Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Өр суының зобалаңына жиырма бес жыл

Қызылқоға өлкесі тарихынан ойып орын тепкен тоқсан үштің тасқыны, арада ширек ғасыр өтсе де халықтың жадынан өшкен жоқ. Рас, табиғаттың тосын мінезінен туған осынау зардап әркімге әртүрлі тиді, әртүрлі әсер қалдырды. 1993 жылдың 17 сәуірінде өр суы мол болып, жерлестеріміз малға азық, елге ырыс деп мәз болып жүрген уақыты еді.

Дәстүрлі сенбіліктің де біраз жұмысы Миялы ауылының шығыс, солтүстік-батысын алып жатқан су бөгеттерін нығайтуға бағытталып жатты. Ойыл арнасынан асып, тасқын судың бөгетке соққанына да екі-үш күн болған. Ауданда тиісті қауіпсіздік шаралары алынып, тасқынға қарсы әнебір қамсыз емес-ті. Ауылдың су келер жағын қоршай соғылған дамбының барлық тұсында мекеме, ұйымдардан тәулік бойы кезекшілік те ұйымдастырылды. Мен ол уақытта аудандық Жастар комитетінің төрағасымын. Түсқайта сағат үштен кете жергілікті жар радиосы самбырлап қоя берді: «Дабыл, дабыл! Ауылдың азаматтары, қолдарыңа күрек алып, селоның шығыс жағына келіңіздер.., ауылға су кіріп кетті...».

Естігендер үрейлене өре түрегеліп, тұра шапты, абдырап қалғандар да бар. Келсек, бірнеше күн буырқанып, деңгейі күрт көтерілген тасқын су сол водстрой тұстан дамбыны бұзып кіріпті. Ауылға кірген ағын су айналасы 5-6 сағаттың ішінде орталық көшелерді қуалап, Бәйсеудің құмына келіп бір тірелді. Үйлері суға кеткен халық қырға қарай жөңкілді. Көп кешікпей, су ортасында қалған сарай, қора-жай, үйлердің алды құлай бастады. Табиғаттың дүлей күшімен бетпе-бет келгенде, әділін айту керек, аудан басшылары, белсенді азаматтар тез ширықты. Дереу бар күшті жұмылдырып, осал тұстарды қымтап, жағдайдың өршіп кетпеуі үшін шұғыл шараларды қолға алды. Халықты сабыр сақтауға шақырып, олардың қауіпсіздігі үшін бәрін жасады. Сол күні түнгі 3-ке дейін далада жүрдік, басқа дүние бір сәт естен шықты. Арпалыс екі тәулікке созылды. Келесі күні Миялыға облыс басшысы Сағат Түгелбаев тікұшақпен ұшып келді. Осы сәттен бастап, тасқынның зардабын жою жұмысы жүйелі жоспарлана бастады. Ал, атқарылар істің ауқымын болжау, тиімдісін нақтылау оңай емес-ті. Бұл орасан күш-жігер, табандылық пен парасаттылық, ақыл мен алғырлықты қажет еткенін кейін уақыт көрсетіп берді. Ауданда төтенше жағдай жарияланып, тасқынның зардабын жоюға арналған арнайы штаб құрылды. Жағдай шынында да өте қиын еді. Аудан орталығының орталық көшелері түгелдей дерлік су астында қалды. Тұрғындары биіктеу ПМК, Бәйсеу ауылдарын және басқа әр жердегі су шаймаған үйлерді паналады, кей жұрт от жағып, далаға түнеді. Жарлары суға әбден езілген пәтерлердің әлсін-әлсін гүрс етіп құлаған дыбыстары бірнеше күнге созылды.

Тасқын кезінде талай түрлі жағдайлар орын алды, күтпеген оқиғалар болды. 19 сәуір күні әкімшілікте қарбалас жиналыс өтіп жатқан. Бір уақытта ішке есік те қақпастан дәрігер Аманжол Елешов кіріп келді. «Сіздер, - деді ол алқынып, - мұнда жиналыс өткізіп жатырсыздар. Ал, жаңа ғана бір бозбала суға кеткен үйінде тоққа тартылып, қаза болды». Жиналыстағылар қапелімде абыржып қалды. Тек төрде отырған аудан әкімі Есенгелді Нұршаев сыр бермеді. Сол бойда тиісті адамдарға тапсырма беріп, жиналысын жалғастыра түсті. Ал, қаза болған, кейін аудан әкімінің орынбасары болған Қуанышев Жәдігердің өрімдей ұлы Дулат еді. Айтпақшы, сол жазда «Қызылқоға» газетіне ауылдас зейнеткер ағамыз Тайтуллин Қаржаубайдың «Мен әкімді аядым....» деген өлеңі шықты. Қаржекең тасқын зардабынан бір мәселеге байланысты аудан басшысына жолығуға ниет етсе керек. Келсе, әкімшіліктің алды өзі сияқты толған кісі, кезекпен кіруде. Бірі күліп, бірі балағаттап шығып жатыр. Сол жолы көпті көрген кісі қатты ойланып, әкімге ақыры кірмей кетіп қалыпты. Халықтың басына түскен мұқтаждықты жүрегі арқылы өткізген абзал аға, аудан әкімінің басына түскен қиындыққа да қатты толқып, осы өлеңін шығарған ғой. Көзі қарақты, көкірегі ояу қарттың сол жазғанынан-ақ тасқынның зардабын жоюдағы қиын кезеңнің шынайы көрінісін анық сезінуге болар еді. Мұны кейін жұрттың бәрі айтып жүрді.

