060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Субсидияның пайдасы неде?

Бүгінде аграрлық саланы дамытудың бір жолы – мал шаруашылығының өркендеуі.

Әсіресе, жекелеген шаруалардың мал басын көбейтуге ғана емес, тұқымын асылдандыруға ынталы болып, қызығушылығының артуы бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі екендігін айғақтап отыр. Бүгінде мал шаруашылығын асылдандыру бағытында аз жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Яғни, елімізде мал шаруашылығын өркендетуге айрықша көңіл бөлініп, мемлекет тарапынан асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға басымдық берілген. Әсіресе, кейінгі жылдары жеке қожалықтар селекциялық асылдандыруға ерекше ден қойып, жаңа мал тұқымдарын шығаруға күш салуда.

Жалпы, субсидиялау жүйесі негізінен тікелей үш бағыт бойынша іске асырылып отыр. Олар – асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру, сондай-ақ, инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу. Ал, субсидиялау Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен қағидамен қойылған мөлшерлерге сәйкес келіп, талаптарды қанағаттандырған жағдайда ғана беріледі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2014 жылдың 19 қарашасындағы №3-1/600 бұйрығында: «Отандық асыл тұқымды мал шаруашылығын, мал шаруашылығының өнімділігі мен өнім сапасын арттыруды мемлекеттік қаржылай қолдау – субсидиялау қағидасына сәйкес, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру бағыттары бойынша жүзеге асырылады. Асыл тұқымды мал шаруашылығының мүйізді ірі қара шаруашылығында тұқымдық түрлендірумен қамтылған асыл тұқымды аналықтың басына, жалпы табындардағы еттік бағыттағы тұқымдық бұқаларды бағып-күту шығындарын ішінара өтеуге, ал, қой шаруашылығында тұқымдық түрлендірумен қамтылған қойлардың аналық басына, асыл тұқымдық зауыттар мен шаруашылықтардағы асыл тұқымды қойлардың аналық басына бекітілген норматив бойынша жылма-жыл субсидия төленеді», – деп жазылған.

Субсидия алушылар саны артты

Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырғали Базарбаевтың айтуынша, қазіргі таңда мемлекет тарапынан берілетін көмекті алушылар саны жыл сайын көбейіп келеді. 2014 жылы субсидия алған он бір қожалық болса, 2017 жылы елу төртке көбейді. Ендігі жылы бұл көрсеткішті жетпіс шаруа қожалыққа көбейту жоспарда бар. Жалпы, субсидия алу үшін құжат жинақтау жеңілдеп, шаруагерге қолайлы болып отыр. Биылғы жылдың алты айында шаруа қожалықтар 77 асыл тұқымды бұқаға, отыз тоғыз сиырға және он екі жылқыға 61 миллион теңге көлеміңде субсидия алды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасып, жыл аяғына дейін жүргізіледі. Өткен жылы шаруа қожалықтары асылдандыру бағытында мал сатып алып, селекциялық жұмыстар жүргізгені үшін 81 миллион 533 мың теңге субсидия алды. Ал, ауылшаруашылық техникасын сатып алғандарға инвестициялық субсидия беріліп, ауданда жиырма сегіз шаруа қожалық 104 миллион теңге субсидия алды. Сондай-ақ, алыс жайылымдық жерлерден шахталы ұңғымалы құдық қазса оған кеткен шығынның 80 пайызын мемлекет субсидия ретінде қайтарып береді. Өткен жылы екі шаруа қожалық ұңғымалы құдық қазып, 32 миллион теңге субсидия алса, жылыжайға көкөніс егіп, оның өнімін сатқаны үшін екі кәсіпкер 193 мың теңге көлеміндегі жеңілдікке ие болды. Сонымен қатар, 125 мүшесі бар «Бірлік-Миялы» кооперативінің жұмысы қарқынды жүруде. Құрылған сәттен бері мүшеліктегі 106 адам 362 миллион теңге көлемінде несие алып, 2760 бас ірі қара сатып алған. Сатып алынған малды бордақылап, ет сою пунктіне өткізген әр малға 20 000 теңге көлемінде субсидия берілді. Күні бүгінге дейін сойылған ірі қараға 7 миллион 500 мың теңге көлемінде субсидия алды.

