Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жоспарсыз даму болмайды

Ауыл – әр қазақтың ат байлар қазығы, ата қонысы екені белгілі. Соны ескерген Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдаулары мен бағдарламаларында ауылдарға жағдай жасауды, көңіл бөлуді назардан тыс қалдырған емес. Соған сай, осы аптаның дүйсенбісінен бастап аудан әкімі Арман Баженов пен мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали бастаған бөлім, мекеме басшылары, мәслихат депутаттары ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен кездесуде.

 

Басты мақсат – ауылдық округ әкімдерінің алдағы уақытта жасалатын жұмыстарымен танысып, тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түру. Сонымен қатар, барлық ауылдық округте айтылған ұсыныс-тілектерді зерделеп, ауданның кешенді даму жоспарына енгізу.

Алдымен Жангелдин ауылдық округіне ат басын бұрған аудан басшылары алғашқы жұмыстарын онда салынып жатқан әкімдік ғимаратының құрылысымен танысудан бастады. Бұл орайда, аудан басшысы округ әкіміне аталмыш ғимараттың сапалы әрі уақытылы бітуін қадағалауды тапсырды. Содан кейін, Жангелдин мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездескен аудан әкімі алдымен округ әкімі Аязбай Оразовтың алдағы уақытта жасалатын жұмыстарымен бірге ауылды дамыту жоспарымен танысты. Хабарлама жасаған округ әкімі 2018-2020 жылдар аралығында ауылда шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында наубайхана, мейрамхана ашу, шаруашылық және киім-кешек дүкендерінің құрылысын аяқтау, шаруа қожалықтарын көбейту алдағы жоспарда тұрғанын айтса, халық игілігі үшін балаларға арналған ойын алаңы және мұз айдынын салу, ауыл ішін жарықтандыру, спорт мектебі мен дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізу, сияқты жұмыстар кешенді даму жоспарына тоқталды. Осы ретте аудан әкімі Арман Баженов:

– Кешенді даму жоспарын жасағанда халықпен ақылдасып, кеңесіп отыру керек. Осы ауылдың тұрғындары есебінде олардың да айтқанына құлақ түрген абзал. Мемлекет басшысы есеп беретін мемлекетті қалыптастыру керектігін айтқанын білесіздер. Бұл дегеніміз – азаматтық қоғамды дамыту, халық алдында ашық, жариялы түрде жұмыс жасау, – деді. Бұдан соң жиынның күн тәртібіне сай Миялы орта мектебінің директоры Ғайса Қанат мектептің білім деңгейі, оқушылардың тәртібі, ҰБТ-ға дайындық туралы хабарлама жасады.

Кезек одан әрі ауыл тұрғындарына беріліп, олар көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Ауыл халқын мұқият тыңдаған аудан басшысы әр сұраққа тұшымды жауап бере отырып, ауылдың дамуы мен өркендеуі жолында атқарушы билік пен бұқара бірге жұмыс жасауы қажет екендігін баса айтты. Бұдан соң аудан әкімі Арман Сырымұлы ауыл халқын жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі жұмысқа орналасу, тұрғын үймен қамту, материалдық көмек алу жайлы сауалдар қойып, оларға заң шеңберінде тиісті жауаптар берілді.

Меморандумға қол қойды

Жангелдинде болған кездесуден соң аудан басшылары Ойыл ауылдық округіне ат басын бұрып, «Шалқыма» мәдениет үйінде ауыл халқымен кездесті. Жиынды ашып жүргізген аудан әкімі Арман Баженов кездесудің мәні мен маңызын халыққа түсіндіріп өтті. Содан кейін округ әкімі Мағжан Жексенов алдағы уақытта жасалатын жұмыстар мен ауылдың даму жоспарын баяндады. Округ әкімінің сөзінен білгеніміз биылғы жылдың өзінде ауылда «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында біраз игі істер жасалмақшы.

Олардың ішінде бұған дейін өзекті болып келген орталық саябақтарды қайта жаңғырту, көшелерді жарықтандыру, «Шалқыма» мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу, кәсіпкерлікті дамыту, егін егу жұмыстарын ұйымдастыру, Аққора елді мекеніне балалар ойнайтын алаң салу және қоқыс төгетін жер дайындау сынды бірқатар жұмыстар бар. Сонымен қатар, бруцелез ауруының алдын алу мақсатында жануарларды ветеринариялық өңдеуге арналған өткелек салу, өр суынан корғану үшін бөгеттерді биіктету, Ш.Еркінов атындағы орта мектепті кең жолақты интернетке қосу сияқты кезек күттірмейтін мәселелер де биылғы жылдың жоспарында тұр. Округ әкімінің баяндамасынан соң күн тәртібіне сай Ш.Еркінов атындағы орта мектептің директоры Айнұр Қосдәулетова білім сапасы, тәртіп, оқушылардың жеткен жетістігі жайлы хабарлама жасады. Бұдан соң аудан басшысы білім сапасына аса мән беріп, оқушылар мен ата-аналар бірігіп, жүйелі жұмыс жасауды тапсырды.

Хабарламалар аяқталған соң ауыл тұрғындары сөз алып өздерін толғандырған мәселелер жөнінде сауалдар қойды. Содан кейін, күнделікті азық-түлік бағасын қымбаттатпай, халыққа белгіленген шектік бағада сату үшін «Көркем-ай» дүкенінің иесі Нұржамал Тұрғалиевамен аудан басшысы екі жақты меморандумға қол қойды. Жиын біткен соң аудан әкімі әдеттегідей жеке қабылдау жасады. Мұнда да келген тұрғындардың сауалы тұрғын үй, тұрақты жұмыс, материалдық көмек алу төңірегінде болды. Жұмыс сұрап келген ер адамдарға «Жасқайрат» ЖШС-ның мал төлдету жұмысына баруды ұсынғанда көбі бас тартып жатты. Себебін сұрағанда қарауыл немесе қоғамдық жұмыста жасағысы келетіндерін айтады. Оларға аудан әкімі табылып тұрғанда жұмыс таңдамай жасауға кеңес беріп, жеке қабылдауға келген басқа жандардың мәселелері заң аясында қаралатынын жеткізді.

Дулат БЕРІКҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521