Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

"Халел аллеясы" ашылды

Соңғы жылдары мектеп бітіргендеріне бірнеше жыл болған түлектердің өз ауылдарына, мектептеріне келіп, ерекше сый мен ізгілікті іс жасауы дәстүрге айналды.

Бірі жарыс, ұтыс ойындарын өткізсе, енді бірі мектепке компьютер мен жаңа технологиялар алып беріп жатады. Сондай игі істің бірін жақында Халел Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің 1988 жылы бітірген түлегі Жарас Ізғұлов пен 1998 жылы бітірген түлектер жасады. Олар мектептің ауласына Халел Досмұхамедұлының қоладан құйылған мүсінін тұрғызып, «Халел аллеясын» салып берді. Өткен аптаның бейсенбісі күні аталмыш аллеяның ашылу салтанаты өтіп, оны аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев құттықтау сөзбен ашып, игі істі жүзеге асырып жатқан түлектерге алғысын білдірді. Содан кейін сөз алған Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, белгілі журналист, халелтанушы Төлеген Жаңабаев Халелдің ел үшін жасаған ісі мен өмірбаянына тоқталып, «Ортаңа Халел оралды» атты өлеңін оқып берді. Сондай-ақ, салтанатты шарада ескерткіштің бас демеушісі болып отырған Жарас Ізғұловтың анасы Қаламқас апамызға сөз берілді. Ол баласының ел үшін жасап жатқан игі ісіне қуанып, оған сабақ берген ұстаздарына аналық алғысын жеткізді.

Сонымен қатар, ашылу салтанатында 1998 жылғы түлектер атынан сөз алған Марат Әбуов:

– Кез келген істі бастағанда өзіндік мәселесі мен қиыншылықтары болады. Мектеп бітіруші түлектер осы ескерткіш салуды қолға алғанда бағасы қымбат, жасатуы да күрделі шаруа көрінген. Сол кезде осы мектепті 1988 жылы бітірген Жарас ағамыз өзі қолға алып, туған жері мен оқыған мектебіне үлес қосуды жөн санады. Сөйтіп, Астанадағы арнайы ескерткіштер мен бюсттерді құятын кәсіпорынмен келісімшартқа отырып, үлкен істі бастап кетті. Бұл еліміздегі «Тәуелсіздік монументі», «Үш би» ескерткіші сияқты атақты туындыларды жасаумен аты шыққан кәсіпорын екен. Жарас Төкенұлы Халелдің ескерткішін табиғаттың тосын мінезіне шыдас беретіндей етіп, қоладан құюды жөн көрді. Сөйтіп, материалдарын арнайы Ресей елінен алдырған кәсіпорын шеберлері ерекше ыждағаттылықпен кірісіп, бар-жоғы екі айда бітіріп берді. Ескерткіш біткеннен кейін оның астындағы тұғыры мен жанындағы үстелдері, өрнектастар мен жарықшамдарын 1998 жылғы түлектер жасады. Осындай ауызбірліктің арқасында Халел аллея-сы халық игілігіне ұсынылып отыр. Ендеше, оны қызғыштай қорғап, елдігіміз бен бірлігімізді арттыра берейік, – деді.

Содан соң, аталмыш аллеяның ашылу салтанаты өтіп, оның лентасын аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев пен ауданның Құрметті азаматы, халелтанушы Төлеген Жаңабайұлы қиды. Сол жерде жиналған жұрт құтты болсын айтып, үлкендер шашу шашып, мәре-сәре болды. Бұл аудан халқына жасалған ерекше сый болды.

Дулат МӘТЖАН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521