Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Мал ұрлығы қайтсе тыйылады?

Ауданымызда жыл өткен сайын мал ұрлығының саны артуда. Бірінің малы өрісте ұрланса, бірінікі қорадан қолды болып жатыр.

Әрине, жылдар бойы бағып-қағып, баптап-күткен малдарынан бір сәтте айырылып қалу кім-кімге де оңай тимесі анық. Міне, күзгі маусым да аяқталуға таяу. Қырағылық танытпаса жаз бойы емін-еркін жайылып семірген малдар қолды болуы анық. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, оңай әрі мол олжаға батуды ойлайтын жандар союға жарамды көзіне түскен малды жоқ қылуға дайын. Ұрлықты болдырмау, алдын алу туралы қаншама рет айтылып жүрсе де еш нәтиже шығар емес.

Малдың жоғалуының бірінші себебі – бағылмауынан. Малдың жауы көп екені аян. Олардың жауы төрт аяқтыдан қасқыр болса, екі аяқтыдан адам баласы. Бұрын малды итқұс жесе қаңқасы қалып, қарға үймелеп, «менмұндалап» жатушы еді. Қазір жоғалған мал зым-зия, бір белгісі қалмай құриды. Демек, малдың жоғалуының басты себебі – ұрлық, яғни адамның ісі. Іздестіре келгенде ұры да алыстан келмеген болып шығады.

Бұл орайда, аудандық ішкі істер бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, өткен жылы тоғыз айда төрт мал ұрлығы тіркелсе, биылғы жылы бұл көрсеткіш 15-ке жеткен. Тіркелген ұрлықтың тоғызы ашылған. Мәселен, миялылық бір азамат үш адамның иелігіндегі бес жылқыны өрісте жүрген жерінен ұрласа, Көздіғара ауылдық округінде үш азамат бір шаруа қожалығының ауласынан сегіз қойды үптеп кеткен. Сиыр, қой малын «көрсетпей сұрап алғандар да» Жангелдин ауылынан табылды. Кейде ағайынды жандар да бір-біріне айтпай меншігіндегі малдарды рұқсатсыз сатып отырады. Нақтырақ айтқанда, Қаракөл ауылының бір тұрғыны 17 бас қойының ұрланғаны жөнінде құқық қорғау орнына арыз түсіреді. Тексере келгенде қырда мал бағып отырған інісі жаз бойы ағасына ескертпей бағымдағы қойларын бір-бірлеп сатып отырған. Сондай-ақ, баукеспелер аталмыш ауылдың шетінде екі сиырды сойып, етін алып кеткен. Кімнің малы екені белгісіз.

Алайда, ұрлық істеген жандар медиация тәртібімен келісімге келіп, жәбірленушілердің шығындарын еселеп қайырып, кешірімін алып, құтылып кетті. Өткен жылы да сегіз ұрлыққа қатысы бар бір азамат та осылай құтылып кеткен. Заңның қаталдығын сезбеген жандар шығынның орнын толтыру үшін қайта ұрлық қылмасына кім кепіл? Егер жаза қатал болса ұрылар да аяқтарын аңдап басары хақ. Сондықтан, заң баптарын да қайта қарап, қатайту керек секілді. Осы тұста, «Мал ұрлығы қайтсе тыйылады?» деген заңды сұрақ туындайтыны анық. Енді соған жауап іздеп көрелік.

Бақташылар бейнетінен қашады

Мен 1992 жылдан бері Миялы ауылы тұрғындарының меншігіндегі бойдақ малдарды бағып келемін. Күн жылына түстеп, қабылдап аламын да қараша айының аяғында түгендеп иелеріне тапсырамын. Әзірге бағымдағы малдан айырылып көргенім жоқ. Менен басқа да ауылдың сауын сиырын, бойдақ малын жыл сайын бағып, кәсіп еткен жандар бар. Мал баққан олар ешкімнен кем болып жүрген жоқ, қайта адал еңбектерімен нанын тауып, бала-шағаларын асырап отыр. Сонымен бірге оларды еңбекке баулуда.

Айтар болсам, көптен бері өзекті мәселеге айналып отырған мал ұрлығының алдын алу үшін малды иесіз жібермеу керек. Ауыл әкімдері қайткенде де малға бақташы шығаруды ұйымдастыруы тиіс. Бағатын жерлерін дайындап, құдығын қаздырып үнемі бақылауда ұстаса бақташының шықпауы мүмкін емес. Әрине, басында барлығын жасаймыз деп уәдені үйіп-төгіп, артынан ұмытып кетсе келесіде ешкім де мал бағуға шықпай, ат-тонын ала қашады. Бұрындары ауылдық кеңес төрағалары жыл сайын көктем шыға бақташылармен келісіп, қолдан келген көмегін беріп, ауылдың сауын сиырын да, бойдағын да бақтыратын. Жиі-жиі хабарласып, хал-жағдайларынан үнемі хабардар болушы еді. Басшылардың назарында болған соң бақташылар да алдарындағы малын бағып, алаңдамай жұмыстарын жасайтын. Менің түсінуімше, қазір малға бақташының шықпау себебі, кейбірі қомақты ақша табатын вахталық жұмыстарға кетсе, кейбірі бейнетінен қашады. Ал, біреулері астына мінетін аты болмағасын шықпайды. Кейде, алатын еңбегіңді де ұзақ күтуге тура келеді. Міне, осындай себептерден адамдар мал бағуға тәуекел етпеуі мүмкін. Демек, осындай мәселенің шешілуіне округ әкімдері атсалысып, шешілу жолдарын ұйымдастырса нұр үстіне нұр емес пе?!

