Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жолда қалған жобалар

Күн өткен сайын көркейіп, жыл сайын жаңарып келе жатқан ауданымызда соңғы жылдары жаңа заманға сай тың жобалар да қолға алынуда.

Соның ішінде халыққа қажетті әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандардың орны ерекше. Әрине, ол нысандар аудан басшылары мен кәсіпкерлерінің белсенділігі арқасында жүзеге асуда. Алайда, бір кездері үлкен сұранысқа ие болып, салтанатты түрде ашылып, кейіннен жүзеге аспай қалған жобалар да жетерлік. Тіпті жеке кәсіпкер былай тұрсын мемлекеттен қырауыр қаржы бөлініп, әкімдіктен қатаң бақылау болғанның өзінде салынып бітпей жатқан әлеуметтік нысандар қаншама?! Одан бөлек «әне ашылады, міне ашылады» деп жүріп, сол күйі ашылмай қалған нысандар да баршылық. Осы орайда, біз кезінде теңдесіз саналып, үлкен үміт күтіліп, кейіннен «тентіреп» жолда қалған жобалар туралы айтпақпыз.

Ет өңдеу цехы қашан ашылады?

Жолда қалған жобалар туралы сөз қозғалғанда Миялыдағы Е.Нұршаев ықшамауданында, ойын алаңының арт жағында орналасқан алып нысан еріксіз еске түседі. Кезінде «Үлкен өндіріс көзі болады, біраз адамды жұ-мыспен қамтиды, ішінде ет өңдеу, жүн қабылдап, көрпе тігу цехы болады» деп күтілген еді. Тіпті сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов ауданға жасаған сапарында нысанның ішін аралап, құрылыс жұмыстарына оң бағасын берген болатын. Міне, содан бері төрт жыл өтті. Үлкен цех болады деген алып нысан қазіргі таңда тым-тырыс жабық тұр. Бейресми ақпарат көздері нысанды салушы мен несие беруші арасында келіспеушілік болып, соның салдарынан тұралап тұрғанын айтады. Мәселенің анық-қанығын білу үшін нысан иесі, жеке кәсіпкер Нұржамал Ізбасароваға хабарласқан едік.

– Бұл ауылшаруашылығы бағытында жасалған жоба. Ішінде ет өнімдерін өңдеу, көрпе, жастық тігу цехтары болады деп күтілуде. Сол мақсатта нысанды салып, бүкіл аппаратын әкеліп қойғанбыз. Алайда, заңдылық тұрғыда шешілмей тұрған кейбір мәселелер жетерлік. Бірақ, бастаған істі соңына дейін жеткізу жоспарда бар. Бұйырса, заң аясындағы мәселелер шешілсе, келесі жылы сауықтыру бағ-дарламасы бойынша жобаны қайтадан жалғастырамыз деп отырмыз, – дейді нысан иесі. Сөздің шыны керек осы нысан салынып болғаннан кейін ел арасында «Ақшасын жеп кетіпті, енді ашылмайтын көрінеді. Пәлен миллион теңге желге ұшыпты» деген алып-қашпа әңгіме тарағаны рас. Алайда, жеке кәсіпкер өзі ресми түрде жауабын беріп, әлгі әңгімелерге нүкте қойды деп сенеміз. Енді цехтың жұмыс жасап, өндіріс ошағына айналуын күту ғана қалды.

Шұжықтың «дәмі» қайта оралмақ Төрт түлігін түлетіп отырған біздің аудан шаруагерлері малдан алынатын ет-сүт өнімдерін тұтынғаны болмаса оны өндіріске айналдыруға осы кезге дейін аса құлық таныта қоймаған еді. Тек осыдан екі жыл бұрын жеке кәсіпкер Сүйеуғали Дүйсәлі шұжық өндірісін тәуекел деп қолға алды. «Миялы» сервистік дайындау орталығын ашқан кәсіпкер соның ішінен шұжық дайындап, оны аудан дүкендеріне сат-тыққа шығара бастады. Ең бастысы өзіміздің жергілікті өнім. Мұсылман әдебімен бауыздалған малдың еті өзімізде өңделіп, шұжық болып шық-қанда қуанғанымыз рас. Дүкенге түскен бойда ауылдың шұжығы деп таласып алып жатқан жұртты да талай көрдік. Алайда, соңғы бірер жылдан бері сол шұжықтан көз жазып қалдық. Жақында бір дүкеннен арнайы барып сұрағанымызда ол шұжық көптен сатылымда жоқ екенін айтты. Осы орайда, жеке кәсіпкер Сүйеуғали Дүйсәліден өндірістің мән-жайын сұрағанымызда: – Шұжық өндірісі қазіргі таңда технолог маманның жоқтығына байланысты уақытша тоқтап тұр. Бұрын маманды басқа жақтан әкеліп, шұжықты өндіріп жүрдік. Ал, қазір кейбір мәселелерге орай маманымыз келмей отыр. Бірақ, бұл өндірісті тоқтатамыз деген сөз емес. Бұйырса, өзіміздің жергілікті маманды оқытып, шұжық шығаруды қайта бастаймыз, – деп жауап берді. Бұл да дұрыс шығар. Жергілікті өнімді өзімізден шыққан мамандар өндірсе тамаша емес пе?! Тек өндіріс тоқырап қалмаса болғаны.

