060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Миялыда Мыңбай деген аға бар...

Туған жер... Кіндік қаны сенде тамып, жарық дүние есігін өзіңде ашқан ұрпағыңда қандай ыстықсың.

Балалық бал дәурені сенің кең далаңда өтіп, жастық шағы сенің халқыңмен бірге жасасқан, артында ұмытылмастай із қалдырып атпал азамат болып қалыптасқан әрбір перзентіңнің есінде мәңгі сақталатын не қылған қимасысың ардақты атамекен. Қойнауың төрт түлік малға толған, топырағыңда дана мен данышпан туған, сенде туып заңғар жазушы, атақты ғалым атанған ұл-қыздарыңның мақтанышы өзіңсің қасиетті Қызылқоға. Сен ғұмырын өзіңмен байланыстырған қарапайым халқыңды қалай қадірлесең, сенің атыңды батырларың мен билерің шығарып, елің ардақ тұтып, төрткүл дүниеге жария етеді. Осындай дара тұлғалар қай заманда да болған, бола да береді. Ауданымыздың шаруасын шалқытып, халқының тұрмысын жақсартуға сүбелі үлес қосып, жақында мерей жасын тойлайтын өзіндік дара жолын қалыптастырған ағаларымыздың бірі – Мыңбай Жарылғаған. Ол Тайсойған-Бүйрек аймағындағы шағын елді мекенде 1938 жылы өмірге келді. Сол кездегі кеңестік жүйенің еріксіз ұжымдастыруы мен алапат соғыстың қиыншылықтарына қарамастан балалық шағын өткізіп, қолынан келетіні бар, келмейтіні бар ауылдағы мал шаруашылығына араласа жүріп орта мектепті бітіреді. Ауылдағы ауыр еңбекті жеңілдету, заман талабына сай ауыл шаруашылығына жаңалықтар енгізу үшін білімді азамат болу қажеттігін ерте түсініп, Алматы қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түседі. Аталған оқу орнын 1961 жылы мал дәрігері мамандығы бойынша бітіріп шығады. Мыңбайдың оқушы кезінде қолы қалт еткенде ауылдағы маусымдық жұмыстарды атқарудағы пысықтығын, тапсырылған іске деген жауапкершілігін әділ бағалап бұрынғы істес болған ағалары бірден бір колхозға бас малдәрігері етіп тағайындайды. Еліміз бойынша жүргізіліп жатқан саясатқа сәйкес, ауылдық жердегі мал шаруашылығында еңбек ететін жастардың беделін көтеру мақсатында аудандық комсомол ұйымының жұмысына басшылық жасайтын кадрға деген сұраныс туындағанда, таңдау Мыңбай Жарылғағанға түсіп аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланады. Бұл қызметте іскер жас жаңа бастамаларды көтере білетін жалынды жастар ұйымының жетекшісі ретінде мал шаруашылығын өркендетуге комсомолдар мен жастарды жұмылдыра біледі. Көптеген жастардың жаңа техниканың тілін меңгеруіне, өндіріске жаңа технологияны енгізуіне бастамашы болды. Сол жылдары мал шаруашылығындағы жастардың үлес салмағы – 38, техника мен құрылыста – 43 пайызға жетті. Әсіресе, мал шаруашылығында аудан бойынша 40-қа жуық комсомол-жастар бригадалары еңбек етті.

Аудан кеңшарларында жоғары оқу орнын бітірген жас мамандардың орналасуы мейлінше жақсарды, ауруханалар мен орта мектептер жас кадрлармен толықты. Шаруашылықтардағы ұйымдастырушылық қабілеттері бар, сауатты жастарға үлкен сенім артылып, арнайы жолдамалармен қызмет бабында жоғарылауына қамқорлық жасай білді. Аудан жастарына жасаған қамқорлығын, бастаған ісіне деген жауапкершілігін ескеріп аудандық партия комитеті Мыңкеңді партиялық жұмысқа жұмсап, кеңшарларда партия комитетінің хатшысы қызметінде шыңдайды. Жоғары білімі мен ата кәсіптің қыр-сырын жақсы меңгере білген ағамыз халықпен жұмыс жасауда да жаңа қырынан танылып, ел сенімінен шыға біледі. Сөйтіп, көп ұзамай аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы саласына жетекшілік ететін хатшысы болып тағайындалады. Білімі мен білігі табиғат берген ұйымдастырушылық қабі-летіне қосылып аудандағы ауыл шаруашылығының жедел дамуына септігін тигізеді. Шаруаны жетік білетін, кеңшарларда атқарылатын маусымдық жұмыстардың жүруіндегі жетістіктерді әділ бағалап, орын алған кемшіліктерді шұғыл жоюдың жолын таба алатын ол әрбір шаруашылықтың облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары атануына өз үлесін қоса білді. Мыңкең бұл уақыттарда өзінің қарапайымдылығымен, талапшыл білгір басшы есебінде елге сыйлы болды. Ол өндірістік, шаруашылық мәселелерді, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын сөз-бұйдаға салмай терең зерделеп, қолма-қол шешіп, оң шарасын алуға өте шебер болатын. Соның арқасында мал шаруашылығына жаңа технологиялар енді, фермаларда комплекстер салынды, мал азығын дайындауда 25-30 мың гектарға дейін жемдік арпа, қара бидай түрлері егіліп, жем зауыты іске қосылды. Ауылдар қала типтес түрге еніп, селоларде әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер көрсететін ғимараттар қажетті деңгейге жетті. Шаруашылықтардағы мал тұқымын асылдандырып, ғылым жетістігі мейлінше батыл қолданылды.

