Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жастар өзін қалай тәрбиелеуі керек?

Әлбетте:

«Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.

Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік

Бір білімді данышпан жан табалық», — деп ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай, жастар арамдықтан сақ болып, білім нәрімен сусындауы керек екендігі анық. Өйткені, жастық шақ әрбір адам өміріндегі ең бақытты кезең. Бұл орайда, ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Адам досының дінінде болады. Сол үшін әрқайсысыңыз дос таңдағанда аса назар аударсын» деген хадисі бар. Демек, қай кезде де ортаның әсері ықпалды болады. Сондықтан, жастар жас шағын бос әрі қор етіп өткізбеу үшін отбасы, оқитын жері, араласатын қоғамы, өмірдегі достары, қызметтік ортасы секілді мәселелерге мән беруі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, тәлім-тәрбие, адами құндылық немесе жаманшылық пен азғындық та осы ортаға қарай қалыптасады.

Жастар үшін тағы бір ескеретін мәселе – әуесқойлықпен басталатын шылым шегу, ішімдік ішу, зина жасау, құмар ойнау және тағы да басқа жиіркенішті әдеттерге жоламау керек. Арсыздық, ұятсыздық жағдай бүгінгі қоғамның үлкен дертіне айналып барады. Некесіз бала, тастанды сәби сынды жағдайлар осы арсыз істің нәтижесі. Сол үшін иманды жан өзіне харам істерді жиіркендіріп, сауап амалдарды жақсы көрсеткені қандай жақсы?!

Осы орайда, жастар өзін үнемі әдептілік пен тазалыққа баулуы қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылман – мұсылманның айнасы. Өзгенің кемшілігін өзінің бойынан көреді», — дейді. Ілім қақпасы атанған хазіреті Әли (р.а.): «Ең алдымен өз нәпсіңе, сосын барып өзге адамдарға насихат ет!» десе, ислам ғалымы Имам Шафиғи: «Өзіңе қатты, өзгеге жұмсақ бол!» — деп өнегелі сөз қалдырған. Қорыта келе, әрбір адам жастық шағын өкінішпен емес, өнегелі жолымен еске алатындай болса, бұл басқа қонған бақыты. Сол үшін иманды жан қандай болу керегін сөзі мен ісінің тазалығынан көрсетсе нұр үстіне нұр. Ата-ананың арманы да осы.

Мағжан ақын:

«Қажу бар ма тұлпарға,

Талу бар ма сұңқарға,

Иман күштi оларда,

Мен жастарға сенемiн», — деп кейінгі жастарға үлкен бағыт көрсеткен. Шынында да, ұрпақтың иманды, таза, текті болуы қоғамның беріктігін одан әрі сақтамақ.

Ерболат ИҒАЛИ,

аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521