Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Туған жерді тану – туризмді дамыту

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет.

Бұған арнайы «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді. «Өз жеріңді танып біл!» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай туризмін қайта жаңғырту керек» деген болатын. Осы орайда, аталмыш Жолдау мен Елбасының өткен жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттер аясында аудандық кәсіпкерлік бөлімі ішкі туризм мүмкіндіктерін пайдалану арқылы тарих пен мәдени мұраларды насихаттап, кәсіпкерлерді ауданның маңызы бар жерлерге тарта отырып, туристік орынға айналдыру мақсатында «Туған жерді тану – туризмді дамыту» тақырыбында тарихи маңызы бар жерлерге туристік экскурсия ұйымдастыруды қолға алды. 23 қазаннан 26 қазанға дейін жалғасатын туристік экскурсия сейсенбі күні Сағыз ауылдық округіне қарасты тарихи маңызы бар жерлерді аралаудан басталды.

Түкті ата – Алып ана

Құрамында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфеева, бөлім мамандары, Миялы, Сағыз ауылдық округінің кәсіпкерлері, округ әкімі аппаратының бас мамандары, аудандық тарихи-өлкетану музейі мен мәдениет үйінің қызметкерлері бар делегация алдымен Сағыз ауылынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан Түкті ата мен Алып ана қорымына атбасын бұрды. Деректерге сүйенер болсақ, аңыз бойынша он сан оймауыт пен тоғыз сан торғауыт кезінде ме, әлде ноғайлы заманында ма, әлде қалмаққа қарсы күрес тұсында ма, әйтеуір осы атырапта ерлі-зайыпты екі кісі өмір сүріпті. Жаугершілік заманы болса керек. Жауға қарсы ұрыстарда анамыздың ерлігі елден ерек, жұрттың көзіне түседі. Кейін жастар оны «Алып ана» деп атап кетіпті. Денелі, ірі адам болған. Дүйім жаудың ортасында қалғанда да, алып батырдай алысып, тіпті, жекпе-жекте де жау батырын найзамен түйреп, ат үстінен лақтырып жібереді екен. Бейбіт заманда Алып ана көріпкелдігі бар емші ретінде атағы алысқа жайылады. Бара-бара екеуі де жастары ұлғайып қартаяды. Сонда Алып ана тұрып зайыбы Түкті атаға:

– Біз екеуміз бұл фәниде бірге тұрғанымызбен, о дүниеде бөлек жататынымыз айқын. Егер бір қорымда қалсақ, ел көп ұзамай «Алып ана қорымы» деп атап, сенің есімің ұмыт қала ма деп қорқамын, ер әйелдің иесі ғой, – депті. Осы күні Сағыз өзенінің Солтүстік беткейінде Түкті ата, оңтүстігінде Алып ана бейіттері тұр. Сол жердің тұрғындары екеуіне де тәу етіп түнейді. Әулие тұтады. Екінші бір халық аузындағы әңгімеде: Түкті ата мен Алып ананы, ертедегі жырларда кездесетін Баба түкті Шашты әзиз атамен байланыстырады. Баба түктінің зайыбы Шашты әзиз өзінің жолдасына үш шарт қояды: біріншісі – басын жуғанда басына қарамау, екіншісі – қолтығының астына қарамау, үшіншісі – аяғына қарамау. Баба Түкті әулие алғашқыда келіскенімен, қызығушылықпен бір күні жасырын сығалап қараса, Шашты әзиз басын қолына алып жуып отыр екен, қолтығынан өкпесі көрініп тұрады екен, ал аяқтарының башпайлары теріс қарап тұрған пері қызы екен, – дейді. Баба түктінің қарап тұрғанын көрген пері қызы енді мен саған жоқпын, сен уәдеде тұрмадың деп қаша жөнеліпті. Содан Алатаудан ба, Қап тауынан ба, болмаса Алтайдан ба немесе Арқадан ба жеткен жерлері Сағыз өзенінің екі жағынан екеуі мәңгілік орын тепкен деген аңыз бар. Бүгінде, екеуінің де бейіттері жер болып кеткен тек қана халық қойған белгі бар. «Алып ана» қорымы мемлекеттік ескерткіштерді қорғау тізіміне алынған. Сағыз ауылының тұрғыны Ахат Өскенбаевтың айтуынша, әкесі Бөлекбай 1980 жылдары құлап қалған Алып ананың құлпытасын қайта жаңғыртып салыпты. Дегенмен, «Алып ана» қорымындағы бейіттерді қоршап, ондағы құлпытастардағы жазуларды қазақ тіліне аударса біраз тарихтың беті ашылатыны сөзсіз.

