060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Қоғам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы

Бұрын «әйел теңдігі» ұғымы мәселе болса, бүгінгі күні ол «гендерлік теңдік» деген үлкен саясатқа ұласып отыр.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен гендерлік теңдік аясында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң қабылданды. Бұған қоса Қазақстан Республикасы Президенті жанынынан Отбасы істері және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істейді.

Жоғарыда айтылғандай, елімізде әйелдер теңдігін қамтамасыз етуге ықпал ететін 2009 жылы екі заң қабылданды. Оның бірі «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Заңы болса, екіншісі «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңы.

Жалпы, гендер – ерлер мен әйелдер арасындағы қатынастардың өмірдің барлық салаларында көрініс табатын әлеуметтік қыры деген ұғымды білдіреді. Соның ішінде, сот жүйесінде де, әйелдерге күш көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттері, ажырасу және алимент өндіру істері бойынша олардың құқықтарының қорғалуына басты назар аударылуда. Аудандық сотта да өз әйелін немесе апа-қарындастарын ұрып-соғу, олардың ар-намысына тиетін сөздер айтып балағаттау, яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетуге байланысты, сондай-ақ неке бұзуға қатысты бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық және азаматтық істер де қаралуда. Бұл жағдайлардың көпшілігі ерлердің ішімдік ішу салдарынан туындайтын өте өкінішті жайт.

Кейбір жағдайда отбасында өрбіген ұрыс-жанжалдың салдарынан таяқ жеген немесе рухани жағынан қорлық көрген әйел адам отбасы шырқын бұзбау үшін, көнбістік танытып, «жабулы қазанды жабулы күйінде» қалдырып, көрші-қолаң, ағайын-туыс арасында сөз болмасын деп, ешкімге жарияламай ішіне сақтайды. Оны түсінетін ер адамдар қазіргі таңда тым сиреп барады. Өзінің сорақы ісі үшін жұбайының алдында адал ісімен ақталып, отбасы тыныштығының беріктігін сақтауға жете мән бермейді. Қайта баяғыдағы ескі әдетпен өзінікін дұрыс санайтын шала сауаттылар әлі көп. Заңнамаларға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сай, қазіргі кезде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне «Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу» деп аталатын бап енгізілді.

Осыған сай, аудандық ішкі істер бөлімі, құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу туралы аудандық сотқа өтініш түсіреді. Аталған өтінішті сот қарап, мән-жайды толығымен анықтап профилактикалық әңгімелесу өткізу үшін белгілі бір мерзім белгілеп, оған аудандық ішкі істер органына келуін міндеттеу жүктей алады. Бұдан әрі өзінің зайыбына, басқа да туыстарына тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен құқық бұзушының әрекетін бақылауға алып, ішкі істер қызметкерлері тиісті жұмыстар жүргізеді.

«Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» заң тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқықтарын сақтап, тұрмыстағы қысымды болдырмауға ықпал етеді. Негізінен, әйел аналарға зорлық-зомбылық көрсететіндер – еркектік қадір-қасиетін жоғалтқан, ар-ұяттан безген жандар. Ал оларды жөнге салу заң қолында.

Айнұр ЫСҚАҚ,

аудандық соттың бас маманы,

сот отырысының хатшысы.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?