Дүкенге айналған тұшпарахана

Аудан орталығы Миялы ауылында қоғамдық тамақтану орындары жетерлік. Солардың қатарын то-лықтырып 2016 жылы ауыл орталығынан «Мейрім» тұшпараханасы ашылған еді. Іші шап-шағын, жинақы орналасқан тамақтану орнында қосымша 15-20 адамға арналған VIP бөлмесі де болды. Тұтынушылар жиі бас сұғатын ол жер бүгінде кеңсе тауарларын сататын дүкенге айналған.

Нысан иесі жеке кәсіпкер Саламат Каримовке хабарласқанымызда: «Тұш-парахана алдағы уақытта қайтадан жұмысын бастайды. Жаңа оқу жылы қарсаңында кеңсе тауарлары мен сабақ құралдарын сататын дүкен қажет болды. Сол себептен нысанды уақытша дүкенге айналдырдық. Бизнесте тек бір нәрсеге байланып қалуға болмайды. Халықтың сұранысына орай, нарықққа бейімделуіміз қажет. Бірақ, бұл тұшпарахананы түбегейлі жаптық деген сөз емес. Тамақтану орынын алдағы уақытта міндетті түрде қайтадан ашамыз», – деді. Әрине, біз кәсіпкердің жеке ісіне араласа алмаймыз. Сұ-ранысқа орай дүкен де қажет болған шығар. Біздікі аудан атқа мінерлері арнайы барып, лентасын қиған, тәп-тәуір жоба жолда қалып қоймаса екен деген тілек қана.

Оты сөнген «Отбасы» аллеясы Жүзеге аспай қалған жобалардың ішінде кәсіпкерлік нысандарынан бөлек әлеуметтік нысандар да баршылық. Соның бірі осыдан екі-үш жыл бұрын Миялыда ашылған «Отбасы» аллеясы. Салтанатты түрде лентасы қиылып, кейіннен жас отбасылардың қыдыратын, демалатын орнына айналады деген аллея қазір құлазып тұр. Ішінде төселген өрнек тастардың өзін шөп басқанына қарағанда адам аяғы тимегеніне де біраз болған. Ал, салынған су бұрқағынан атқылап жатқан суды көру бір арман. Жақында газет оқырманы Айсәуле Ардақ та осы мәселені көтеріп, саябақтағы су бұрқағы мен төселген тастардың жай күйін айтып жазған хаты газет бетіне жарияланған болатын. Осы орайда, «Отбасы» аллеясының жағдайын айтып, Миялы ауылдық округі әкімдігіне хабарласқанымызда округ әкімінің міндетін уақытша атқарушы Медет Қабылқайыров: –Бұл аллеяның ашылғанына үш жылдай болды. Жас отбасыларға арналған бұл мекен үнемі ашық тұрады. Келіп, қыдырамын деген жастарға шектеу қойылмайды. Су бұрқағының жасамау себебі бір құрылғы істен шыққан. Алдағы уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады, – деді. Әрине, ауданда су тапшылығы болып жатқанда су бұрқақ неге атпайды деп сұрау да ыңғайсыздау. Бір жағынан «Отбасы» аллеясы орталықтан қашықтау жерде, тасада орналасқанын ескерсек «Неге адам бармайды?» деген сауалға жауап тапқандаймыз. Тек келесіде басшылар осындай әлеуметтік нысандарды жоспарлағанда орналасқан орнына да мән бергені абзал.

Бөденеден де береке болмады

Біздің ауданда бұрын соңды қолға алынбаған жобалардың бірі – құс шаруашылығы. Малдан көл-көсір пайда көріп отырған аудан тұрғындары құс асырау, одан өнім алу жұмыстарына аса ниеттене қоймайтыны белгілі. Сол олқылықтың орнын осыдан төрт жыл бұрын қарабаулық Ғалымжан Досақашов толтырған болатын. Ол үлкен тәуекелге барып, өз үйінің ауласынан үй құстарына арнап қоражай салып, бөдене өсіру ісін қолға алғанда бәріміз керемет, тың жоба деп қуандық. Сан түрлі ауруға ем болатын бөдененің жұмыртқасы алғашында зор сұранысқа ие болғаны рас. Қызылқоғада тұрып құс өсірген Ғалымжанның бұл еңбегі бағаланып, қайтарымсыз грантқа ие болды.