Сарматтар мекенін қоқысқа айналдырмайық

Тарих ғылымдарының докторы, археолог Марат Қасеновтің «Сағыз өңіріндегі археологиялық ескерткіштер» атты мақаласында: «Сағыз ауылы маңында қазіргі кезеңде 21 археологиялық ескерткіш бар екені белгілі. Сағыз ауылы маңы бұдан екі мың жыл бұрын, географиялық орналасуымен адамдар қоныстануына өте қолайлы болған. Тұшы су мен құнарлы топырақ, егіншілік пен мал жайылымы үшін өте қолайлы болды. Сондықтан, бұл жерде адамдар тас ғасырынан орта ғасырға дейін және қазір де мекендеуде. Олардың көбісі сармат кезеңіне тән. Өз заманында сарматтар Каспий ойпатын мекендегені белгілі. Олардың жалпы мекендеген аумағы біздің эрамызға дейін VІІ-І ғасырларда шығыста Арал теңізі, солтүстікте Орал тауына дейін, оңтүстікте Каспий, Үстірт өңірін, батыста Дунайға дейін қамтып жатқан алып империя болған. Грек, Рим, Шығыс, Европамен, Сақтармен сауда жасады. Сарышағыл құмтөбелі тұрағы біздің эрамызға дейінгі ІІІ-І ғасырларға жатады. Каспий ойпаты мен Атырау жеріндегі сармат кезеңінің ескерткіштері көптеп кездеседі. Тек Батыс Қазақстан аймағында ғана кездесетін сарматтық «Құмтөбелі тұрақтар» өзінің құрылысымен ерекшеленеді. Бұл тұрақтар ерекшелігі сонда, тек Тайсойған, Бүйрек, Сарықамыс, Нарын құмдарында б.э.д. VІІІ-І ғасырларда сарматтар мекендеп, осы құмдарға көптеген «Құмтөбелі тұрақтар» қалдырған. Сондай ақ, сонау қола дәуірінің андрон мәдениеті кезінде мекендеген тайпалардың тұрақтары мен қабірлері де құмшағылдарда кездеседі. Бұл тұрақтардың бірнеше ерекшеліктері бар», – деп жазады.

Осы ретте, аталмыш экскурсия делегациялары әлгінде айтқан «Түкті ата-Алып ана» қорымдарын көргеннен кейін Сағыз ауылынан батысқа қарай екі шақырым қашықтықтағы Сармат қаланың орнын көруге келді. Аталған ауыл тұрғындарының айтуынша, осы жер жел үрлеп кеткен тақыр, бетінде тас қырғыш, шапқы, жаңқалар, қыш ыдыстың сынықтары, сүйектер табылған. Экскурсия құрамындағылармен бірге, бізде іздестіру жүргізіп көрдік. Қолдарымызға қыш құмыраның сынығы тағы да басқа жәдігерлер түсті. Бірақ, бұл жер археолгиялық қазба жұмыстарымен айналысатын ғалымдар індете зерттеп, кешенді археологиялық жұмыстар жүргізуді қажет етіп тұр. Ең сорақысы, елдің тағылымды тарихынан сыр шертетін сарматтар мекенінің үстіне ауыл тұрғындары қоқыс төгіп, қоқыс алаңына айналдырып жібергені көңілге кірбің ұялатты. Сондықтан, жергілікті басшылар тарихи орынның үстін қоқыстан тазартып, айналасын қоршап, кешенді археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге ықпал етсе біршама құнды-құнды жәдігерлер табылады-ау деген ойға қаласың.

Қырғынтөбенің топырағына кім тиді?