Егемендігін алғанына екі жыл толған ел, сол жолы адамзат баласына тән ең ізгі қасиеттердің үлгісін көрсетті. Нарықтың өтпелі қиын кезеңінде Қызылқоға сынды шалғай ауданға мұншама қолдау танытылғаны, шынын айтсақ әлі де сенбес нәрсе. Сірә, мұны Елбасымыздан бастап жаңа заман, жаңаша құндылыққа ұмтылған барлық деңгейдегі басшылардың, азаматтардың, қала берді таза діліміздің қайта оянуына бет түзеген үрдіске ілескен қарапайым халықтың үкілі ниетінен іздеген дұрыс сияқты. Бес ай өтер-өтпесте селоның оңтүстігінен су жаңа 300 үйлік жаңа Мөлтек аудан бой көтерді. Әрине, осынау екпінді құрылыстың қалай қызу жүргенін бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Алып құрылысқа аудандағы барлық кеңшарлар, облыстық, аудандық мекемелер, студенттік құрылыс отрядтары атсалысты. Тасқынның зардабын жоюда Миялы тұрғындарының барлығы да жан-жақты қолдау, көмектен шет қалмады. Шаруашылықтарын қалпына келтіру үшін еш кідіріссіз демалыс берілді. Бірде бір адам ағылған гуманитарлық көмектен құр қалмады. Тасқынды естіген бойда шалғайда жүрген іскер жерлестеріміз жүректерін қолына ұстап, көмектерін ала жетті. Сонымен қатар, гуманитарлық көмектер тек облыс, республика емес, шетелдер, тіпті Біріккен ұлттар ұйымы тарапынан келіп жатты. Әрине, негізгі және нақты ауыртпалық бәрібір қызылқоғалықтардың өзіне түсті. Тасқынның зардабын олардың әрқайсысы қажырлы еңбектерімен, болашаққа үкілі үміт, нық сенімдерімен жеңе білді. Осынау алып істі адалдықпен, алғырлықпен еңсеріп, үлкен ұйымдастырушылық еңбектерін сіңірген ел азаматтарының есімдері аудан тарихына алтын әріппен жазылды. Тасқын зардабын жоюда жанқиярлық қимыл танытқан аудан әкімі Есенгелді Нұршаев, басшылар Мейрамбай Әлиев, Төкен Ізғұлов, Сәуірбай Әбдіғалиев, Мергенғали Бейісқалиев, Майрамбай Орынбаев, Аманжан Молдашев, Сергей Күзембаев, Еділхан Арыстанғалиев, аудандағы 8 кеңшардың директорлары, тағы да басқа көптеген ел азаматтарының, қарапайым еңбеккерлердің біразы қазірде арамызда жоқ. Газет беті көтерсе, олардың барлығының аты-жөндерін атап өтуге әбден лайық деп білемін. Сондықтан олар ауданға басқа кезеңдерінде сіңірген еңбектерімен қатар, тап осы тұстағы қажырлы үлестерімен ұрпақтан ұрпаққа үлгі болып қалаларына күмән келтірмеймін. Он жыл өткен соң Мөлтекке Е.Нұршаевтың есімі берілді. Бұл тек ол кісі емес, осы қалашықты тұрғызуға атсалысқан барлық адамдарға арналған құрмет деп түсінген жөн.

Тоқсан үштің тасқынын бір мақаламен, тіпті газеттің бір нөмірімен де қамту мүмкін емес. Ол - әрбір қызылқоғалыққа қатысты тарих. Олардың әрқайсысының осы кезеңге қатысты өз пайымы, өз естелігі бары және анық. Сондықтан, тасқынның 25 жылдығына байланысты айтылған осынау шағын лебізіме өзің төреші, қадірлі оқырман!

Талғат БАЗАРБАЕВ, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521