Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Тазалықты өзімізден бастайық!

Сәуір айынан бастап көктемгі тазалық айлығы басталғаны белгілі. Екі айға созылатын айлықта ауыл көшелері тазартылып, тұрғын үйлерде жинақталған күл-қоқыстары шығарылуы тиіс.

Алғашқы сенбілікте Миялы ауылындағы барлық мекеме қызметкерлері өз жұмыс орындарының айналасын тазалап, талдардың түбін қопсытып ретке келтірді.

Бұл күнгі сенбілікке басқа ауылдық оркугтегілер де ұйымшылдықпен қатысып, ауыл көшелерімен қоса «Ақтөбе-Атырау», «Сағыз-Миялы-Қарабау» тасжолдарының елді мекенге жақын тұстарын тазартты. Соңғы екі сенбілікте миялылықтар бұрыннан өздеріне белгілеген территорияларын, үш бағытта ауыл маңын күл-қоқыстан тазалып, белгіленген орынға төкті. Алайда, «Тазалық табалдырықтан басталады» демекші, тұрғындар ауыл айнасына немқұрайлылықпен қарауда. Тазалыққа жаны ашитын бірқатар тұрғындар күн жылына қоқыс тиейтін көлік іздеп сабылып жүрсе, дені әлі күнге дейін мән бермеуде. Әрине, тазалық жоқ жерде берекенің болмайтыны да анық. Қанша жерден сенбілік өткізіп, қоршаған ортаны, айналаны ретке келтіріп жатсақ та, кейбір елге жаны ашымайтын, санасы таяз жандардың кесірінен кез келген жерде күл-қоқыстар қайтадан пайда болып, тазаланған жерлер қайтадан ластанып жататындығы өкінішті. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, үш сенбілік барысында аудан бойынша 7200 тонна тұрмыстық қалдық шығарылып, оларды белгіленген орынға төгу үшін арнайы техникалар бөлінді. Сондай-ақ, «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» республикалық акция аясында 1168 түп тал көшеттерін отырғызу жоспарлануда. Алдағы уақытта құзырлы орындармен ауыл көшелеріне рейдтер жүргізіліп, тұрғын үйлер араларында белгіленбеген жерлерге күл-қоқыс төккендерге заң шеңберінде шаралар қолдану іске асырылмақшы.

Медет ҚАБЫЛҚАЙЫРОВ, Миялы ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:

Ауыл тазалығы отбасынан басталады. Десек те әлі күнге дейін бізде тазалық мәдениеті қалыптаспай отыр. Шынын айту керек, қоқысты кез келген жерге тастай беретін адамдар арамызда жетерлік. Тазалық басқаға емес, бірінші кезекте өзіміз үшін керек. Сенбілік ұйымдастырылғанда ауыл адамдары көше тазалығына араласпақ түгілі аула-жайларын жинамай, үй тазалығынан аспай жатады. Тазалық жоқ жерде берекенің болмайтыны да анық. Қанша жерден сенбілік өткізіп, айналаны ретке келтіргенмен кейбір елге жаны ашымайтын, жандардың кесірінен кез келген жерде күл-қоқыстар қайтадан пайда болып жатады. Мұндай келеңсіз жайттарды болдырмау үшін баршамыз да тазалыққа оң көзбен қарап, бір кісідей атсалысқанымыз абзал.

Нұргүл ЖЕКСЕМАЛИЕВА, Сағыз ауылының тұрғыны:

Ауылдың ішін айтпағанда елді мекеннің айналасындағы жолдардың бойына төгілген қоқыстар келген қонақтарға, өтіп бара жатқан жолаушыларға біздің тазалыққа қалай қарайтынымызды көрсетеді. Соларды басқа жерге тасыса немесе көміп тастаса жақсы болар еді. Бұл қоқыстар бір күнде және басқа жақтан әкеліп төгілген жоқ. Бәрі өзіміздің, яғни ауыл тұрғындарының әрекеті. Шағын елді мекендердің де тазалығы оңып тұрған жоқ. Сондай-ақ, сенбілікке мекеме қызметкерлері, мектеп мұғалімдері шығады да тұрғындар қалыс қалады. Бірен-саран кәсіпкерлер болмаса көбі кәсіпкерлік нысандарының айналасын тазалауға құлықсыз. Сондықтан, тазалықтың өзімізден басталатынын түсінген абзал.

Өз тілшіміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521