Ал, «Самғау» кооперативінің 21 мүшесі 54 миллион теңге несие алып, оған 291 ірі қара сатып алды. Оның сойылған жиырма екі басына субсидия алу үшін құжаттары тапсырылды. Аудан бойынша өткен жылы елу төрт шаруа қожалық пен шаруашылықтар мал тұқымын асылдандырумен жұмыстанды. «Нұрлы дала» агрофирмасы қой тұқымын, «Шадияр» шаруа қожалығы жылқы малын асылдандырып, Ұлттық палатаға тіркелді. Ендігі жылы Ұлттық палатаға тіркелу үшін «Құрман», «Аян» шаруа қожалықтары жұмыстар жүргізуде. – Айта кетер бір жайт, кейбір шаруашылық иелері субсидия алу үшін құжат жинақтап, оны арнайы бағдарламаға енгізуді қиынсынады. Негізінде орта білімі мен компьютерлік сауаты бар әр адам арнайы бағдарламаға кіріп, жұмысын өзі-ақ бітіре алады. Қазір шаруашылықтың басы-қасында жүрген кейбір шаруагер бұл жұмыстарды өзі жүргізе алмайды. Содан көп мәселе туындап, жұмыстарын өздері көбейтіп алады. Соның кесірінен субсидия алу уақытынан кешігіп жатады. Уақыттан кешігу субсидиядан қағылу деп түсінген абзал. Мұндай жағдай орын алмас үшін әр шаруа қожалық басшылары сауатты бір адамды тағайындап, шаруашылықтың ішкі жұмыстарын жүргізуді тапсыруы керек. Алдағы уақытта шаруагерді бағдарламамен жұмыс жасау үшін арнайы семинар, тренингтер өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырғали Базарбаев.

Әрине, мал басын асылдандыру бағытында жасалып жатқан жұмыстар мен мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидия көлемі көңіл қуантады. Десек те, шаруагерлер мен шаруашылық төрағалары мемлекет қамқорлығын сезініп отыр ма? Оларды кандай мәселелер толғандырады? Асылдандыру бағытында жасалып жатқан жұмыстар қаншалықты тиімді? деген сауалдарға жауап іздегенді жөн көрдік. Осы тұста, шаруагерлер не дейді? Соған құлақ түрелік.

Табыс табу өзіңе байланысты

Төрт-бес жылдан бері мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді алып отырмыз. Әрине, мұндай қамқорлықты сезініп, жұмысты әлі де жандандыруды ойластырудамыз. Бірақ, жаңа заңдылыққа сәйкес, берілетін субсидия азайғандығы көңілімізді басып тастады. Бұл менің ғана емес барлық шаруагерді ойлантып тастағаны белгілі. Жалпы, мал басын көбейтіп, асылдандыру жұмыстарын әлі де болса жандандыруымыз керек. Атам қазақ айтқандай жесең ет, ішсең сусын, мінсең көлік болатын төрт түліктің пайдасы көп. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық «жұмыс жасаймын, еңбек етемін» деген жанға қай сала да болмасын көп. Ал, оны тиімді пайдалану сіз бен бізге байланысты. Олай дейтінім, кей кезде ауыл тұрғындарының арасынан «жұмыс жоқ» деген уәждерді естіп жатамыз. Неге олай болуы керек? Әр адам өзі үшін еңбек етуі қажет емес пе?! Шаруашылық құрсын, мал бақсын, жұмысына қарай мемлекеттен берілетін жеңілдіктерді пайдалансын. Сонда өзінің отбасын ғана емес, басқаларды да жұмыспен қамтып, күнкөрісін жоғарылатпай ма? Бізде жастарымыздың мал бағуға ынтасы жоқ. Бірақ, қазақ болған соң малсыз біздің болашағымызды елестету мүмкін емес. Ал, мемлекет дәл осы тарапта шаруагерлерге үлкен қамқорлық танытып, арнайы бағдарламалар арқылы қаржылай қолдауды жолға қойып отыр. Пайызы төмен несие берумен қатар мал басының өсімі мен өніміне субсидия төлеу үрдісі - еліміздегі ең өміршең үлгі екені аян.

Оңғар ЖАНЫҚҰЛОВ, «Тасшағыл» ӨК-нің төрағасы, ауылшаруашылық саласының ардагері.

