060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Профессор дәріс оқыды

Өткен аптаның жұмасы күні «Арман» мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор, Ақтөбе қаласы мен Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Алтай Тайжанов «Қазақы болмыс» тақырыбында дәріс оқыды. Оған мемлекеттік қызметкерлер, мәслихат депутаттары, округ әкімдері, ауыл тұрғындар қатысты.

Аудан әкімі Арман Баженов келген қонақты таныстырып, кездесудің мақсатын түсіндерген соң мінбеге көтерілген профессор Алтай Тайжанов:

– Өздеріңіз білетіндей, мемлекет деген ұғым бар. Мемлекет құрылғаннан оның басқарушы болады. Адам баласының өмір сүруі үшін белгілі бір мүлкі, жұмысы, бағыт-бағдары болуы керек. Міне, осылардың барлығын реттестіріп отыратын мемлекет. Өзіміз өмір сүріп отырған мемлекетте алдыменен өзіміздің сана деңгейіміз жоғары болғаны, өзіміздің санамыздың жаңғырғаны дұрыс. Өйткені, біз бұған дейін бөгде санамен өмір сүрдік. Енді бізге төл санамызды қайтаруымыз немесе сол төл санаға бетбұрыс жасауымыз керек. Біз әңгіме еткелі отырған қазақ болмысының бір бөлігі саналатын адам болмысы – тән азығынан және жан азығынан тұрады. Тән азығы – киер киіммен, ішер тамақтан тұрса, жан азығы – ол рухани азық. Тоңсақ киім киіп, қарын ашса тамақ жеп тән азығының мұқтаждығын толтырып жүргендіктен, бүгінгі күні бізге қажеттісі ақын Абай аңсаған жан азығы. Өйткені, рухани азығымыз шамалы болғандықтан қоғамымызда көптеген келеңсіз жағдайлар кездеседі. Соның бірі – сыбайлас жемқорлық. Бұл тұрғыда жан азығына бай адамдар мұндай іске бармайды. Сыбайластықты жою үшін адамдардың рухани азыққа кенелуі қажет. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы да осы бағытқа негізделген. Мектеп бітірген соң елден кетіп, бүкіл қалыптасуымның бәрі Ақтөбе облысында өтті. Ол кезде партия бізді қайда жұмсаса сонда баратынбыз. Қазір сол партияны жоқтайтындар азайып, даттайтындар көбейіп барады. Дейтұрғанмен бұрынғы тарихқа топырақ шашуға болмайды. Өмір көші жалғасуда. Сол көштің жалғасы болып келе жатқандықтан қазақ елі (ел болып, халық болып), қазақ халқы болып қазақ болмысын бірдей жетілтіп келеміз. Бұл көш алға қарай да жалғаса береді. Өздеріңіз естіп жүрген «Мәңгілік ел» дегеніміздің өзі ұлт көшінің үзілмеуі, тоқтап қалмауы, – деді.

Одан әрі Алтай Тайжанұлы қоғамның дамуы, Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы келелі әңгіме қозғап, ұлттық құндылық, жастар тәрбиесі, дін мәселесі бағытында тұжырымды ой-пікірлерін ортаға салды. Профессор әңгімелерінің барлығын ақын Абайдың дана сөздерімен, халықтың мақал-мәтелдерімен байланыстыра отырып, ұғынықты түрде түсіндірді.

Шара барысында Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің директоры Гүлшара Сары, аудандық әдістемелік орталықтың меңгерушісі Қайсар Жарылғағанов, «Нұр-Шуақ» балабақшасының меңгерушісі Бағытжамал Жұмабаевалар дәріс оқушыға мектепке арналған «Қазақ болмысы» бағдарламасы, латын әліпбиіне көшу, бала тәрбиесі туралы сауалдар жолдап, оған тұжырымды жауап берілді. Кездесуді қорытындылаған аудан әкімі Арман Баженов профессор Алтай Тайжановқа туған жерге келіп, жұртшылықпен мәнді де мағыналы сұхбат жүргізгені үшін аудан тұрғындары атынан алғысын білдірді.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?