060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Жамансорды мектеп, Кенбайды газ қинайды

Жақында құрамында аудан әкімі Арман Баженов пен бөлім, мекеме басшылары бар топ Мұқыр, Сағыз ауылдық оругтеріне қарасты елдімекендерде болып, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтты.

Басты мақсат алыс елдімекендердің жай-күйін көзбен көріп, тұрғындардың көкейтесті мә-селесін тыңдау. Алдымен Жамансор елдімекеніне ат басын бұрған аудан басшылары бастауыш мектептің ғимаратында ауыл халқымен кездесті. Жиынды ашқан аудан әкімі Арман Баженов:

– Елбасымыз өзінің әр Жолдаулары мен маңызды мақалаларында «Ауыл – қазақтың ата қонысы» деп үнемі айтып келеді. Ауыл халқының тұрмысы түзелмей мемлекет гүлдемейтіні анық. Соған сай, бүгін елдімекендердің жай-күйімен танысып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдау үшін келіп отырмыз. Сөздің шыны керек көбіне іс-шаралар мен маңызды жиындар ауылдық округтерде өтеді де елдімекендер еленбей қалып жатады. Ондай олқылықтар орын алмау үшін мен өткен жылдың қараша айында аудандағы барлық елдімекендерді аралап шықтым. Биыл жылдың ортасы болғандықтан тағы бір мәрте келіп, халықпен дидарласқанды жөн көрдім, – деді.

Содан кейін сөз алған тұрғындар аудан басшысына өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, мәселелер көтерді. Бес жүзден аса халқы бар Жамансор елдімекенінің басты уайымы – мектеп. Мектеп жасындағы балаларын бірі Сағызға, Мұқырға, енді бірі сонау Доссорда оқытып жүрген ауыл халқы өзімізде бөлек білім ошағы болса деген тілегін жеткізді. Бұған жауап берген аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Әсет Әбдіғалиев Жамансор ауылынан 120 орындық мектеп пен 60 орындық интернат салу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталып жатқанын айтып, құжаттар біткен бойда құрылыс жұмыстары басталатынын жеткізді. Бұл жаңалыққа қуанған ауыл халқы салынатын мектептің сапалы әрі қыс-та жылы болуын талап етті. Себебі, бұған дейін салынған бастауыш мектеп қыста салқын, қанша отын жақса да жылымайды. Одан бөлек, «Ауылда мешіт салынса» деген ұсынысқа жауап берген аудан басшысы Конституция бойынша дін мен мемлекет бөлек екенін айтып, мешіт салу тек жеке де-меушілікпен жүзеге асатынын атап өтті. Ауыл халқын алаңдататын тағы бір мәселе – елдімекен жанында мұнай өндіріп жатқан терминалдан шығатын иіс. Жел тұрса қолқаны қабатын сасық иістен шаршаған тұрғындар, елдімекен аумағында тонналап мұнай өндіріп жатқан терминал қожайындары ауылға көңіл бөліп, футбол ойнайтын алаң салып берсе деген тілегін жолдады. Сондай-ақ, аталмыш жиында "Атырау-Ақтөбе" тасжолының құрылысы жайлы да сөз болып, оған жауап берген аудан әкімі жол салу үшін тендер жа-рияланып, жеңімпазы анықталғанын, енді көп кешікпей жол салу жұмыстары басталатынын тілге тиек етті.

Жамансордағы жиыннан соң Кенбай елді мекенінде болған аудан басшылары ауыл халқымен кездесті. Кенбайлықтарды алаңдататын басты мәселе – газ. Бұған жауап берген аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Роман Кәдірғалиев ауданда газ жүргізілмеген алты елдімекеннің ішінде Кенбайдың да бар екенін, қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары жасалып жатқанын, егер құжаттар бітіп жатса газ жүргізілетінін айтты. Бірақ, биыл емес. Ауыл халқын алаңдататын тағы бір мәселе – азық-түлік алу. Ауылда дүкен болмағандықтан халық азық-түлікті Сағыздан тасиды немесе Мақат ауданынан келетін алыпсатарлардан қымбат бағаға сатып алып отыр. Бұған баса назар аударған аудан әкімі аталмыш түйіткілді шешуді Мұқыр ауылдық округінің әкімі Аман Жанұзақовқа тапсырды. Одан әрі Кенбай стансасы мен Жантерек, Қоңыраулы елдімекендеріне ат басын бұрған аудан басшылары тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақтарын түрді. Кенбай стансасысының халқы мен жантеректіктер ауызсу мәселесін көтерсе, Қоңыраулының тұрғындары көгілдір отынмен қамтамасыз етуді сұрады. Барлық сұрақтар мен ұсыныстарды мұқият тыңдаған аудан әкімі Арман Баженов көтерілген мәселелермен таныс екенін жеткізіп, алдағы уақытта бәрі де заң шеңберінде оң шешімін табатынын атап өтті.

Дулат МӘТЖАН.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?