060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Несие алуды неден бастау керек?

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен «Бастау бизнес» жобасына қатысушыларды ақпараттық қолдау мақсатында «Мемлекеттік қызмет жәрмеңкесі» өтті.

Оған аудандық жер қатынастары, ветеринария, ауыл шаруашылығы, сәулет және құрылыс бөлімдерінің, жұмыспен қамту орталығының, аудандық жер кадастры және жылжымайтын мүлік бөлімінің басшылары мен бас мамандары, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Алтынзер Баймұратова, «Бастау Қызылқоға» несие серіктестігінің басқарма төрағасы Сүйеуғали Дүйсәлиев және аталмыш жобаны оқушылар қатысты.

Жиынды ашқан аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфеева:

–Қазіргі таңда жобаға қатысушылар ертең оқуды бітіргеннен кейін кәсіпкерлікті бастау жұмыстары, несие алуға құжаттар дайындау және басқа да сауалдармен бүгінгі жиынға қатысып отырған бөлім, мекемелерге барасыздар. Несие аламын деушілердің кепіл мүлкінің құжаттары дұрыс болмай, несие тарихы таза болмай кідірістер болып жатады. Ал, оларды ретке келтіру үшін бірсыпыра уақыт кететіні мәлім. Сондықтан, өздеріңіздің кәсіптеріңізге орай туындайтын мәселелер бойынша қажетті мағлұматтар алу үшін бүгінгі жиын ұйымдастырылып отыр, – деді.

Бұдан кейін сөйлеген мекеме, бөлім басшылары мен бас мамандары «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқығаннан кейін кәсіп ашып, несие алу үшін өз мекемелері тарапынан қандай құжаттар қажеттігін, оны дайындауда не істеу керектігін түсіндірді.

«Бастау Қызылқоға» несие серіктестігінің басқарма төрағасы Сүйеуғали Дүйсәлиевтің түсіндіруінше, қазіргі таңда 60-тан астам мүшесі бар несие серіктестігі 2012 жылы құрылды. Бүгінде серіктестік арқылы кәсіпкерлерді үш бағытта, яғни, «Сыбаға», «Алтын асық», «Бастау бизнес» бағдарламалары арқылы несиелендіреді. Осы жылдар ішінде серіктестік арқылы 70 миллион теңге көлемінде несие алғандар бар. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы мүйізді ірі қара малын бағуға 40 миллион теңгеге дейін, қой малына 30 миллион теңгеге дейін қаржы беру қарастырылған. Егер кепіл мүлкінің қаржысы жетпесе кепілге алған мал да салынады. Мұндағы бір айырмашылық қой малын ауылдан ала беруге болатын болса, сиыр шетелден әкелінуі және асыл тұқымды болуы шарт. «Бастау бизнес» жобасы арқылы оқып, барлық бағытта несие алам деушілерді алты миллион теңгеге дейін алты пайызбен қаржыландырады. Мал шаруашылығына жеті жылға, қалған бағытқа бес жылға беріледі. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан айырмашылығы әуелі серіктестікке жарна төлеп, мүше болып кіреді. Ал, жинақталатын қажетті құжаттарға көмек көрсетіледі.

– Несие алмастан бұрын қандай кәсіп қолдарыңыздан келетінін, тұрғылықты жерлеріңізде қандай жұмыстармен айналысудың тиімділігін елеп-екшеп, нақтылап, өздеріңіздің мүмкіншіліктеріңізге қарай алғандарыңыз жөн. Кәсіпкер болу керек екен деп ойланбастан несие алсаңыздар, ертеңгі күні жұмыстарыңыз жүрмей қиындық көріп қалуларыңыз мүмкін. Ал, берілген несие мемлекеттікі болғандықтан міндетті түрде қайтарылады, – деді «Бастау Қызылқоға» несие серіктестігінің басқарма төрағасы Сүйеуғали Дүйсәлиев.

Бұдан кейін әр мекеме, бөлімдер қатысушыларға несие алу, кәсіпкерлік ашу, құжаттар жинау бағытында өз салалары бойынша кеңестерін беріп, қойылған сауалдарға жауап берді.

Бауыржан САҚТАСИНОВ.

Редактор-Журналист

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?