060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Шаттыққа толы шаруагерлер мерекесі

Қызылқоға – ежелден мал шаруашылығын дамытқан өңір. Сондықтан болар, аудандағы негізгі кәсіптің көзі мал шаруашылығының өркендеуімен тығыз байланысты.

Төрт түлігін түлетіп, ыдысы ақтан арылмаған жергілікті тұрғындардың ата кәсібімізді өркендетуде қосып жатқан үлесі мол. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен елімізде ауқымы кең ұтымды жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылып, игілікті бастамалар ауданымызда да жалғасын табуда. Бұл бағытта аудан еңбеккерлерінің де қосып отырған үлесі зор. Өткен аптаның жұмасы мен сенбісінде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында арнайы семинар-кеңес ұйымдастырылып, арты мерекелік шараларға ұласты.

Субсидияда өзгеріс бар

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында ұйымдастырылған семинар-кеңеске ауылдық округ әкімдері, тиісті бөлім, мекеме, шаруашылық басшылары мен шаруа қожалықтарының төрағалары қатысты. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырғали Базарбаев төрағалық еткен жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Аманжол Қабдешовтің «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және сапасын арттыруды субсидиялау» тақырыбындағы хабарламасы тыңдалды. Оның түсіндіруінше, бұған дейін жұмыс жасап келген ауыл шаруашылығы министрлігінің 2017 жылғы №30 бұйрығына биыл өзгерістер жасалды. Атап айтқанда, мүйізді ірі қара мен қой малының 30 бас аналығына бір аталық болса, қазір 25 бас аналыққа бір аталық болып өзгертілді. Бұрын сатып алынған қошқардың әрқайсысына 20 мың теңге беріліп келсе, қазір бұл баға өзгертіліп 8 000 теңгеге түсті. Сондай-ақ, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша сатып алынатын ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара малдар тек Ресей елінен алынуы керек. Олардың бір басына берілетін субсидия көлемі 225 мың теңге болса, асыл тұқымды ірі қараның төліне қаражат бөлінбейді. Айғыр мен бураға берілетін қаржы сол күйінде қалса, бие мен інгенге субсидия берілмейтін болды. Сонымен бірге, қысқы мал азығын дайындауға кеткен шығындарды өтеуге берілетін қаражат та өзгерістерге байланысты қазір берілмейді.

Бұдан кейін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырғали Базарбаев семинарға қатысушыларға инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау бойынша түсіндірсе, аталмыш бөлімнің бас маманы Марат Бисенғалиев ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің жайылымдық, шабындық жерлердің электрондық карталарын жасауды слайд арқылы көрсетті. Шара барысында аталмыш тақырыптар бойынша қойылған шаруа қожалықтары төрағаларының сауалдарына жауап берілді.

Асыл тұқымды малдар көрмесі

Астана қаласының 20 жылдығына орай, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында өткізілетін «Шаруагерлер тойы» және күзгі маусымдық ат бәйгесінің жабылу салтанаты 13 қазан күні ертеңгілік «Бәйгетөбе» алаңында жалғасты. Мерекеге жиналған жұртшылық алдымен асыл тұқымды малдар көрмесін тамашалады. Көрмеге аудандағы асыл тұқымды мал өсірумен айналысып отырған жангелдиндік «Хайролла» шаруа қожалығы сүт бағытындағы «Симментал» асыл тұқымды ірі қара малының аналығы мен төлі, «Аян» шаруа қожалығы ет бағытындағы «Герефорд» асыл тұқымды ірі қара малының аталығы мен «Абердин ангус» тұқымының аналығын әкелді. Айта кетсек, жақсы күтімге алынған жағдайда «Симментал» тұқымының аналығынан маусымына 3200-3800 келі сүт сауылады. Ал, «Абердин ангус» тұқымының тірілей салмағы 500 келіні құраса, «Герефорд» тұқымының тірілей салмағы 900 келіге жетеді. Сондай-ақ, көрмеден Жангелдин ауылдық округіне қарасты «Нұр-Ай» шаруа қожалығының ет бағытындағы ірі қара малы «Абердин ангус» тұқымының аталығы мен асыл тұқымды «Ғиссар» қой малының аталығы орын алса, ойылдық «Құрман» шаруа қожалығының асыл тұқымды «Еділбай» тұқымының қошқары мен саулығы, «Жасқайрат асыл тұқымды қой зауыты» ЖШС-нің Атырау етті, майлы, елтірілі қой тұқымының аталығы, саулығы мен қозысы, дайындалған елтірі түрлері жұртшылықтың назарына ұсынылды. Негізінен Тәжікстан мемлекетінде өсірілетін «Ғиссар» қойы еті майлы келетін құйрықты қойдың бір тұқымы. Тірілей салмағы 120 келіні құраса, сойғанда 58-60 келі ет береді. Ал, ет бағытында өсірілетін қазақстандық «Еділбай» қойы құйрықты қазақы қой тұқымының бір түрі. Қошқарының тірілей салмағы 100-120 келі, ал, саулығының салмағы 65-75 келіні тартады.

