Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Перзенттік парыз

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасының жолға қойылатынын айта келіп «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар.

Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенті бар» деген болатын. Шынында да әрбір адам үшін туған жері қаншалықты қымбат болса, сол өлкенің тарихы, оны түлеткен перзенттерінің әр ісі де өнеге болмақ. Осы бағытта жүргізіліп жатқан шаралар сан алуан, алайда рухани жаңғыру ұғымын әркім түрлі түсінеді, біреулер жасап жүрген жоспарлы жұмыстарын да осы бағдарлама аясындағы іс деп есеп беріп жатады.Шындығында «жаңғыру» дегеннің өзі ұмыт болған, ескерусіз қалған құндылықтарға мән беріп, қадір-қасиетін арттыру емес пе? Осы бағыттағы жұмыстарды насихаттауда ерекше екпін білдіріп жүрген азаматтардың қатарында сағыздық Мұрат Көптілеуовтың есімі ризашылықпен аталынатыны сөзсіз. Ауылдас болғанмен сырлас емес Мұратпен алғаш шаруашылық жұмысы бабында кездесіп, мектептің алдына жол төсеу жұмыстарына қолдау көмегіне риза болғанбыз. Сөйлесе келе Мұраттың ой-өрісі, талабы және ел мен жердің тарихына елеңдейтін талпынысы ұнап, пікірлеске айналды. Қазақтың шешендік сөздерін жақсы біледі, орынды қолданып, ел ішіндегі салт-дәстүрді жақсы зерделейтінін аңғардым. Кей кезде халық әндерін әуелетіп салып беретін де өнері бар. Жаратылысы ширақ, шапшаң, бірбеткей мінезді Мұраттың осы қасиеттері оны жігерлі, сергек, ұйымдастырушылық қабілеті бар азамат етіп қалыптастырды. Оның дәлелі өткен жылдарда ел ішінде қанатын кең жая бастаған дәстүрлі емес түрлі діни ағымдардан сақтану, алдын алу мақсатында округке қарасты мекеме басшыларын, ауыл ақсақалдары мен жастардың басын қосып салиқалы жиын ұйымдастырып, имандылық жолында баршаға ортақ ой салып, дұрыс бағытқа жұмылдыруға септігін тигізді. Сонымен қатар елдегі қасиетті мекеннің бірі – Көкмешіт қорымы айналасына да тазалық жұмыстарын жүргізіп, тал отырғызып, осы мешіттен оқып, сауатын ашып, имандылық жолында елге қызмет еткендерге арнап белгі орнатылды, есімдері жазылды. Биылғы жылы С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті және Қызылқоға ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен қоғам қайраткері Тобанияз Әлниязұлы мен қазақстанның батыс аймағындағы ақын-жыршылардың белді өкілі, тоталитарлық режимнің құрбаны болған Зәкәрия Сағындықұлы бастаған алаш азаматтарын еске алуға арналған «Тәуелсіздікті аңсаған алаш азаматтары» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, Мұраттың өзі бас болып қоршауын жүргізген, ішіне жеміс ағаштарын еккен Сағыз ауылдық округіне қарасты Былқылдақты елді мекеніндегі Зәкәрия Сағындықұлы атындағы саябақ ішіне саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш белгі орнатылды. Бұған қоса, Сағыз ауылының 80 жылдығы тойланды. Осы демеушілердің қолдауымен жасалған игі істердің барлығын да Мұрат белсенділік көрсете біліп, ұйытқы болды. Әрине, бұл әркімнің қолынан келе бермейтін іс, әркімге беріле бермейтін ыждағаттылық. Жасалған істерді ұйымдастыруда қаншама үлгі алар ағалар, сыйласар інілер, сырласар замандастар тапты. Қазақта «Бүгін жақсы іні болған – ертең жақсы аға болады» деген нақыл бар. Осыны бүгінде Мұрат Көптілеуовке арнап айтудың еш сөкеттігі жоқ. Осылайша, ауыл азаматының өзі өсіп-өніп шыққан ауылына игі істер жасауы әр адамның елге деген перзенттік парызы екендігін дәлелдеп көрсетті. Өңірдегі елге қызмет еткен аға ұрпақтың ісін, есімін ардақтауға ұйтқы бола білді. Олардың өткен кездегі өмір жолдарын, қиындығын, ерлік істерін, елге беймәлім болып келген тұстарын көпшілікке танытуда көп еңбек сіңірді. Елді, жерді, әке-шешенің, ата-бабаның қасиетті мекені деп қастерлей білу арқылы өлкенің титтей де тарихынан тәлім алуға болатынын бүгінгі ұрпақ түсінді. Ең бастысы, әр істен ел тағылым алды, өлке руханияты ерекше жаңғырып жатты.

Айтбай ҚАРАМУРЗИН,

Атырау қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521