Сармат қаланың орнын көргеннен соң Сағыз ауылынан 25 шақырым шамасындағы қашықтықта орналасқан Былқылдақты елдімекеніне атбасын бұрдық. Былқылдақты өңірі – қалмақпен ноғай қуылғаннан бастап, қазақ халқының бір рулы елінің атамекені. Деректерге сүйенсек, ата-бабаларымыз шаруа жүргізіп, күн көріс үшін жақсы қоныс таңдауға өте шебер болған. Осы ауыл Топырақшашты өзенімен жағасында суы жанға дауа жерден атқылап жатқан бұлақпен қиылысар қойнауға орналасқан. Айналасы толған тарихи мекендер: Қалмаққырған, Құрман-Батық, Таған, Иба, Сырымның жолы, ел ырысы аталған атақты Наршөккен, Қосай батыр ұрпағы Тәңірберген сардардың елі есептеледі, солардың ұрпағы Жанұзақ қажы, Тәжі ахун, қуғын-сүргін құрбаны Машырықтар өмір сүрген киелі мекен. Одан кейінгілері жыр сүлейі атанған Зәкария Сағындықұлы. Оның аты бірталай тарихи жазбаларда жиі аталады. Жері бұлақты, суы тұщы, өзен сағасы, айналасы былқылдаған көкорай болып келетіндіктен Былқылдақты атанған. Осы жердің суы бүкіл елдімекенге жетерлік. «Бұзау құдық» деген құдығы бар. Экскурсия мүшелері сол тарихи елдімекендегі балбұлақтан су ішіп, тарихи орындардың тарихымен танысып, Сағыз ауылының тұрғыны Мұрат Көптілеуовтің өз қолымен жасаған Зкария Сағындықұлы атындағы саябақтың ішімен танысып, саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткіш белгі алдында бабалар рухына тағзым етті. Бір өкініштісі, ауыл тұрғындары қалмаққырған немесе қырғын төбе атап кеткен биік төбенің үстіндегі ескерткіштер қазақ тіліне аударылмай тұрғанымен қоса, шетіндегі құмды экскаватормен күреп, шетін опырып алып, алынған құмның үстіне мұнай сору құрылғыларын орналастырып қойғандығын қайтерсің?

Естуімізше, сол жерден «СағызПетролеум» компаниясы мұнай өндіріп жатқан көрінеді. Сонда әлгі компанияға мемлекет қорғауына алынған тарихи маңызы бар ескерткіштердің керегі жоқ па? Неге жергілікті басшылар ұрпаққа мұра болатын сол тарихи орынды қызғыштай қорғап, заңды түрде шарасын алмайды? Бұған барша аудан халқы бір кісідей атсалысса керемет емес пе?!

Таған күмбезі

Қазақстан бизнесінің көшбасшысы, елімізде тұңғыш құрылған халықаралық «Қазақстан Коммерция» сыртқы сауда компаниясының президенті, жерлесіміз Жауғашты Нәбиевтің «Сағыздың бойы ен жайлау» кітабында («Арыс» баспасы, Алматы 2009): « ХVIII ғасырда Жем өзенінің бойындағы Ақкиізтоғай деген жерде Жаңайұлы Қожаназарға берілген аста 1000 киіз үй тігіліп, 2000 қой сойылған. Бәйгеге 500 ат қосылып, байрағына 100 жылқы тігілген. Асты басқарып, өткізген Қожаназардың баласы Таған екен. Тағанның әкесі Қожаназар Жаңайұлы өз заманында ықпалды кісі болса керек. Өйткені, оның бір баласы байбақты руының биі, атақты Сырым Датовтың туған атасы Шоланның қызына үйленсе, екінші ұлы Таған «Қазақ энциклопедиясына» Есенқұлов Есет деген атпен кірген, Кіші жүз қазақтарының қалмақтармен шайқасында айрықша көзге түскен Есек батырдың қызына үйленіпті. Ал, осы Тағанды түркмен бегі Әжнияз өзіне өкіл бала тұтқан. Таған бай маңғыстау ойына құлаған кезде түркмендерден Қаратаудың оңтүстік бөктерін тұтас сыйлыққа алып қыстаған екен. Жайлауы Үстірт, Жем, Сағыз, Арқа болыпты. Белгілі сәулетші, жазушы Сайын Назарбекұлы (хикаялар мен әңгімелер, 2 кітап, «Өлке» баспасы, 2001 жыл) осы аламан ас жайлы қариялардан естіген әңгімесін былайша өрбітеді:

– «Таған әкесі Қожаназарға ас беріп, сол асқа Кіші жүздің ханы келіпті. Хан аяғын жерге тигізбей, ат байлайтын кермесінен қонақ үйіне дейін ақ киіз төсеп тастағандықтан, әлгі шағаладай ақ киіздер той өткен тоғайға сән берсе керек. Той өткен тоғай, хан аяғына төселген ақ киіз ел есінде қалып, қазіргі Құлсары кентінің іргесіндегі бір жайлау Ақкиіз тоғай атаныпты». Сөйтіп, әкесі Қожаназарға дүрілдетіп ас берген Таған бай, Әбіш Кекілбайұлының алтыншы атасы болып келеді, сонымен қатар Тағанның атына батыр, тентек, сал деген әдемі анықтауыштар да қоса жалғанып жүріпті. Әбекең жастау кезінде жазушы псевдонимі ретінде, кейбір шығармаларына Таған деп те қол қойғаны белгілі. Бабаларымыз «бала атадан ширек кем туады», – дейді, ал, Әбіш Кекілбайұлы бабаларынан ақыл мен өнер жағынан әлдеқайда асып түсіп, дүниежүзіне танымал болып, Мырзатай Жолдасбековтің сөзімен айтқанда, «Маңғыстаудың 363-інші әулиесі» дәрежесіне көтерілді. Қазақ әдебиетінің классигі, ұлы ойшылы Әбекеңнің алтыншы атасы Тағанның мәңгілік тыныс тауып, жерленген жері біздің ауылда, яғни Қияқты деген жерде. Сағыздан 30 шақырым жердегі Тағанның күмбезді әсем зираты да күтімсіздіктің салдарынан бүгін де қирап бітті. Қирап бітті дегенде, біз бұл арада айналасындағы ел-жұртты кінәлап отырған жоқпыз. Өйткені, мұсылман баласы зиратқа тиіспейді ғой. Тек әне бір жолдары кеңес әскерінің жүгенсіз кеткен сарбаздары зираттың күмбезін нысана қылып атқылап, бүлдіріп кеткені жанға батады», – деп жазады. Бірақ, әлгі деректердегі «Қияқтыдағы Таған Әбіш Кекілбайұлының алтыншы атасы болып келеді» деген пайымдау қате. Ол Таған басқа жерде жатыр. Ал, біз әңгімелеп отырған Тағанның кім екендігі, қалай салынғандығы жөнінде Сағыз ауылының тұрғыны Хабиболла Ахметниязов аражігін былайша ажыратып береді:

– «Таған – Адай руының Жары бөлімінен тарайды. Сағыз өңіріне белгілі атақты байлардың бірі Боқмаш Шоланұлының ағайындары. Әкесі Сырлыбай деген Маңғыстаудың жылқылы байы болған. Сырлыбайдың екі баласы Емберді, Таған. Таған өмірі негізінде Индер жақта өткен. Кеңес үкіметі келген 1919 жылы Емберді осы Қияқтыда жылқысын бағып отырған. Сол кезде ақтар осы өңірмен жүріп, астына сүліктей әдемі ат мінген Ембердіні көрген ақ офицері астындағы атын сұрайды, сонда Емберді: – «мына жылқыдан қалағаныңызды ал, бірақ астымдағы атымды бере алмаймын», – дейді. Сонда ақтың офицері «Маған қарсы келетін сен сияқты қазақтың емі бір оқ» деп атып тастайды. Содан тумаластары Ембердіні осы Қияқтыға жерлейді, бейіті Тағанның мазарының қасында. Байдың баласы Таған тірі кезінде «Інім Ембердінің қасында болуымыз керек» деп екі күмбезді мазар тұрғыздырады. Оны 1920 жылы салады. Алайда, Таған ерте дүниеден озған соң өзі салғызған мазарға жерленеді. Ал, екінші мазарға адам жерленбегендіктен, кейін Кеңес үкіметі кезінде бұзылып, колхоздың малына қора салуға пайдаланылады. Тағанның бауырлары Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарында тұрады. Анық білетін Абай Сатыбалдиев деген інілерінің бірі соңғы жылдары келіп белгі қойды, мазардың айналасын ретке келтірді».

Міне, осындай тарихқа қаныққан экускурсияшылар әлгінде айтқан Таған байдың ескерткішін көзімен көріп, әрі қарай аудан орталығы Миялыға жол тартты. Ал, келесі күні Тайсойған ауылынан шығысқа қарай 10 шақырым жердегі әулие Сұлтануәйіс, ақын Ығылман Шөрековтің мазарларына тағзым етіп, «Халел ставкасын» көрді. Ол туралы толығырақ газетіміздің келесі нөмірінде жазылады.

Сатыбалды САҒЫМПАЗОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521