060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Өз жеріміздің тарихын өзіміз тануымыз қажет

Өткен аптаның бейсенбісі күні аудан кәсіпкерлерінің ХІ форумы басталды.

Екі күндік форум ауданда туризм саласын дамытып, тарихи орындарды және ұмыт қалған ұлттық тағамдарды насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

ТІГІНШІНІҢ ШЕБЕРЛІК САҒАТЫ

Форум алдымен «Арман» мәдениет үйінде "Ұлы даланың мұрасы" атты шеберлік сағатымен басталып, оған тігіншілікке қыры бар қыз-келіншектер қатысты. Азаннан кешке дейін жеке кәсіпкер, тігінші Нұргүл Жекенова ауданның әр округінен келген қыз-келіншектерге құрақ көрпе тігуді үйретті.

Сырттай қарағанда тігінші қыз-дардың жұмысы оңай көрінді. Дегенмен әр істің өзіне тән ерекшелігі, қиындығы болатындығы сөзсіз. Дәлдікпен ой ұшқырлығына ерік берген ісмер қыздар әртүрлі матаны түрлі пішінде ойып, құрақ құраудан жарысып жатты. Зырылдаған тігін машиналарының дауысы бір-бірімен үндесіп, тігіншілерге шабыт беріп тұрғандай. Бұл орайда, тігінші Нұргүл Жекенова:

–Өз білгенімді басқаларға үйрету мен үшін үлкен жауапкершілік. Қатысушы қыздардың талпынысы жоғары. Барлығы да білсем, үйренсем деген ниетпен келгендері көрініп тұр. Бұған дейін де шеберлік сағаттарын өткіздім. Ал, бүгінгінің өз ерекшелігі бар. Өйткені, аудан кәсіпкерлерінің басы қосылған форум аясында ұйымдастырылып отыр, – деген ойын білдірсе, Миялы ауылының тұрғыны Алтын Аманғалиева:

–Шеберлік сабағына қатысып, тігіншілік әлеміне бойлап отырмын. Бұрын үйде тұрмыстық жағдайда қолыма ине мен жіп алсам, бүгін құрақ көрпе тігуді үйрендім. Жалпы, білгеннің еш артықтығы жоқ қой. Өзіме қажет кезде тігіп алсам жақсы емес пе?! Осындай шаралар көптеп ұйымдастырылып тұрса деген тілегім бар, – дейді.

Сөйтіп, шеберлік сағатына қатысушылар он екі құрақ көрпе тігіп, соңында арнайы сертификатпен марапатталды. Ал, тігілген құрақ көрпелер «Жасұлан», «Нұр-Шуақ», «Балдырған» балабақшаларына тапсырылды.

ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАР КӨРМЕСІ

Жұма күні форумның ашылу салтанаты өтіп, оған аудан әкімі Арман Баженов, аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали, аудан әкімінің орынбасарлары, барлық бөлім, мекеме басшылары, округ әкімдері, кәсіпкерлер және ауыл тұрғындары қатысты.

Алдымен сөз алған аудан әкімі Арман Баженов: – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлікті дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға әрдайым көңіл бөліп келеді. Қазіргі таңда ауданда кәсіпкерлік көкжиегі кеңіп, шағын және орта бизнес даму үстінде. Сондай-ақ, еңбек етемін, кәсіп бастаймын дегенге мемлекет тарапынан қолдау көп. Башаңызды форумның ашылу салтанатымен құттықтаймын. Бастаған жұмыстарыңыз берекелі, кәсіптеріңіз келісті болсын, – деген игі тілегін білдірді.

Одан соң шараға қатысушылар «Ұмыт қалған ұлттық тағамдарды жаңғырту» тақырыбындағы көрме жәрмең-кесін тамашалады. Оған сағыздық Алтынгүл Жарылғасынова, мұқырлық Мәриям Мысағалиева, жангелдиндік Гүлмира Отарова, ойылдық Гүлжамал Құлбаева, көздіғаралық Меруерт Ғұмарова, тасшағылдық Шахар Есенбаевалардың қолынан шыққан ұлттық тағамдары қойылып, аудан орталығында сервистік қызмет көрсетіп жатқан кәсіпкерлердің бұйымдары таныстырылды. Шара аясында мемлекеттік бағдарламалар арқылы алынған автокөліктер көрмесі де ұйымдастырылды.

«КЕРУЕННІҢ» ҚЫЗМЕТІ КЕҢЕЙЕ ТҮСТІ

Бұдан кейін миялылық жеке кәсіпкер Ақболат Құсановтың моншасы салтанатты түрде ашылды. Жаңа үлгіде бой көтерген нысанның іші жып-жинақы. Ерлерге және отбасылық кабиналарға бөлінген. Жаңа нысанның лентасын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау филиалының директоры Гүлзада Шалағұлова мен кәсіпкердің ағасы Серікқали Берденов қиды. Ал, «KERÝEN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Октябрь Нұрадинов «KERÝEN» сауда орталығынан франчайзинг әдісі бойынша "Қазпошта" АҚ-ның қызметтерін көрсету орталығы мен аудандық кітапханамен бірлескен түрде «Bookcrossing» кітап алмасу бұрышын ашты. Оған аудан әкімі Арман Баженов қатысып, жаңа бастамаға сәттілік тіледі.