Жәрмеңке қыз-қыз қайнады

Сонымен бірге, мерекеге орай ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне жиналған жұртшылық көп болды. Барлығы да арзандатылған ауыл өніміне қызығушылық танытуда. Әр округтерден келген шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер, жеке тұрғындар өздері дайындаған ауыл шаруашылығы өнімдерін жәрмеңкеге қойды. Атап айтқанда, тайсойғандық «Дастан» шаруа қожалығы картоп, жуа, сәбіз, қырыққабат, қызылша секілді бақша өнімдерін әкелсе, сағыздық шаруагерлер жылқы етін саттыққа шығарды. Мұқырлықтар балық пен нан өнімдерін ұсынса, Жангелдин ауылынан қатысушылар қарбыз, дайындалған бақша өнімдерін (консервіленген) жәрмеңкеге қойды. Ойылдық кәсіпкерлер Роза Құлтаева өз наубайхансынан пісірілген нан өнімдерінің 10 түрін тұтынушыларға ұсынып, тауық етінен кәуап пісірсе, көздіғаралық кәсіпкер Марат Төлеуов жылыжайының өнімі қызанақты әкелді. Жалпы, барлық округтен жәрмеңкеге қатысушылар тары-талқан, құрт-ірімшік, май, қаймақ, сары секер, шұбат секілді ұлттық тағамдармен бірге нан өнімдерін де тұтынушыларға ұсынды. Ал, мұқырлық «Сарқұмақ» шаруа қожалығы мен ойылдық «Ардақ» шаруа қожалығы 3000-3500 теңгеден шөп орамаларын сатты.

Үздіктер ұлықталды

Ауыл шаруашылық қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Арман Баженов: – Елбасы Н.Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдауларының бірінде еліміздің аграрлық секторы экономиканың жаңа драйвері болуы тиіс деп атап өткен болатын. Қазіргі уақытта қабылданған әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында ел игілігі үшін атқарылып келеді. Бәрімізге белгілі Қызылқоға ауданы ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы кеңінен дамыған аудандардың бірі. Ауданымыздың шаруагер азаматтары ел экономикасының өсуіне өз еңбектерімен үлестерін қосуда. Алға қарай да мемлекеттік бағдарламалардың аясында ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүре береді. Бүгінгі мерекеге орай ауданның барлық шаруагерлерін, кәсіпкерлерін құттықтай отырып, жасап жатқан еңбектерінің жемісін көруді тілеймін, – деді.

Бұдан кейін аудан басшысы «Жасқайрат асыл тұқымды қой зауыты» ЖШС-нің аға шопаны Талап Жалмұхановты, аудандық ветеринариялық стансасының емдеу ісі және залалсыздандыру маманы Қанат Қазиевті аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, мерейлі 80 жасқа толған Мыңбай Жарылғағанға, 70 жасқа толған Сүйеуғали Дүйсәліге, 60 жасқа толған Мақсым Ғұмарға құттықтау хатын табыс етті. Сондай-ақ, жеткен жетістіктері мен атқарған қызметтері аясында үздік деп танылған «Аян» шаруа қожалығының төрағасы Әнуар Аманғали «Озат мал тұқымын асылдандырушы» номинациясын, «Құрман» шаруа қожалығының төрағасы Құрман Жаңабаев «Озат шаруашылық басшысы» номинациясын, аудандық ветеринариялық стансасының Көздіғара ауылдық округі ветеринариялық бекет меңгерушісі Самат Жүсіпов «Озат ветеринариялық дәрігер» номинациясын, «Сарқұмақ» шаруа қожалығының механизаторы Сатыбалды Сабырғалиев «Озат механизатор» номинациясын, жангелдиндік жеке кәсіпкер Амандық Ықсанов «Озат егінші» номинациясын иеленді. Ал, аудандық статистика басқармасының басшысы Файзада Сауғабаева, «Дастан» шаруа қожалығының төрағасы Қоныс Ерманов, «Атырау» шаруа қожалығының төрағасы Ғариполла Жұмиев, «Фархат» шаруа қожалығының төрағасы Саламат Таяшевтар аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқалидің Алғыс хатымен марапатталды.

Мерекелік шарада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне жақсы дайындықпен келіп, ұйымшылдықпен қатысқан Жангелдин, Ойыл, Тайсойған ауылдық округтерінің әкімдері ұйымдастыру комиссиясы атынан арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлыққа ие болды.

