Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Елде тұрақтылық орнады

Кеше теледидардан Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған үндеуін тыңдадық. Онда Елбасы Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттілігін тоқтататындығын мәлімдеді. 30 жылға жуық елімізді басқарған Н.Ә.Назарбаевтың еңбегінің зор екендігі баршамызға белгілі. Осы уақыт ішінде ол өзінің сарабдал саясаткер екендігін көрсете білді. Әсіресе, тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы қиыншылықтарда еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру үшін нақты шаралар қабылдап, аянбай тер төккенін бәріміз де білеміз.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық экономикаға көшу жолына түсті. Бұл ретте, елімізде нарықтық экономикаға көшудің алғашқы кезде үш кезеңі белгіленіп, Жоғарғы Кеңестің сессиясында мақұлданған соң Президенттің Жарлығымен бекіді. Көптеген жаңа заңдар, реформаны жүзеге асыруға қажет басқа да құжаттар қабылданды. Бұлардың барлығы да Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей басшылығымен жүзеге асты. Сол жылдары қабылданған «Қазақстан¬-2030» стратегиясы әлемдегі ең бір қауіпсіз, тұрақты, экологиялық орнықты елге айналуына бағытталған ұзақ мерзімді даму жолын белгілеп берді. Ондағы міндеттерді орындауда Елбасының қолдауымен нақты жұмыстар атқарылып, меже биігінен ерте көрінді. Бұл орайда, біздің ауданымызда да көптеген жұмыстар іске асты. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында мектептер мен емханалар бой көтерді. Жол салынып, газ, ауызсу желілері тартылды. Сөйтіп, Қазақстан әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына енді. Ал, Президенттің «Қазақстан- 2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты стратегиялық бағдарламасында көрсетілген міндеттерді жүзеге асырсақ Қазақстан дамыған 30 елдің ортасынан табылары ақиқат. Еліміздің бұл межеге жетуі үшін жас ұрпақтың білімді, дені сау азамат болып өсуі қажеттігін терең сезінген Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған әр жылғы Жолдауларында білім мен денсаулыққа айрықша мән беріп келеді. Жастар мәселесі де көзден таса қалмады. Биылғы жыл-дың Жастар жылы деп қабыл-дануы – соның айғағы.

Ең бастысы елімізде бейбітшілік, тұрақтылық орнады. Жыл өткен сайын халықтың әлеуметтік жағдайы арта түсті. Алпауыт елдер егемен елімізбен санасып, дипломатиялық қатынастыр орнатып келеді. Сайып келгенде, мұның бәрі Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының, ерен еңбегінің жемісі екені даусыз.

Серік ТАУМАН,

ардагер ұстаз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521