– Пошта операторы биылғы жыл-дың басында «Қазпошта қызметтерін үшінші тұлғалар арқылы көрсету үшін франчайзинг моделін енгізу» жобасын бастаған болатын. Мақсат – халқымызды қолжетімді жерден пошта қызметтерімен қамту. Қазір пошта қызметтерін шағын және орта бизнес арқылы көрсету серіктестік бағдарламасы Қазақстанның барлық жерінде жұмыс істейді. Компания жеке бизнеспен айналысатын жергілікті кәсіпкерлермен ынтымақтастық арқылы өз желісін кеңейтуде. Енді пошта бөлімшелеріне бармай-ақ сәлемдемелерді алуға немесе жіберуге, әуе және теміржол билеттерін сатып алуға, коммуналдық төлемдерді және салықтарды төлеуге болады, – дейді "Қазпошта" АҚ аудандық торабының бастығы Роман Кәдірғалиев. Сонымен қатар, кәсіпкерлер мерекесінде ойылдық жеке кәсіпкер Нұржамал Тұрғалиеваның «Анашым» мейрамханасының лентасы қиылып, заманауи үлгіде бой көтерген жаңа нысан халық игілігіне берілді.

ТУРИЗМДІ ҚАЛАЙ ДАМЫТАМЫЗ?

Түстен кейін «Арман» мәдениет үйінде басқосқан аудан кәсіпкерлері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған басым бағыттарды іске асыру мақсатында «Туған жерді тану – туризмді дамыту» тақырыбындағы келелі ой, ұтымды ұсыныс, пайымы зор пікірлерді бір арнаға тоғыстырды. Естеріңізде болса, 23-26 қазан күндері аудандық кәсіпкерлік бөлімі ішкі туризм мүмкіндіктерін пайдалану арқылы тарих пен мәдени мұраларды насихаттап, кәсіпкерлерді ауданның маңызы бар жерлерге тарта отырып, туристік орынға айналдыру мақсатында туристік экскурсия ұйымдастырып, кәсіпкерлермен бірге аралап шыққан еді. Соның негізінде арнайы бейнеролик жасалып, сол ролик дөңгелек үстел басында көрсетілді. Одан соң, сөз алған аудан әкімі Арман Баженов:

–Қызылқоға ауданы – рухани жаңғыру жобасын жүзеге асырудың лайықты үлгісі. Бүгінде жеке кәсіпкер Сағызбай Тастеміров Сағыз ауылынан ауыл игілігі үшін спорт кешенін тұрғызып жатса, жеке кәсіпкер Мұрат Көптілеуов саяси-қуғын сүргін құрбаны Зәкария Сағындықұлы атындағы саябақ салып, ішіне екі жүзге тарта ағаш отырғызып, ауқымды жұмыс жүргізді. Өңірде туризмді дамыту ісі кенжелеу қалғаны шындық. Ал, қазыналы Қызылқоға өңірінің көне тарихынан сыр шертерлік киелі орындар аз емес. Тарихи орындар туристер мен жастардың, мектеп оқушыларының ерекше қызығушылығын тудырары сөзсіз. Біздің өңірде туризмді кеңінен өрістетуге бұдан басқа мүмкіндіктер баршылық. Атап айтсақ, Ойыл, Сағыз өзені және оның жағалау табиғаты, Былқылдақты елді мекеніндегі бұлақтың бал суы, Шажабай тұзының емдік қасиеті келушілер назарын өзіне аудартары хақ. Ауданымызда туризмді дамытуға барлық жағдайлар бар, тек оны ұтымды ұйымдастырып, тиімді пайдалануымыз қажет. Ал, туризм – елді, оның ежелгі көне тарихын, әсем де сұлу табиғатын, мәдениеті мен өнерін төрткүл дүниеге танытатын бірден-бір табысты сала, – деді.

Келелі кеңес барысында, форумға қатысушылар «Тарихи мұрамызды туризмдік бетбұрысқа айналдыру үшін қандай игі қадамдар жасалу керек?» деген сұраққа өз пікірлерін білдірсе, «Қожа Базис Групп" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Медет Серікбаев, "Сағыз И КО" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сағызбай Тастеміров, жеке кәсіпкер Қалқаман Ізмұқанов, "Сисенбек" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Абай Есенғалиев, «Гидравлика-С» жеке кәсіпкерлігінің өкілі Нартай Амандықұлы, жеке кәсіпкер Мұрат Көптілеуовтер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ,бір топ кәсіпкер облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қарлығаш Бекбаева, облыстық мәслихаттың хатшысы Өмірзақ Зинуллин, аудандық мәслихаттың хатшысы Толқын Бейсқали, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфеевалардың Алғыс хатымен мадақталды. Сөйтіп, ХІ кәсіпкерлер форумы өз мәресіне жетті.

Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?