Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жастар кәсіптік оқуға неге бармайды?

Өткен аптаның жұмасы күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратының мәжіліс залында Сағыз ауылындағы Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжінің есеп беру жиыны болып өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов төрағалық еткен жиынға колледж директоры мен қызметкерлері, жауапты бөлім, мекеме басшылары, мектеп директорлары қатысты. Жиында бірінші болып сөз алған колледж директоры Жалғас Қамысбаев оқу орнының базалық-техникалық жайы мен оқу процесі туралы баяндама жасады. Колледж директорының айтуынша, аталмыш оқу орны аудан жастарына кәсіптік білім беріп отырған аудандағы жалғыз мекеме. Қазіргі таңда оқу орнында «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Электр стансаларының және желілерінің жабдықтары», «Дәнекерлеу ісі», «Ауыл шаруашылығында техникалық қызмет көрсету және жөндеу», «Фермер шаруашылығы» және «Тігін өндірісі және киімді үлгілеу» мамандықтары бойынша студенттерге дәріс берілуде. Сондай-ақ, қысқа мерзімді ақылы курстар арқылы да мамандар дайындайды.

Оқу орнында студенттердің теориялық және практикалық білім алуына барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, колледжде үш компьютер сыныбы, алты интерактивтік тақтамен жабықталған кабинет, өндірістік оқыту шеберханасы, 150 орындық асхана мен 50 орындық жатақхана, акт зал, кітапхана, спорт зал және оқу-жаттығуға арналған көліктер мен ауылшаруашылығы техникалары бар. Колледжде оқитын студенттерге әлеуметтік жағдайларына қарай шәкіртақы, ыстық тамақ, жолақы, ауыра қалған жағдайда тегін дәрі-дәрмектер беріледі. Өткен жылы бұл оқу орнын 117 студент бітірсе, биыл 122 студент тәмамдап отыр. Колледж ұжымы студенттер қатарын толықтыру үшін аудандағы мектептермен тығыз қатынаста жұмыс жасауда. Студенттерді өндірістік іс-тәжірибеден өткізу үшін мекемелер мен шаруа қожалықтарының ортақ келісім-шарттары бар. Одан бөлек оқу орнының қол жеткізген жетістіктері мен алдағы жоспарларын баяндаған колледж директоры келер жылы ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда екендігін жеткізді.

Баяндама аяқталған соң аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов: – Бұл аудандағы кәсіптік білім беретін бірден бір оқу орны. Сондықтан колледждің мәселелері бізге де қатысты. Баяндамадан білгеніміздей, оқу орнын бітіретіндер саны жыл сайын азайып келеді. Бір жылдары 300-ге тарта студент оқыған колледжден биыл бар-жоғы 122 түлек бітірген. Бұның себебі неде? Мүмкін үгіт-насихат жұмыстары жетіспейтін шығар. Аудан мектептерімен байланысты күшейтіп, оқу орнына түсетіндердің қатарын көбейтуіміз керек. Мұнда оқитын студенттерді қарап отырсам көбі Сағыз, Мұқыр ауылдық округтерінен. Бірлі-жарымы Миялыдан. Ал, мына Ойыл өзені бойындағы Жангелдиннен ары қарайғы округтердегі студенттерден байқай алмадым. Тек Тасшағылдан бір бала оқиды екен. Қазір жол қатынасы жақсы, колледждің де жағдайы дұрысталып келеді. Енді неге Сағызға барып оқымасқа? Екінші мәселе – студенттерді жұмысқа орналастыру. Биылғы бітірген түлектердің тек 49 пайызы жұмысқа орналасыпты. Ал, қалғаны қайда жүр, олар қазір немен айналысады? Солардың бәріне колледж ұжымы тұрақты сараптама жасап отыруы керек. Қазір елімізде кәсіптік мамандықтарға сұраныс жоғары. Ал, бізден бітіргендердің жартысы жұмыссыз жүр. Бұл қалай сонда? Осы мәселені дереу қолға алу керек, – деді.

Айтса айтқандай, мемлекет тарапынан жыл сайын бірнеше миллион қаржы бөлініп, студенттерге тегін жатақхана, шәкіртақы, ыстық тамақ беріліп отырғанның өзінде аудан жастары Сағыздағы колледжге барып оқығысы келмейді. Бір сөзбен айтқанда қызықпайды. Неге? Бұған жауап берген мектеп директорлары Сағыздағы тәртіп мәселесін тілге тиек етеді.

– Ата-аналардың көбі балаларын Сағызға апарып оқытуға қорқады. Басты себеп – Сағызда жиі орын алатын төбелес. Сол себептен оқушылар бітірген соң Доссордағы немесе Атыраудағы колледждерге түсіп оқығанды жөн санайды, – дейді Тасшағыл орта мектебінің директоры Гүлшара Ізімова. Бұған жауап берген колледж директоры Жалғас Қамысбаев колледжде студенттердің қауіпсіздігі қатаң сақталатынын, барлық жерге бейне бақылау камералары қойылып, жатақханада тұрақты түрде кезекші жұмыс жасайтындығын жеткізді. Осылайша колледждің бүгіні мен болашағы талқыланған жиын өз мәресіне жетті.

Дулат БЕРІКҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521