Ауданда Одаққа белгілі аспан түстес көк елтірі дайындайтын «Гурьев» асыл тұқымды қой зауыты, жергілікті қой малына асыл тұқымды қошқарларды пайдалану арқылы Қызыл ту кеңшарында сурхандарья сұры типтес елтірі беретін жаңа тұқымдық қой түрі шығарылды. Ал, Ленин атындағы кеңшарда таза Бұхар сұрын беретін жаңа зауыттық деңгейдегі фермалар өмірге келді. Осының арқасында ондаған азаматтар мемлекеттік сыйлықтарға ие болса, жүздеген малшы-механизаторлар ордендер мен медельдарды омырауларына тақты, Алматы, Мәскеуде өтетін съездерге қатынасып Қызылқоғаны бүкіл Одаққа танытты. Ауданның әрбір шаруашылықтарында іссапармен болған кездерінде сол шаруашылықтардағы атқарылатын маусымдық жұмыстардың талапқа сай атқарылуына қатты мән беріп, қатардағы мамандардың қызметіне деген жауапкершілігін көтере білетін. Оларға орынсыз артық сөз айтып көрген емес, шаруадағы жетістіктері мен жіберген кемшіліктерін сол жұмыс басында айтып, түзетудің жолын нақты көрсетіп жүретін. Өзінің жүрген жерінде малшылардан да, мамандардан да, қарапайым халықтан да адал еңбек етуді, әділ билік айтуды талап ететін.

Аудан еңбеккерлерінің әрбірінің отбасындағы қуанышы мен қайғысына ортақтаса алатын, қажет деген жағдайда оларға қол ұшын беріп көмектесетін, сөйтіп орта буын кадрларға өзі үлгі бола алады. Мыңбай Жарылғаған қызмет жасаған жылдарында жоғарғы басшылардың талабына бағына біліп, қарауындағы қосшыларына қолдауын көрсете жүріп аудан экономикасын дамытты, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартты. Сөйтіп, аудан мен аудан шаруашылықтарының бүкілодақтық, республикалық жарыстарда тұрақты жеңімпаз болуына өзіндік үлесін қосты, сол сияқты олардың бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің Алтын кітабына енуіне қол жеткізді. Шаруашылықты жетік білетін ағамыз ел тәуелсіздік алған жылдары аудандық қоғамдық ұйымдарда жетекшілік жұмыста болып, жаңа кезеңдегі аудандық кәсіподақ, партия ұйымдарының қалыптасуына өз үлесін қосып, жаңа кадрлардың тәрбиеленуіне бағыт-бағдар беруде өзінің өмірлік тәжірибесін бере білді. Қиын кезеңде халықтың билікке деген нақты сенімін қалыптастырды. «Нұр Отан» партиясының беделін көтеріп, оның халықтық партия екеніне жерлестерінің оң көзқарасын қалыптастырды. Мыңкеңнің елге жасаған еңбегі ескерусіз, халыққа жасаған жақсылығы марапатсыз, Отаны үшін атқарған қызметі сый-сияпатсыз қалған жоқ.

«Жауынмен жер көгерер, алғыспен ел көгерер» дегендей дүйім жұрты үнемі алғысын айтып, оның аманшылығын тілеп, отбасындағы отанасы Кербез апамыз екеуіне бала-шағаларының қызығын көруге бата берді. Кербез – «Ардақты Ана». Олар 3 ұл, 4 қызға жоғары білім алып берді. Әрқайсысын өздерінің құтты орындарына қондырды. Бүгінде олардан көрген немере-жиендерінің қызығын қызықтап, бақытты қарттық ғұмырын жалғастыруда. Ал, Мыңбай ағамыз елінің қарыштап дамуына сіңірген еңбегі үшін мемлекетіміздің үлкен наградасы «Еңбек Қызыл ту» ордені, «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен, сол сияқты бірнеше мерекелік медальдармен марапатталды. Қайта құру кезеңінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мақтау Грамотасын» алып, «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленген. Өткен ғасырдың соңғы 4-5 жылдықтарындағы аудан тұрғындарының біріне ізетті іні, біріне сырлас замандас болған, ал кейінгілеріне байыпты басшы, қоян-қолтық бірге еңбек етіп жақсы әріптес болған ағамыз Мыңбай мен апамыз Кербезге қайырлы қарттық ғұмыр, немере-жиендерінің қызығын көруді тілеймін.

Жасан ЕСҚАЙЫРОВ,

«Халықтар Достығы» орденінің иегері, ауданның Құрметті азаматы.

Редактор-Журналист

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?