060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Мектеп асханасының жай-күйі қандай?

Баланың сымбатты болып өсіп, дене бітімінің дұрыс қалыптасуы оның күнделікті ішіп-жейтін тамағына тікелей байланысты.

Соның ішінде мектепте балаларға берілетін ыстық тамақтың да маңызы зор. Соған сай, жақында «Арман» мәдениет үйінде аудандық қоғамдық кеңестің кезекті жиыны өтіп, онда аудан мектептеріндегі ыстық тамақтың жай-күйі талқыланды. Оған аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы, қоғамдық кеңес мүшелері, бөлім, мекеме басшылары, мектеп директорлары және жеке кәсіпкерлер қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша алғаш болып баяндама жасаған аудандық білім бөлімінің басшысы Амангелді Бағдаровтың айтуынша, аудан бойынша барлығы 2852 бала ыстық тамақпен қамтылған. Оның 2469-ы бастауыш сынып оқушылары болса, 383-і жоғары сыныпта оқитын аз қамтылған отбасының балалары. Жоғары сыныпта оқитын аз қамтылған отбасы балалары ішінен 113 оқушы өз еріктерімен тамақ ішуден бас тартып отыр. Ал, аудан мектептерін ыстық тамақпен қамту үшін 2018-2019 оқу жылына 85 миллион 739 мың теңге ақша бөлінді. Оқушыларды ыстық тамақпен қамтуды жеке кәсіпкер мектеп асханасын жалға алу арқылы жүзеге асырады. Тамақтың сапасы мен дәмін мектеп медбикелері оқушыларға берілер алдында үнемі тексеріп отырса, мектепшілік қамқоршылық кеңесі тамақтың берілісін қадағалап отырады. Осы және басқа да мәселелерді айтқан бөлім басшысы кейбір мектептің асханаларында ыдыс-аяқ пен қажетті құрал-жабдықтардың жетіспейтіндігін, оларды алу үшін 15 миллион 130 мың теңге қаржыға сұраныс берілгендігін тілге тиек етті.

Бөлім басшысының баяндамасынан соң аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Назерке Мақсотова биыл мамыр айында аудан мектептерінің асханаларын тексеру нәтижесінде орын алған олқылықтар туралы баяндама жасады. Тексерістен бұрын барлық мектептерге жоспарлы тексеру болатыны туралы алдын ала хабарлама жіберілген. Нәтижесінде көптеген мектептердің асханасы санитарлық талапқа сай еместігі анықталды. Атап айтқанда, Мұқыр, Жаңашаруа орта мектептерінің асханасында дизенфекциялық ерітінділер нұсқаулыққа сай дайындалмаса, Миялы, Қарабау, Кенбай, №9 орта мектептері және Ы.Шөреков атындағы мектеп гимназиясы мен Ш.Еркінов атындағы орта мектебінде ыдыс жуу талаптары сақталмайтындығы және микробиологиялық зерттеу сынамаларынан ішек таяқшаларына оң нәтиже берілген. Ал, Х.Досмұхамедұлы, Б.Аманшин атындағы орта мектептерінің асханаларынан мерзімі өтіп кеткен 5 литр рапс майы табылған. Одан бөлек, кей мектептің ас қоймасынан жәндіктер анықталса, енді бірінде тазалық жұмыстары дұрыс жасалмапты. Осындай, кемшіліктерді жіберген асхананы жалға алушы кәсіпкер мен жұмысшыларға айыппұл салынды.