Алайда, қарқынды басталған жұмыс былтырдан бастап тұралады. Жеке кәсіпкердің айтуынша, өткен жылы күзде болған қатты жаңбырдың салдарынан әкелген 700 үйректің 300-і қырылып қалыпты. Оның үстіне құсқа беретін жем қымбатсып, әрі саттыққа шығарған жұмыртқалары өтпей біраз әбігерге салған. Сол себептен қалған құстарды арзандау бағаға сатып, өтпегенін қарызға беріп, құс шаруашылығын тоқтатуға мәжбүр бо-лыпты. Бір сөзбен айтқанда құс асырау жеке кәсіпкер үшін мал асыраудан қиын болмаса оңай емес. Сәл суық болса өліп қалады, балапан басатын аппараты мен жемдері қымбат. Ал, сатуға шығарған жұмыртқалары өтпей дүкен сөрелерінде тұрып қалады. Алайда, бұл қиындыққа мойымаған кәсіпкер келесі жылы жылыжай өндірісін қолға алмақшы. Аудан орталығынан алыс жатқан Қарабау ауылына жылыжай да керек. Ендеше, тағы бір тың жобаны қолға алғалы тұрған кәсіпкердің жұмысына сәттілік. Осы орайда, аталмыш тақырыпқа сай «Жолда қалған жобаларды қалай дамытамыз? Оларға мемлекет тарапынан қандай қолдау қажет?» деген сұрақтарға жауап табу мақсатында құзырлы орган басшылары, кәсіпкерлік саласында жетістікке жетіп жүрген іскер азаматтармен бірге тұрғындардың да пікірін білгенді жөн көрдік. Енді соларға кезек берейік.

Кәсіпкерге еркіндік берілсе игі

Қоғамның қозғаушы күші саналатын кәсіпкерлерге соңғы жылдары мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Түрлі бизнес тренингтер өткізіліп, төмен пайызбен несие және қайтарымсыз гранттар берілуде. Аталған көмектердің арқасында кәсібін дөңгелетіп жатқан кәсіпкерлер жетерлік. Алайда, шағын және орта бизнес саласында мәселе де жоқ емес. Соның бірі – кәсіпкерлік нысанның мақсатын өзгерту. Қазір бізде нысан салуға жер алғанда міндетті түрде мақсатын көрсету керек. Дүкен, монша, жанармай бекеті деген сияқты. Алайда, кәсіпкер уақыт өте келе халықтың сұранысына орай кәсібін басқа бағытқа ауыстырғысы келсе қиындық туындайды. Себебі, нысанның әуелдегі басты мақсаты өзгеріп кетеді. Осы орайда, жақында қала кәсіпкерлері Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттымұратұлымен кездескенде аталмыш мәселені көтерген болатын. Яғни, нысан салуға жер алғанда құжатта оның мақсатын көрсетпей, тек кәсіпкерлік бағытында деп жазылса деген ұсыныс айтқан. Мен де осы ұсынысты қолдаймын. Себебі, көп кәсіпкер белгілі бір мақсатпен жер алып, кейіннен кәсібін нарыққа сай өзгерткісі келсе құжаты қате болып шығады. Соның салдарынан небір мықты идеялар мен жобалар жолда қалып жатады. Ал, жаңағы ұсыныста айтылғандай нысанның мақсатын өзгерту мәселесі шешілсе заманға сай талай істер жасалар еді.

Зинеш САРБУФЕЕВА,

аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы.