Мұқырдың жүйріктері мықтылығын көрсетті

Мерекелік марапаттаулардан кейін жұртшылықтың тағатсыздана күткен аламан бәйге басталды. «Шаруагерлер тойына» және Сарбұқа ұрпақтарының дүниеден өткен марқұмдарды еске алып, ас беруде ұйымдастырылған аламан бәйгеге «Құрман» шаруа қожалығының төрағасы Құрман Жаңабаев І орынға 300 мың теңге, ІІ орынға 200 мың теңге, ІІІ орынға 100 мың теңгеге демеуші болды. Ал, барша қызылқоғалықтарды мерекемен құттықтаған Сарбұқа әулетінің ұрпағы, ауданның Құрметті азаматы, жазушы, журналист Төлеген Жаңабай бәйгеге қатысушыларға сәттілік тілеп, аудан тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлайтын шараны ұйымдастырған аудан әкімдігі мен аудандық ұлттық спорт түрлері федерациясына ризашылығын білдірді.

Айта кету керек, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі және күзгі маусымдық ат бәйгесінің жабылу салтанатына орай ұйымдастырылған аламан бәйге Сарбұқа ұрпақтарының дүниеден өткен марқұмдарды еске алуға арналған аламан бәйгенің уақытымен тұспа-тұс келуіне байланысты өзара келісіммен бірге өткізу ұйғарылды. Сондықтан, бәйгенің жүлде қорын Сарбұқа ұрпақтары тағайындағанды жөн көрді. Бұл аудан шаруагерлері күніне арналған шараның өз мәнінде өтуіне зор септігін тигізді. Атбегілер мен шабандоздардың аты-жөні, аттардың жасы, түсі, атақ-даңқы таныстырылғаннан кейін сегіз айналымы 24 шақырымды құрайтын аламан бәйге басталып, оған 13 сәйгүлік қатысты. Жеті айналымда төртінші, үшінші орындарда келе жатқан мұқырлық Аманияз Тайжановтың кері айғыры соңғы айналымда суырылып алға шығып, бірінші келді. Көрші Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Жекенді ауылынан қатысқан Әлібек Бюриннің аты екінші орынға ие болса, тайсойғандық Сәлімжан Өтеғалиевтің 10 жасар «Гүлсары» атты жүйрігі үшінші орынды иеленді.

Бұдан кейін құнан бәйгеге кезек берілді. 13 жүйрік қатысқан құнан бәйге тоғыз шақырымды құрады. Нәтижесінде, мұқырлық Бауыржан Айдаровтың «Сүйрік» атты құнаны бірінші келіп, демеуші болған «Шадияр» шаруа қожалығының төрағасы Бақтығали Үмбетқалиевтің 200 мың теңгесін иемденді. Ал, Мұқыр ауылынан қатысқан Абдуллах Құмардың «Генерал» атты сәйгүлігі екінші орынды (100 мың теңге, демеуші «Құлкеш» шаруа қожалығының төрағасы Жақан Айыпқалиев) иеленсе, сағыздық Асқар Тілектестің «Жұлдыз» атты жүйрігі үшінші орынды (70 мың теңге, демеуші «Құмар» шаруа қожалығының төрағасы Тілек Қарабалиев) еншіледі. Алты шақырымдық тай жарысына да 13 тай қатысты. Төрешінің белгісімен алаңды шаңдата шаба жөнелген тайлардың арасынан мұқырлық Тұрлан Сағыновтың «Мөлдір көз» атты тайы бірінші келіп, 60 мың теңгеге қол жеткізсе, мұқырлық атбегі Аманияз Тайжановтың «Жұлдыз» атты тайы екінші орынды (40 мың теңге) еншіледі. Айта кетсек, екі орынға да «Тайжан» шаруа қожалығының төрағасы Аманияз Тайжанов демеушілік көрсетті. Үшінші орынға тігілген 30 мың теңгені (демеуші «Құмар» шаруа қожалығының төрағасы Тілек Қарабалиев) мұқырлық Абдуллах Құмар ұтып алды. Бұдан кейін жігіттердің ептілігін, білектерінің күштілігін сынайтын аударыспақ ұйымдастырылып, миялылық Асхат Аштахаев мықтылығымен көзге түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Осылайша, шаруагерлерге арналған мереке өз мәресіне жетті.

Иә, ел экономикасын көтеруде еселі еңбегімен қызмет етіп жүрген ауыл шаруашылығы еңбеккерлері қандай марапатқа да лайық. Кәсіби мереке қарсаңында өткізілген шаралар олардың адал еңбегіне көрсетілген құрмет деп білгеніміз жөн.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?