Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Нұрлы болашақ» акциясы балаларға қуаныш сыйлады

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай «Нұрлы болашақ» республикалық акциясы аясында мерекелік шеру ұйымдастырылды.

Оған аудан орталығындағы үш мектеп пен Миялы өнер мектебінің оқушылары қатысты. Алдымен Миялы балалар өнер мектебінің домбырашылары «Балбырауын» күйімен шеруді бастап, «Айжан-ай» бишілер тобы қазақ биін мың бұрала билесе, Ы.Шөреков атындағы мектеп гимназиясының оқушылары «Рухани жаңғыру» бағдар-ламасының символы «Қыран құсты» бейнеледі. Содан соң Б.Аманшин атындағы орта мектептің барабаншылары мен Х. Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің әскери ансамблі шығып, шеруді одан әрі жалғады. Сондай-ақ, өнер мектебінің бишілері «Қуыршақтар», «Балапан», «Калинка» және Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектебінің әр ұлт өкілдері бір шаңырақтың астында «Қара жорға» билерін билеп, «Атамекен» әнін хорда орындады. Балаларға көңілді қуаныш сыйлаған мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев сөз сөйлеп, айтулы күннің Тәуелсіз Қазақстан үшін маңызы жоғары екенін атап өтті. Сонымен бірге, бүгінде балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алып, азат елдің озат ойлы азаматы атануына барлық жағдай жасалып жатқанын тілге тиек етті. Ал, республикалық «Күншуақ», «Алтын күз», «Ақбөбек», «Қазақстан таланттары» өнер шығармашылық байқауларының Гран при иегері, халықаралық «Жадыра, жас дарын!» фестивалінің ІІ орын иегері, облыстық «Фариза», «Абай-Шәкәрім» оқуларының жеңімпазы, Б.Аманшин атындағы орта мектебінің оқушысы Ақбаян Аманжолова ізгі тілегін арнады. Содан соң балалар өз қиялдарына ерік беріп түрлі-түсті бормен жер бетіне сурет салды. Бірі жайнаған жазды, бірі гүл мен көбелекті салса, енді бірі әсем қала Астананың көрікті жерлерін бейнеледі.

Байқауға қатысқан бүлдіршіндердің барлығы аудандық әдістемелік орталық атынан Алғыс хатпен марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды. Қашанда бар жақсыны балаға тосып, оның қуанышты жүзін көргенде төбеміз көкке жеткендей болады. Сөзімізге дәлел, аудандық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері «Нұр-Шуақ» бөбекжай балабақшасына арнайы барып сыйлықтар тарту етсе, балабақша меңгерушісі Бағытжамал Жұмабаева балабақша қызметкері Досбол Қожахметовтың ұлына тәттілерден сыйлық ұсынды. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер Бауыржан Сабытаев – Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектеп оқушысына, Сейілхан Бекешов – Б.Аманшин атындағы орта мектептің оқушысына және Меруерт Нұрмағанбетова – Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының оқушысына сыйлықтар табыс етті. Шара соңында кішкентай өнерпаздар ән шырқап, би билеп, көрермендер көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

«Көңілді старт»

Сол сияқты мерекеге орай, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Көңілді старт» спорттық сайысы өтті. Оған аудан орталығындағы «Жасұлан», «Нұр-Шуақ», «Балдырған» және «Бәлдәурен» балабақшасының бүлдіршіндері қатысты. Олар велосипедпен жарысып, кедергілер арқылы допты қоржынға лақтыру, жұп болып кедергіден өту сынды шарттарды орындап өздерінің шапшаңдықтарын көрсетті. Тартысты да қызықты ойын нәтижесінде барлық қатысушы бөлім атынан Алғыс хатпен мадақталды.

Ата-аналардың алғысын алды

Әрдайым балаларға қуаныш сыйлап жүретін жартылай күндізгі стационарлы үлгідегі бөлім қызметкерлері балалар мерекесін ерекше ықыласпен тойлады. Яғни, Миялы ауылдық округі әкімі аппараты мен бірлесіп жеке кәсіпкер Октябрь Нұрадиновтың демеушілігімен мерекелік дастарқан жайды. Оған бөлімде ем қабылдап жатқан балалар ата-аналарымен бірге қатысты. Алдымен сөз алған бөлім директоры Гауһар Қанашова ақ жарма тілегін арнаған соң сыйлықтар тарту етті. Ал, ата-аналар атынан сөз сөйлеген Ұлдай Шаденова ұйымдастырушыларға рахметін айтып, аналық жүрегімен ризашылығын білдірді.

«Балабақшам – болашақтың бастауы»

«Нұр-Шуақ» бөбекжай бала-бақшасының биылғы жылғы түлектері балалар мерекесіне орай «Арман» мәдениет үйінде «Балабақшам – болашақтың бастауы» атты мерекелік концерт қойды. Бұл кеште әсем әуен де, ырғақты би де, көркем сөз де оқылды. Ағылшын тілінде сайраған балабақша түлектері «Шалқан» ертегісін сахналады. Бір сөзбен айтқанда, бүлдіршіндер бар өнерін салып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ, тәрбиеші апайлар да қарап қалмай бүлдіршіндерге ақ жол тілеп, «Ақ жол, жас түлек» әнін шырқады.

Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521