Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Тапсырма орындалмаса тәртіпке шақырылады

Өткен аптаның бейсенбісі күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен жиында аудан әкімі Арман Баженовтың ауылдық округ әкімдеріне, мекеме және бөлім басшыларына берген тапсырмаларының орындалысы тыңдалды.

Мәжілісті жүргізген аудан әкімі Арман Баженов:

– Әрбір берілген тапсырма бақылауда тұрады. Ал, берілген тапсырма орындалысымен ғана құнды. Алайда, көп жағдайда тапсырма формальды түрде орындалады. Яғни, айтылды, хат жолданды деген желеулер. Бұлай болмайды. Берілген тапсырмалардың орындалысы туралы нақты жауап керек. Әрине, кейбір тапсырмалардың орындалысы қаржыға байланысты, облыстық, кейде республикалық деңгейде шешілуі мүмкін. Сондықтан, тапсырмалардың не себепті орындалмағаны жайлы нақты түсіндіріңіздер, – деді.

Аудан басшысының берілген тапсырмаларының орындалысы жайлы хабарлама жасаған аудан әкімі аппаратының басшысы Асылбек Жанқуатовтың айтуынша, аппарат және салалық мәжілістерде округ әкімдері мен бөлім басшыларына берілген 164 тапсырманың 101-і орындалса, 40-ы орындалуда. Ал, 23 тапсырма орындалмаған. Орындалмаған тапсырмалардың бірі – Қарабау ауылында орын алған мал ұрлығын жасағандарды анықтау.

Жергілікті полиция қызметінің бастығы Ербол Ғаниевтің түсіндіруінше, бұл бағытта мобильді топ құрылып, жұмыстар жасалуда. Әзірге нәтиже жоқ. Мал ұрлығының орын алуының басты себебі ірі қара малын бағуға бақташының шықпауынан. Бұл жауапқа қанағаттанбаған аудан басшысы:

– Қазір ауданда мал ұрлығы көбейіп тұр. Аудандық ішкі істер бөлімінен алынған мәліметке сүйенсек мал ұрлығы жасалған қылмыстың үштен екісін құрап отыр. Яғни, бұл көрсеткіш жасалып жатқан жұмыстың осалдығын көрсетеді. Сондай-ақ, Мұқыр ауылындағы күл-қоқыс төгетін алаңның ұрланған қоршауы әлі табылған жоқ. Осы бағыттан таймаса ұрылар мен құқық қорғау қызметкерлері сыбайлас деген ой туындауы ғажап емес. Сондықтан, жұмысты ширатуларың қажет, – деп ескертті.

Ал, аудандық ішкі саясат бөліміне берілген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша жобаларды нақтылап, ұсыну, округтердегі бильбордтарды қадағалау жұмыстары орындалмаса, Мұқыр, Сағыз және Тасшағыл ауылдық округтерде ғимаратты жалдап отырған кәсіпкерлерге қаржысын төлету ұйымдастырылмаған. Сондай-ақ, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тапсырылған комиссия құрып, округтердегі балабақшалар мен мектептердің жылу қазандарын қысқа дайындығын тексеру де түрлі себептермен кейінге қалдырылуда. Берілген тапсырмалардың не себепті орындалмағаны туралы тиісті басшылар нақты түрде жауаптарын бере алмады. Мәселен, жалға алған ғимараттардың қаржыларының төленбегендігі туралы округ әкімдерінің жауабы «Айтылды, ескертілді» дегеннен әрі аспады.

– Атқарылған істерді нақты көрсете алмағандықтан, жұмыстың жасалғаны көрінбейді. Тек «Жоспарда бар, ұйымдастырылады» деген сылтау ғана айтылады. Ал, ғимаратты жалға алған кәсіпкерден жалдау қаржысын ала алмай отырғандарыңыз ешқандай сылтауды көтермейді. Бұлайша шарасыздық танытуға болмайды. Тапсырмаға жауапсыздықпен қарау жараспайды. Жалға алушы ақысын аудармаса неге сотқа бермейсіздер? Мәселен, экономика және қаржы бөлімі уақытында қадағалаудың нәтижесінде өздеріне тиісті қаржыларды айыппұлымен қоса өндіріп алды. Сіздер әлі бос сөзбен жүрсіздер. Яғни, жұмыс жасамағансыздар, – деді аудан әкімі Арман Баженов.

Округтер бойынша бірде-бір зират қоршалмаған. Себебін түсіндірген аудандық сәулет және қала құрылысының басшысы Жанар Әжіғалиева: «Он ауылдық округ орталықтарына жақын орналасқан зират, қауымдардың жер телімдері анықталып, жер теліміне мемлекеттік акт алу үшін қаражат сұратылды. Қазіргі уақытта Мұқыр және Жангелдин ауылдық округтеріне қаржы бөлініп, аталған құжатты жасақтау жұмыстары жүргізілуде», – деп жауап берді.

Біраз уақыттан бері орындалмай келе жатқан тапсырмалардың бірі – кейбір округтерде тұрғын үйлердің әлі күнге дейін құжаттандырылмай отырғандығы. Бұл мәселемен ауылдық округ әкімдерінің түсіндіруінше, бұрынғы иелері тұрғын үйлерді құжатсыз сатып көшіп кеткен. Ал, оларды табу мүмкін болмай отыр. Бұл екі-үш жылдан бері қайталанып келе жатқан жауап. Мәжілісте бұдан басқа да орындалмаған тапсырмалардың себебі түсіндірілді.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Арман Баженов: – Берілген тапсырмалардың артында халықтың әл-ауқатын жақсарту тұрғанын сезіну керек. Тапсырмалардың не себептен орындалмай жатқаны айтылмайды. Көмек сұралмайды. Округ әкімдері қашан орындалысын сұрағанша үнсіз отырады. Жалпы, жұмысты тиянақты жүргізу үшін әр округ бойынша жүйелі түрде жоспар болуы қажет. Сонда жұмыс жасау жеңілдейді. Ал, бүгінгі жиынның қорытындысымен берілген тапсырманы орындамаған басшылардан түсініктеме алынып, тиісті шара қолданылады. Сондықтан, жұмыс жасауға ниеттері жоқ жандар осы бағытта жүре берсе, орындарынан босатылатынын қаперлеріне беремін, – деді.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521