Нарыққа бейімделген абзал

Кәсіп ашамын деген кез келген адам әуелі нарықты зерттеп алған абзал. «Тұтынушыға не керек, оны қалай әкелемін, бәсекелестік ортадан қалай жол табамын?» деген мәселелерді шешіп алып барып, кәсібін бастаған дұрыс. Біз 2003 жылдары алғаш кәсіп бастағанда бизнеске дәл мынандай қолдау болған жоқ. Банктер Қызылқоға ауданынан келгенімізді естісе, несие бермек түгілі есігін тарс жабады. Соның салдарынан талай қиындаққа да тап болдық. Бірақ, оған қарамай жұмысты жалғастырдық. Бір шет ел бизнесменінің «Кәсіпкерлік екі аяқты велисопед сияқты. Тек тоқтамай алға қарай тебе беруің керек. Егер тоқтап қалсаң жерге құлайсың» дегені бар. Сол сияқты тоқтап қалмау керек. Менің кәсібімді дамытуыма әлгі сөз қамшы болды. Жалпы мен кәсібімді басында ветеринарлық бағытта бастадым. Сосын сұранысқа сай нысан салып, оны мекемелерге жалға беру ісін қолға алдым. Ал, ауылға су, газ келіп жатқанда инфрақұрылым тартумен де айналыстық. Яғни, нарық пен халықтың сұранысына сай жұмыс жасадық. Оның бер жағында елдің бәрі керегін бір жерден табатындай ортақ нысан салуды жоспарлап, «Керуен» сауда үйін аштық. Сөйтіп, бизнес саласында жұмыс жасап жатқан жайымыз бар. Сол сауда үйін салғанда ішінен шағын ғана асхана ашқан едік. Сөйтсек, оған халық сыймайтын дәрежеге жетті. Кейін қоғамдық тамақтану орыны қажет екенін біліп, сауда үйіне жапсарлас қылып асхананы үлкейттік. Яғни, халықтың сұранысына орай кәсіпті әр тараптандырып жатырмыз.

Октябрь НҰРАДИНОВ,

жеке кәсіпкер.

Тұтынушы талабы ескерілсе

Заманның дамығаны сондай қазір ауылдан қалаға бармай-ақ бәрін табуға болады. Дүкендерге барсақ не аларымызды білмей қаламыз. Оның үстіне ай сайын жаңа нысандар ашылып, кәсіпкерлеріміз белсенді жұмыс жасауда. Мұның өзі заманның дұрысталғаны деп білеміз. Бұл бір жағынан біз сияқты қарапайым тұтынушыларға жақсы. Кез келген жерден керегіңді табасың. Тіпті соңғы жылдары өзімізден шұжық өндіріліп, жергілікті өнімді тұтынып жүрдік. Шошқа майы емес, түйенің өркеш майы қосылған шұжық расымен де дәмді болды. Алайда, осыдан бірнеше ай бұрын орталықтағы наубайхана жанындағы дүкенге барып сұрағанда шұжықтың қазір шығып жатпағанын айтты. Жергілікті өнімнің ғұмыры неге қысқа болды екен? Одан бөлек, кезінде үлкенді-кішілі отырыстарды атқарып жүрген «Мәдина» шайханасы да жабылып қалды. Кәсіп болғасын түрлі қиындықтар болатынын түсінеміз. Бірақ, ел көңілінен шыққан осындай жарқын істер қайта жалғасын тапса деген тілегіміз бар.

Ырысжан МЕҢДІБАЕВА,

Миялы ауылының тұрғыны.

Сағызға тың серпін керек

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Сағыз ауылы нағыз бизнес бастауға қолайлы жер. Ауданның басқа округтеріне қарағанда тасымалға да ыңғайлы. Әрине, соны пайдаланып, жаңа жұмыс көзін ашып жатқан іскер жігіттер бар. Алайда, тың жобалар көрінбейді. Осыдан бірнеше ай бұрын Миялыдан бір бала келіп «Фастфуд» кафесін ашты. Тез әрі дәмді дайындалатын тағамдар халықтың әсіресе жастардың көңілінен шықты. Жастардың жиі баратын орындарының бірі болды десек артық айтқандық емес. Алайда, неге екені белгісіз «Фастфуд» кафесі көп ұзамай жабылып қалды. Сағызға осындай тың жобалар керек. Ауылда еті тірі, бизнеске икемді жігіттер жетерлік. Солар осы сияқты тың идеяларды жүзеге асырса деген ұсыныс бар.

Бақыт ТӨЛЕУХАН,

Сағыз ауылының тұрғыны.

Түйін.

Өздеріңіз көргендей ауданда жасалып жатқан жұмыстар жетерлік, алайда, тоқырап қалған жобалар да жоқ емес. Біз бұл мақала арқылы кәсіпкерлерді немесе әкімдерді табалаудан аулақпыз. Біздікі тек осы жазғанымыздан нәтиже шығып, қолға алған жобалар өз мақсатына жетсе деген ниет. Сонымен қатар, бұл жазғандардан бөлек жүзеге аспай жатқан басқа да жобалар жетерлік. Әрине, өмір болғасын қиындықтар болады. Бірі заңдылық тұрғыда шеше алмай кәсібін тоқтатса, енді бірі табиғат апатынан зардап шегіп жатады. Қаржылық қиындықтар да кәсіпкерлерді айналып өтпейтіні белгілі. Тек осының бәріне шыдас беріп, ел күткен елеулі жобаны жүзеге асыра білсе ғана кәсіпкер жұмысының оңға басқаны.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521