Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ойыл ауданынан ұңғымалар қазған дұрыс

Жақында аудан әкімінің су мәселесін шешу бойынша ауыл тұрғындарымен ақылдасқанына қатыстым.

Онда бұл жағдайдан уақытша шығу үшін бұрынғы тұщы құдықтың іздерінен құдық қазуды ұйымдастыруды айтты. Ол ауыл әкімі құзырындағы іс болғандықтан жұмыстанып жатқан болар. Менің айтқым келіп отырған мәселе Миялы ауылынан үй салуға жер беріліп, тұрғын үйлер алдағы 3 жылдықта қолданысқа берілгенде ауызсу тапшылығы жазда емес, күз, қыс айларында да орын алатын болады. Ауыл тұрғындары Тайсойғандағы су айдау жүйесіне қосылсақ, яғни құбыр тартып, су мәселесі шешілетіндей көреді. Ол жақта да суды пайдаланып отырған елдімекендер бар. Олардан артылып, Миялыны ауызсумен қамтамасыз етуге жер қойнауындағы ауызсу жетпейтінін зерттеген жан бар ма? Тайсойған бізден ойда жатқандықтан, су насосымен өрге су айдау оңай болмайтынын білесіздер ме? Мына көршілес Ойыл ауданының шекаралас жерлерін, Кіндіксай беті, онда ток көзі тартылған гидролог жердің қабатындағы тұщы су көздерін тауып, сол жақтан бірнеше су соратын скважиналар қаздырып, Миялыға тарту керек. Су ылдиға қарай тез әрі су нассостарына аса күш түсірмей жетеді. Бұл өз кезегінде эксплауатация мерзімін ұзартады. Ойылдың халқы ауызсудан тарығып отырған жоқ. Осы бетте тұщы су көздері, жер асты бұлағы көп. Тек қана мамандар зерттеп, тұщы су көздерін таба білсе болғаны. Ток көзі Кіндіксайға дейін барып тұрғанда, ар жағына да тартуға болады ғой. Егер бұл су мәселесін осы күннен дұрыс зерттеп қолға алмасақ, ауылымыз ауызсу тапшылығынан құтыла алмайды. Аудан әкімшілігі, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде отырған азаматтар, су мәселесінде жауапкершілікті «ҚазСушар» РМК-ның Атырау облысы филиалының Қызылқоға өндірістік учаскесіне сілтегеннен мәселе шешілмейді. Ол мекеме қолда бар істеп тұрған су сважиналарындағы ауызсуды елге жеткізумен және соның ақысын жинаумен айналысады. Жер астынан өзінің күнделікті мөлшерінен артық суды өндіріп бере алмасы белгілі емес пе?!

Ол мекеменің құзырына жоғарыдағы мәселелерді зерттеу, қаржы бөлдіру, су құбырларын тарту, скважина қаздыру және осы жұмысты атқаратын мекемелерге тендер ұйымдастыру кірмейді. Бұл аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тікелей айналысатын жұмысы. Ендеше, осы ұсыныс-пікірім тиісті мамандардың ауызсу мәселесін шешу туралы жобасынан тыс қалмаса екен деймін.

Есенбай НҰРОВ,

Миялы ауылының тұрғыны.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521