Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Зағип жандардың басы бірікті

Сейсенбі күні аудан әкімі Арман Баженов «Арман» мәдениет үйінің фойесінде Халықаралық зағиптар күніне орай, аудандағы 25 зағип жанды қабылдады.

Шара зағип жандардың басын біріктіріп, оларға қуаныш сыйлау мақсатында ұйымдастырылды.

Онда алдымен сөз алған аудан әкімі Арман Баженов: – Аталмыш мереке елімізде 2011 жылдан бері тойланып келеді. Ауданда барлығы 926 мүмкіндігі шектеулі жан болса олардың 62-сі көз мүгедектері. Зағип жандарға қамқорлық танытып, жақсылық жасау - барлығымыздың ортақ міндетіміз деп білемін. Бастарыңызға түскен қиындықты жеңе біліп, қоғамның бір мүшесі ретінде өмір сүріп келесіздер. Кезінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да өзіндік үлестеріңізді қосып, еңбек еттіңіздер. Біз сіздердің сол еңбектеріңізді ұмытпаймыз. Қашанда сіздерге қолдау көрсетіп, мұң-мұқтаждықтарыңызды тыңдауға тырысамыз, – деді. Содан соң мереке қарсаңында 80, 70 жасқа толып отырған қарттарға алғыс хат табыстап, кездесуге шақырылған қонақтарға сыйлықтар ұсынды.

Сондай-ақ, Оржан Қазиев, Ұзақбай Мыңжасаров, Төренияз Сұлтановтар мерекеде игі шара ұйымдастырып, қабылдау өткізген аудан басшысына алғыстарын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді. Ал, «Қосжанар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Света Жолымбетова:

– Мен осыдан жиырма жеті жыл бұрын көз жанарымнан айырылып, мүмкіндігі шектеулі жандар қатарына қосылдым. Ол сәт мен үшін өте қиын кезеңдердің бірі болды. Бірақ, басыма түскен қиындықты жеңіп, болашағым үшім еңбектен қол үзбедім. «Соқырлар қоғамы» ұйымының мүшесімін. Жыл басында қоғамдық ұйым құрып, өзім сынды жандардың басын қосып жұмыс жасап келемін, – деді. Шара соңында әсем ән шырқалып, мүмкіндігі шектеулі жандардың көңілін бір серпілтіп тастады.

Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521