Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Олар қандай құрметке де лайық

Келесі жылдың 19 ақпанында Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толады.

Өткен аптаның жұмасы күні осынау атаулы жылға орай Атырау облысының ауған соғысының ардагерлері ауданымызда болды. Олар алдымен автокөлік шеруін ұйымдастырып, Миялы ауылының көшелерімен жүріп өтіп, «Арман» мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараға қатысты.

Шараны ашып жүргізген аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев: – Талай боздақтардың жанын қиған мағынасыз соғыстың біткеніне 29 жыл уақыт өтсе де оның зардабы әлі күнге ел есінде. 18 жасында қолдарына қару алып, ауған халқының тыныштығы үшін соғысқан ауған ардагерлерінің ерлігі ешқашанда ұмытылмайды. Олардың ерлікке толы әскери өмірлері жастарға патриоттық тәрбие беруде маңызы ерекше. Сол кезде омырауларыңды оққа төсесеңіздер, бүгінгі күні әр салада еңбек етіп, Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Сондықтан, Сіздер қандай құрметке де лайықтысыздар, – деді.

Бұдан кейін сөз алған облыстық ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабиден Қайыржанов: – Жат жерде қолына қару алып, соғысқан қазақ жігіттері намысты ту етіп, талай ерліктің үлгісін көрсетті. «Ерді намыс өлтіреді» дегендей олар соғыстан қорқып әскерден қашқан жоқ. Қайта батыр халықтың ұрпақтары екендіктерін білдіріп, жанкештілікпен шайқасты. Ауған соғысында «Қара майор» атағымен мәлім болған Бақыт Керімбаевтың ерлігі әлі күнге дейін аңыз. Одан басқа Кеңес Одағында әскери қолбасшылар көп болды. Бірақ, қазақ халқының қайсарлығын, тапсырманы орындаудағы жанкештілігін, антқа беріктігін білетін басшылық оған «Мұсылман батальонын» сеніп тапсырды. Ол сол сенімді ақтады да. Бақыт Керімбаев басқарған «Мұсылман батальонының», басқа да соғысқа қатысушылардың, бүгінгі күні араларыңызда жүрген жерлестеріңіздің есімдері мен ерліктерін қазіргі және болашақ ұрпақ білуі тиіс. Олармен жиі кездесулер ұйымдастырып, ата-бабаның, аға ұрпақ өкілдерінің ерліктері дәріптеліп тұрса, бүгінгідей жастардың әскерге бармауы, әскерден қашпауы орын алмауы мүмкін. Олардың діни жат ағымға ілесіп, қысқа балақты шалбар, беттерін бүркейтін киімдер кимеуі де ықтимал, – деген пікірін білдіріп, ол аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиевке Айгүл Ермекованың «Ауған соғысындағы атыраулық жауынгерлер шежіресі» кітабын табыстап, ауған соғысының ардагерлері Серікқали Бишекин, Шафиқ Мажеков, Абай Мұғалімов, Алпамыс Ақбатыровтарды «Авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов» атындағы естелік медальмен марапаттады.

Шара барысында, әлгінде айтқан «Ауған соғысындағы атыраулық жауынгерлер шежіресі» кітабының авторы Айгүл Ермекова, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Мақсот Карин, аудандық ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Сәрсенғалиевтер сөз сөйлеп, «Арман» мәдениет үйінің әншілері патриоттық әндерді шырқады. Кездесуден кейін Миялы спорт кешенінде ауған соғысы ардагерлері мен Миялы ауылының ардагер спортшылары арасында кіші аяқ доп пен волейболдан жолдастық кездесу өтті.

Бауыржан САҚТАСИНОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521