Жаңа заң қолайсыз

Шаруашылықты құрған кезден бастап мүйізді ірі қара малын тұқымдық түрлендірумен айналысып келеміз. Атқарылған жұмыстарымызға мемлекеттік бағдарламалар аясында, аналық мал басына, алынған төлдерге субсидия алып отырмыз. Шаруашылықта 150-дей сиыр бар. Болашақта тек тұқымдық түрлендірумен айналыспай, «Сыбаға» бағдарламасымен, асыл тұқымды мал сатып алып өсіргіміз келеді. Бірақ, бұл бағдарламада тек қана шетелден сатып алуға ғана қаржы қарастырылған. Еліміздегі шаруашылықтардың көбі, бұрынғы кеңшардан қалған мал ауылдарына орналасқан ұсақ шаруашылықтар, екінің бірінің қолынан алыс шетелден мал алып келу келе бермейді. Жақын орналасқан Ресейден алайын десек (тек қалмақ тұқымды сиырға байланысты айтып отырғаным), ол елдің барлық облыстарынан әр қилы ветеринариялық шектеулерге байланысты, мал сатып алуға мүмкіндік жоқ. Сонымен қатар, биыл жаңа Заң қолданысқа енді. Ол заңда сатып алынған, отандық асыл тұқымды аналық мал бастарына берілетін субсидияны алып тастаған. Сонда, отандық асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар мал сатайын десе, мемлекеттен бұрынғыдай «сатып алушыға» беретін субсидия берілмегесін, ешбір шаруашылық мал сатып алғысы келмейді. Дайындалған жем-шөпке де субсидия жоқ. Ол 90 пайызға жақын, шөлейтті, күрт континентальды аймақта орналасқан біздің облысымыздың шаруашылықтары үшін тиімсіз. Ал, енді қалмақ тұқымды ірі қараға тоқталып отырғаным, Сағыз өңіріне қазақтың ақбас тұқымды сиыры жерсінбей тұр. Оған селекциялық жұмыс кезінде көз жеткіздік. Мәселен, осы тұқымнан алынған бірінші ұрпақтың аналықтарының өзі, кейін бұзауларын тамақтандыра алмайды. 4-5 жылдан бері мүйізді ірі қараның қалмақ тұқымының аталықтарын алып, жұмыс жасап жатырмыз. Нәтиже ойдағыдай. Сөз соңында айтарым, мемлекетіміздің 100 миллион гектардан астам шөл-шөлейтті аймағын игеру жайын ойлау керек. Сондай-ақ, жаңа заң отандық асыл тұқымды мал өсіруге қолайсыз. Сондықтан, жаңа заңдылықты қайта қараған дұрыс деп есептеймін.

Жәнібек АРАЛБАЕВ, «Әнет» шаруа қожалығының төрағасы, биология ғылымдарының кандидаты, Оңтүстік-Батыс өсімдік және мал шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының Атырау облысы филиалының ғылыми қызметкері.

Кооперативтің жұмысы қарқынды

Кооператив құрылған сәттен бастап жүйелі жұмыс жасап, аудан халқына сапалы қызмет көрсетудеміз. Ет сою пунктінде күніне кем дегенде 6-7 бас ірі қара сойылады. Қазіргі уақытта ет өңдеумен айналысып, тартылған ет, қуырдақ, қазы дайындап, саттыққа шығарып отырмыз. Сұраныс та жоқ емес. Алдағы уақытта пунктті кеңейтіп, жұмыс айналымын жақсарту ойда бар. Бір, әттеген-айы, осы уақытқа дейін кооператив мүшелерінің бордақылап ет сою пунктіне өткізген әр басына 20 мың теңгеден субсидия берілетін. Ал, жаңа заңға сәйкес төленбей отыр. Бұл әрине, қынжылтатын мәселе. Десекте, жұмыс тоқтап қалмайды. Өз күшімізбен алға қарай да халыққа қызмет көрсететін боламыз.

Айжан ІЗІМОВА, «Миялы-Бірлік» кооперативінің төрайымы.

ТИІМДІЛІГІ ЖОҒАРЫ

Қожалықты 2009 жылы құрғанымызбен жұмысты 2016 жылы қолға алдық. Жамансай бойында орналасқан шаруашылықтың қазіргі жұмысы жүйелі. Иелігімізде 10 жылқы, 300-дей қой және алпыстың үстінде ірі қара малы бар. Қазіргі таңда ірі қара малын асылдандыру жұмысын қолға алып отырмыз. Асылдандыру бағытындағы жұмысқа және жем-шөп дайындағанымыз үшін мемлекет тарапынан берілетін субсидия біз үшін үлкен көмек десек те болады. Өйткені, жұмсалған шығынның орны толып, алға қарай жұмысты жандандыруға мүмкіндік туып отыр. Негізі, субсидия алу үшін құжат жинақтауда ешқандай кедергі жоқ. Тек шаруагер мал сатып алғанда құжаттарына мұқият түгендеп, оны бағдарламаға енгізе отырып жасайды. Құжат жинақтау уақыты мал түріне қарай әртүрлі. Сондықтан, уақытынан кешіктірмей жинақтау керек. Уақытынан кешіксе болғаны мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктен қағылады. Субсидияның айтып отырғанымдай тиімділігі жоғары. Алдағы уақытта ұсақ малдарды да асылдандыру жұмысын қолға алу, шаруашылықтың техникаларын жаңарта түсу ойда бар.

