Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Өз бетімен шөп шабу өкінішке ұрындырады

Тұрғындар жиыны өткен аптаның жұмасы күні Жамбыл ауылдық округінде де өтті.

Жиынға аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырғали Базарбаев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Ақнұржан Ақжігітов және ауыл тұрғындары қатысты. Жиынды ашқан округ әкімі Сәндібек Салықов тұрғындарды мал азығын дайындау, дала өртімен күрес, суға түсу науқанындағы сақтық шаралары сынды күн тәртібімен таныстырды. Содан кейін сөз алған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырғали Базарбаев:

– Жаз – ертерек мал азы-ғын дайындап, қыстың қамына кірісетін мезгіл. Сол себептен де қазіргі таңда аудан бойынша мал азығын дайындау жұмыстары қызу басталып кетті. Биыл аудан бойынша 104 152 тонна мал азығын дайындау жоспарда. Одан бөлек былтырдан қалған 20 650 тонна шөп бар. Ал, Жамбыл ауылдық округі үшін 9 100 тонна мал азығы қажет. Сондықтан, шаруагерлер қызу жұмысқа кірісуі тиіс. Әрине, жұмыс барысында сақтық шараларын да ұмытпаған жөн. Одан бөлек, қосымша айта кетер мәселе – мал басын асылдандыру. Қазір бұл бағытта мемлекет тарапынан көптеген тиімді бағдарламалар жүзеге асуда. Асыл тұқымды бұқа немесе қошқар алу арқылы сіз біріншіден малыңыздың сапасын көтересіз, екіншіден мемлекеттен субсидия ала аласыз, – деп өз саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Бұдан кейін аудандық төтенше жағ-дайлар бөлімінің бас маманы Ақнұржан Ақжігітовке сөз берілді. Оның айтуынша, жазда тұрғындар үшін басты қауіп – өрт пен су. Биылдың өзінде Миялы ауылында суға шомылу кезінде екі адам суға кеткен. Сол себептен ауыл тұрғындары, әсіресе ата-аналар балаларға сақ болғаны жөн. Сонымен қатар, жаз мезгілінде дала өрті де өршиді. Маусым айында Жамбыл ауылдық округі аймағында да алапат өрт болып, біраз жерді отқа орағаны белгілі. Сол жағдай қайталанбас үшін шөп шабу кезінде, далалық демалысқа шыққанда абай болып, сақтық шараларын қатаң сақтауымыз керек. Төтенше жағдайлар бө-лімі бас маманының хабарламасынан соң жергілікті учаскелік полиция Нұрхан Имашев сөз алып, ауыл балаларының ата-анасының рұқсатынсыз, өздері барып суға түсу оқиғасы жиілегенін айтып, ата-аналарды сақ болуға шақырды.

Аталмыш жиында ауыл тұрғындары да сөз алып, олар мал басын асылдандыру, жем-шөп бағасы, мал жайылатын жерден шөп шаппау, далалық өртті сөндіруге ерікті түрде атсалысу сияқты мәселелерді көтерді. Жиынды қорытындылаған округ әкімі Сәндібек Салықов:

– Бүгінгі жиында көтерілген мәселелердің барлығы ескеріледі. Малмен күнелтіп отырған ауыл үшін басты мәселе мал азығы болып отыр. Бұл орайда, кеше учаскелік полициямен бірге шөп шабу науқанын бақылап қайттық. Қазіргі таңда округ бойынша он шақты трактор шөп шабуда. Рейд барысында байқағанымыз кейбір шөпшілер округ аумағына тиісті жерлерден рұқсатсыз шөп шауып жүр. Бұлай болмайды. Барлығы келісіммен, рұқсатпен жүзеге асуы тиіс. Өз бетімен, ақылдаспай жасалған жұмыс далалық өрттің шығуына әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, осы арада тұрғындармен шөп бағасын да келісіп алуымыз керек. Жылдағыдай бір орама шөп 3 000, бір тіркеме шөп 25 000 теңге болсын. Шаруагерге де, тұрғындарға да осы тиімді болады, – деді. Ауыл тұрғындары округ әкімінің ұсынысымен келісетінін айтып, жиын соңында қаулы бекітілді.

Дулат МӘТЖАН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521