенгендері болып отыр. Заманауи құрылғыны «алдап» өтпекші болған олардың бірі тыйым салынған заттарды киімдерінің ішкі қалталарына тығып келсе, бірі аяқ киімдеріне жасырған. Дегенмен олардың бұл істері нәтиже бермей, тықпалардың барлығы да ішке енбеді. Сонда бұл тексерістен өткенімен аудитория ішіндегі бейнебақылауға түсіп қаламыз-ау деп ойламай ма екен? Қанша жерден айтылып, түсіндіріліп жүрсе де осы көрініс жыл сайын қайталанып келеді. Түлектердің барлығы тексерістен өтіп аудиторияларына жайғасқан соң, сынақ кітапшалары таратылып, сағат 9:20 шамасында ұлттық бірыңғай тест басталды. Балалары ішке енген соң ата-аналар да мектеп алдында көп тұрақтамай, олардың қалай тапсырғандарын онлайн жүйесімен ғаламтор арқылы көру үшін үйлеріне асықты.

Түлектердің білімдерді сарапқа салуға берілген 3 сағат 50 минут аяқталып, қорытынды да шықты. Нәтижесінде, шығармашылық бағытта сынақ тапсырғандарды қоспағанда орта балл 64,3 пайызды құрап өткен жылмен салыстырғанда (өткен жылы 67,9 пайыз) 3,6 пайызға төмендеп отыр. Мектептерінің мерейін асырған алты түлек 100-ден жоғары балл жинаса, ең төменгі балл – 30. Ең жоғары 113 балды иеленген мұқырлық Айбол Базар мен Жаңашаруа орта мектебінің түлегі Нұрпейіс Меңдіғалиұлы. Шығармашылық бағытта сынақ тапсырған 52 түлек бейіндік пәндерін өздерінің түсетін оқу орнынан тапсыратын болды. Білім бәсекесінде жақсы көрсеткіш көрсетіп, шығармашылық бағытта сынақ тапсырғандарды қоспағанда орта есеппен 77,2 балл жинаған Жаңашаруа орта мектебі көш бастаса, 72,7 баллмен Тасшағыл орта мектебі екінші орынды, 70 баллмен №9 орта мектебі үздік үштікті аяқтады. Соңғы орында 51 балл көрсеткішпен Қаракөл мектебі тұр. Тест сынағы өткеннен кейінгі келесі күні апелляциялық шағым қабылдау күні болып белгіленгенімен, ешкім апелляциялық шағым түсірмеді. Міне, мектеп бітірушілерді, ата-аналар мен ұстаздарды жыл бойы толғандырып келген ұлттық бірыңғай тесті де аяқталып, өз мәресіне жетті. Он бір жыл бойы ұстаздарынан алған білімдеріне сай тиісті бағаларын алған түлектер бұл күндерді сағынышпен еске алатын болады. Олардың алдында тұрған ендігі міндет – таңдаған мамандық иесі атанып, еліне қалтқысыз қызмет ету.

Бауыржан Сақтасинов.

Редактор-Журналист

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?