Өз кезегінде сөз алған аудан мектептерін ыстық тамақпен қамтып отырған жеке кәсіпкер Бағдат Нұрмағамбетов:

– Оқушыларды ыстық тамақпен қамтуда басты жауапкершілік кәсіпкерде болады. Оны мойындаймыз, жауапкершіліктен қашпаймыз. Бірақ, жаңағы аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі айтқан кемшіліктердің бәрімен келіспеймін. Сөздің шыны керек мамыр айында мектептерді тексергенде лобаранттардың кейбіреуінің қолында медициналық қолғабы да болмаған. Ал, артып отырған кінәларын ұсақ-түйек деп есептеймін. Піскен етке бөлек пышақ, шикі етке бөлек пышақ деген талаптар қояды. Асханаға да қоятын талаптары жоғары. Ал, біз жалға алған мектеп асханалары ондай талаптан шыға бермейді. Мысалы, жақында бір мектеп мұздатқыш алып келді. Бірақ, ол кішкентай, ештеңе сыймайды. Талап бойынша асханаларда мұздатқыш болуы тиіс. Сосын амалсыз мұздатқышты үйден әкелуге мәжбүрміз. Әрине, мұндай талаптар қою – аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының міндеті шығар. Оны түсінеміз. Бірақ, тырнақ астынан кір іздемей, бірлесе жұмыс жасасақ жақсы болар еді. Мектептерге ортақ тағы бір мәселе – кәріз жүйесі. Бұны көтеріп келе жатқаныма да біраз жыл болды. Жүздеген бала тамақтанып отырған мектепке бір кәріз жүйесі керек-ақ. Келесі оқу жылында осы мәселені шешіп берсеңіздер, – деді.

Баяндамалар аяқталған соң кезек жарыссөзге беріліп, онда аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали «Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі мамыр айындағы тексеріс нәтижесінде біраз кемшіліктер анықталды деп отыр. Бірақ, ол туралы аудан әкімдігі мен тиісті мекемелерге жақында ғана хабарланған. Ол тексерістен кейін 5 ай уақыт өтті. Неге ертерек айтылмады?» деген сауал жолдаса, қоғамдық кеңес мүшесі Бағила Жолмұханова: «Бүгінде балалардың бір күндік тамағы 200 теңге. Бұл бір бала үшін өте төмен» дегенді алға тартты. Бұған жауап берген аудандық білім бөлімінің басшысы Амангелді Бағдаров: «Келесі оқу жылынан бастап бір баланың күндік тамағы 400 теңге болады. Және мәзірге қосымша тағамдар қосылады», – деді. Ал, аудандық мәслихат депутаты Айбар Алтыбаев:

– Соңғы кездері телеграмм және басқа да әлеуметтік желілерде мектептердегі ыстық тамаққа көңіл толмаушылық білдіріп, оны суретке түсіріп, түрлі шу көтеріп жатқандар бар. Соның салдарынан ата-аналар арасында түсінбеушілік туындауда. Бірақ, бұл мәселе шешімін таппастан қалып жатыр. Енді әлеуметтік желілерде осындай мәселе көтерілсе, дереу тексеру қажет. Егер айтылған сын рас болса онда балаларды ыстық тамақпен қамтушы жауапқа тартылады. Жалған болса мәселені көтерген адамды жауапқа тарту керек. Сонда, негізсіз айыптаулардан құтыламыз. Ол үшін мәселе көтерілгеннен кейін 24 сағаттың ішінде тексеріс жүргізілуі керек, – деді.

Жиын соңында сөз алған аудан әкімі Арман Баженов: – Біз бұл жерге бір-бірімізді кінәлауға, дауласуға келген жоқпыз. Мәселені шешу үшін жиналып отырмыз. Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы кемшіліктерді анықтап жатса, жеке кәсіпкерлер оны «Тырнақ астынан кір іздеу» деп қабылдамау керек. Қайта сол кемшіліктерді жоюға, дұрыс жұмыс жасауға тырысу қажет. Себебі, бұл жерде тек тамақтану емес, оқушылардың қауіпсіздігі тұр. Балалардың салауатты ұрпақ болып жетілуі де осы мектептегі тамаққа байланысты. Сол себептен бүгін айтылған мәселелерді бірлесе отырып шешуге тиіспіз. Біз өз тарапымыздан айтылған ұсыныстарды ескеріп, мектеп асханасына қажетті құрал-жабдықтарды алып беру жағын қарастырамыз, – деді.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?