060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Шаруаның бәрі шабындыққа жұмылды

«Қыстың қамын жазда ойла» дегенді басты назарда ұстайтын қызылқоғалық шаруагерлер шөп шабу науқанын бастап та кетті.

Осыған орай, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырғали Базарбаевпен бірге шабындық басындағы шаруаларды аралап қайттық.

Жол үстіндегі әңгімесінде бөлім басшысы Қайырғали Базарбаев:

– Аудан бойынша 124802 тонна мал азығы қажет. Өткен жылдан 20650 тонна қалдық шөп бар. Қазіргі таңда 4780 тонна мал азығы дайындалды. Шөп шабу науқаны басталмас бұрын ауылдық округтерді аралап, техникалар тексерістен өткізілді, – деді.

Ертемен басталған іссапарымыз Жангелдин ауылдық округіне қарасты «Жандос» шаруа қожалығынан басталды. Отбасылық кәсіпті дөңгелетіп отырған шаруагер Теміржан Құбанов 2004 жылы бұрынғы ферма орталығы Жырақұдықта жеке кәсібін бастаған. Бүгінде шаруашылықты кеңейтуді, мал басын арттыруды жоспарлаған шаруагер қыстың қамына кіріскен. Шапқан шөптерін жинап, қыстақ орындарына тасып алу қамында жүрген отбасылық кәсіп иелерінің ауызбіршілігі байқалады. Олай деуге шабындық басындағы ағайындылардың тынымсыз еңбегі дәлел. Таңмен таласа тұрып, ерте еңбекке араласқан олардың бірі тракторға жайғасып шөп шауып жүрсе, енді бірі шабылған шөптен орама дайындау үстінде. Қожалық жетекшісінің айтуынша, қазір бригадада үш адам екі трактормен жұмыс жасауда. Өрт қауіпсіздігін сақтай отырып, мол өнім алуды көздеген бұл қожалық артылған шөпті саттыққа да шығармақшы.

– Шілденің орта тұсында шабындыққа шалғы түсірдік. 2000 орама шөп дайындауды жоспарлап отырмыз. Қазір қожалыққа қарасты «Кенже», «Жырақұдық» «Лұқпан» жерлерін шабудамыз. Шөп түсімі жауын-шашынның аздығынан сирек. Бірақ, еңбек еткен адамға өнім алуға болады, – дейді қожалық төрағасы.

Сапарымыз одан әрі Мұқыр ауылдық округіне қарасты «Серік» шаруа қожа-лығымен жалғасты. Құрылғанына он жылдан асқан қожалық жұмысы бүгінде жүйелі. Төрт түлікті түлеткен қожалық иесі Сағызбай Қарабалин Жангелдин ауылының тумасы. 90 жылдардағы қиын кезеңде Жамансор басына көшіп келіп, өз кәсібін бастайды. Негізгі кәсіптері түйе шаруашылығы. Оның өнімін халыққа ұсынып, шұбаттың пайдасын насихаттап жүр. Бұлар да отбасымен осы істі дамытуға бел байлап, жұмыла еңбек етуде.

– Биылғы жаз аудан тұрғындары үшін аптап ыстығымен есте қалатын түрі бар. Себебі, жауын-шашынсыз өтіп жатқан жаз шаруагерлер үшін қиындық тудыруда. Жаздың ерекше ыстығынан көп жерлердегі шабындықтарда түсім нашар. Бірақ, қысқа жем-шөпті жеткілікті дайындап алу межесі тұр. Таңмен ерте тұрып, күннің ыстығында демалып, кешкі салқынмен жұмыстар атқарып жатырмыз. Биыл 2000 орама жинауды жоспарласақ, қазір 400-450 орама дайындалды. Сақтық шарасы да басты назарда. Өйткені, маңдай термен келген еңбектің қызығын көремін деген шақта шапқан шөпті «тілсіз жау» жалмап кетсе, кім-кімге де оңай тимесі анық. Сондықтан, әр шаруагер еңбегі еш кетпеуі үшін қауіпсіздікті қатаң сақтағаны абзал, – дейді бізбен әңгімелескен қожалық мүшесі Қайыржан Қарабалин.

Ал, "Темірбай" қыстағына қоныстанған «Әнуар» шаруа қожалығының иесі Еркін Ахметов те қыс қамына кызу кіріскен. Әке таяғын ұстап қалған ол төрт түлікті түлетіп отырған шаруаның бірі. Біз барған сәтте кешкі салқын түскен соң шөпшілермен бірге шабындық басына жиналып жатыр екен.

– Бір жылдары қыс қатты болып біраз қиналдық. Жинаған шөп те бітіп, тығырыққа тірелген болатынбыз. Сон-дықтан, сол сабақ болып, жанар-жағар май қымбатшылығына, түсімнің нашарлығына да қарамай білек сыбана еңбек етіп жатырмыз. Орамаларды қазір қыстақ басына тасып алсақ, кейін артылғанын сатуға шығару ойда бар, – деді Еркін Ахметов.

Жангелдин ауылдық округіне қарасты «Бірлік – 1» шаруа қожалығының шабын-дыққа шалғы түсіргеніне көп бола қоймаса да, қажетті жем-шөптің 40 пайызын дайындап үлгерген. Шабындық басында екі трактор, бір шөп шабу агрегаты мен тайлағыш бар. Үш адам еңбек етуде. Қазіргі таңда «Тақырқұдық», «Төсқұдық», «Үлкен темір» жерлерінен шөп шауып жатқан қожалық иесі Қаржау Әбілғазиев жұмыс қарқынды жүріп жатқандығын айтты.

Ал, ауылға қайтар жолда кезіккен «Талғат» шаруа қожалығының иесі Бағдат Жантілеуов те науқанның басында қызу еңбек үстінде жүр екен. «Қожақұдық» басына шалғы салған ол басқалар секілді айға жуық уақыттың ішінде 500-дей орама дайындап үлгерген.

– Өзімізге қажетті жем-шөп дайындалған соң артылғанын халыққа тұтынамыз. «Еңбек етсең емерсің» дегендей қыстың қамы үшін тынымсыз еңбек етудеміз.

Шабындық науқанына отбасым көмектеседі, – деді бізбен әңгімесінде қожалық иесі. Шабындықта шалғы сырылы басталып, мал азығын дайындау барысында басты қаперге алатыны – қауіпсіздік. Өткен жылдары қауіпсіздікке салғырт қарау салдарынан дала өрті өршіп, шабындық жерлер отқа оранды. Ал, біз барған қожалықтардың шөп шабу техникалары қызу жұмыс үстінде. Тракторшылар өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында өрт сөндіргіш құрал, киіз, сапалақ, күрек секілді керек-жарақтарын өздерімен бірге алып жүр.

Иә, «Шөбі көптің – малы тоқ» деп бекер айтылмаған. Сондықтан, шаруагерлер қазіргі аптап ыстыққа қарамастан, тырбынып жатқаны сол малдың қамы. Ауылдағылардың күнкөрісі соның үстінде. Сол себепті шөп шабуға барлық жерде де айрықша көңіл бөлініп, барды жинап алуға мезгілінде күш салынуы керек.

Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?