Әнуар АМАНҒАЛИ, «Аян» шаруа қожалығының төрағасы.

Шаруагерге жол сілтейтін маман керек

Өткен жылы 10 бас аталық жылқыға, 14 ақ бас сиырға және 20 бас асыл тұқымды қошқарға мемлекеттен субсидия алдық. Жалпы, иелігімізде 600 бас жылқы, 450 бас ірі қара, 900 бас қой бар. 2012 жылдан бері мемлекет тарапынан осындай көмек алып келеміз. Шаруашылықтың алға қойған мақсатының бірі республикалық палатаға тіркеліп асыл тұқымды сиыр статусын иелену. Бұл бағытта жұмыстар жүріп жатыр. «Айыртам», «Ақиін», «Шелтоғай» жерлерінде қоныстанған біз жаңа бағыттағы жұмысымызға сай «Жаңа орынды» да сайлап отырмыз. Қолға алған жұмысты жандандыру үшін мемлекет тарапынан берілетін осындай жеңілдік шаруагердің алға ұмтылуына мүмкіндік туғызып отыр. Иә, кейбір шаруашылық иелері жұмысты бастағанымен әрі қарай жүргізуді білмей, орта жолда тастап кетеді. Осы тұста айтарым, шаруагерге жол сілтейтін мамандар болса дейсің.

Ықылас ЕЛЕМЕС, «ИП Қуаныш» шаруа қожалығының мал дәрігері.

Кепілдікті қайдан табамын?

Өткен жылдың аяғында «KIZILKOGA ST» кооперативін құрып, жиырма адам мүшелікке өтті. Кооператив құрғандағы мақсатымыз ауылдан сүт дайындайтын арнайы орын ашып, халық игілігіне жұмыс жасау болатын. Бірақ, қазіргі уақытта жұмысты жүргізуде кідірістер болып, кейбір мәселелер шешімін таппай отыр. Соның бірі жер жайы болса, екіншісі сүт шығаратын шағын зауытты ашуда жұмыс тоқтап тұр. Зауыт құны 35 миллион теңгені құрайды. Ал, оған кепіл ретінде қойылатын кепілдемені өзім табуым керек. Ал, ондай қаржыны құрайтын кепілдеме ауылдық жерде қайдан болсын. Бір жұмыстың екіншісіне кедергі болуы салдарынан ойлаған жұмыстар орындалмай жатыр. Шығын да көбейді. Бастапқыда Қостанай облысынан 20 сементал тұқымды сиырын алып, мемлекеттен 3 миллион теңге көлемінде субсидия берілді. Бұл мемлекет тарапынан алынған алғашқы жеңілдік болатын. Бұған дейін асылдандыру жұмысын жүргізбегендіктен шаруашылық субсидия алған жоқ.

Бағдат НҰРМАҒАНБЕТ, «Хайролла» шаруа қожалығының иесі, «KIZILKOGA ST» кооперативінің төрағасы.

ТҮЙІН. Міне, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытқан шаруагерлердің жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Демек, өңірімізде селекциялық мал шаруашылығын жоғары деңгейге көтеріп, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға барлық мүмкіндік бар. Алайда, ендігі жылы берілетін субсидия өзгеріске ұшырап шаруагерлерді біраз алаңдатып отырғаны белгілі. Жалпы, төрт түлігін түлетіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына барынша үлес қосып отырған шаруагерлердің аталмыш мәселеге алаңдаушылық білдіруі орынды секілді. Өйткені, бастаған ісін одан әрі жетілдіру бағытында мемлекеттен берілетін мұндай көмек шаруагерлер үшін үлкен мүмкіндік екені айтпасада түсінікті. Сондықтан, жаңа заңды қайта қарап шыққан артықтық етпейді. Сонда ғана көрсеткіштеріміз де көңіл көншітіп, өндірісі өркендеген өңірге айналарымыз анық.

Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?