Мұрат БЕЙІСОВ,

бақташы.

ТҰРҒЫНДАРДАН ДА КІНӘ БАР

Соңғы кезде бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы мен мал ұрлығы көптеп орын алып жатыр. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрінің бұйрығымен бекітілген «Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында ауданның жедел ахуалына байланысты жұмыс жоспары жасақталды. Аудан көлемінде аталмыш бағдарламаның талаптарын орындау мақсатында аудандық ішкі істер бөлімінің жеке құрамы бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысты қылмыстар бойынша жедел жағдайды қадағалау мен қалыптастыру, құқық бұзушылықтың, қоғамдық орындар мен көшелерде және бұрын сотталғандардың тарапынан қайталап жасалатын қылмыстардың, кәмелетке толмағандардың қатынасуымен болатын қылмыстардың алдын алу, қылмыс болған жағдайда ізін суытпай ашу қамтамасыз етіліп, кешенді жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.

Жалпы аудан көлемінде бөлімнің жол-патрульдік полициясы қызметкерлерінің күшімен мал ұрлығы жиі орын алатын аумақтар «Атырау-Ақтөбе», «Сағыз-Миялы-Қарабау-Индер» тасжолы бағыты қамтылып, төрт түлікті мал мен ет өнімдерін тасымалдайтын автокөлік құралдары тексеріліп отыр. Бұған қоса, мал өнімдерін сататын сауда нүктелері мен малдардың терілерін қабылдау пункттері де бақылауда. Әйтсе де Миялы, Сағыз, Ойыл, Көздіғара, Қаракөл, Қарабау ауылдық округтерінде ірі қара малдары мен уақ жандықтардың, оның ішінде өрісте жайылып жүрген сиыр малдарының жоғалуы көптеп орын алуда. Себебі, мал иелері бақташыға ақы төлегеннен гөрі малдарын жайылымға еркін жібергенді тиімді көреді. Нәтижесінде, арам ойлы ұрылар қараусыз қалған малдарды емін-еркін ұрлап отыр. Көрші облыстарда мал иелері сиыр және жылқы малдарын бірігіп, кезекпен бағу үрдісі қалыптасқан. Бұл малдарды түз тағысынан қорғап, ұрылардың сиырларды тиеп, жылқыларды үйірімен қуып кетуден сақтайды.

Айта кетсек, негізінен мал иелерінің өздері малды бағусыз жіберіп, бірнеше ай бойы іздемей, ұрының ұрлап, ізін жасырып кетуіне жағдай жасайды. Ал, уақыт өтіп кеткен соң малдың табылуы да қиынға соғады. Әдетте баукеспе-барымташылар мал жоғалған ауыл-аймақтың төл тұрғындары болып шығады. Немесе әр ауылда ұрыларға нақты дерек беріп, бағыт-бағдар сілтейтін сыбайластары бар екені аян. Қазіргі таңда Миялы ауылынан басқа ауылдарда бақташы жоқ. Кейбірі шаруа қожалықтарына қосса, дені бағымсыз жайылады. Сондықтан, мал ұрлығына тосқауыл қоямыз десек барлық түлік түрі де бағылуы керек. Бұл туралы ауылдық округтерде тұрғындарға малды бағуға бақташы шығару немесе кезекпен бағу қажеттігі және оларды таңбалап, сырғалау керектігі жайында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отыр. Сондықтан мал ұрлығының алдын алу үшін малдарын түгелдей сырғалатып, сауын және бойдақ малдарды бақтыруға арнайы бақташы шығару мәселесін қолға алу қажет.

Шалқар НАУРЫЗҒАЛИЕВ,

аудандық ішкі істер бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі,

полиция капитаны.

АҚШАМЫЗҒА БАҚТЫРЫП, ҚОЙЫМЫЗДАН АЙЫРЫЛДЫҚ

Қаншама айтылып келе жатқанымен мал ұрлығын тыю мүмкін болмай отыр. Ұрлықты тыю былай тұрсын ұрыны табу да қиынға соғып тұр деген ойдамын. Бұлай деуімнің себебі, алты ай жазда төрт қойым қолды болды. «Телевишка» ауылындағы тұрғындар қолдағы қой малын кезекпен бағады. Кейбірі бағуға еріне ме, әлде жұмыстан қолы тимей ме әйтеуір кезегі келгенде бағатын адам болса ақша беріп бақтырады. «Бәйсеу» ауылында тұратын бір жасөспірім жігіт қаржысын төлеген адамның қой кезегін бағысып тұрды. Бұл да бос жатқаннан табыс табудың бір түрі ғой. Алайда, сол азамат баққан кезде кезектен қойдың келмей қалуы жиі кездесті. Менің жоғалған төрт қойым да осы жігіт баққан кезде өрістен келмеді. Екеуі арасына бір ай салып жоғалса, екеуі арасына үш күн салып жоқ болды. Бұл туралы жазған арызымда да көрсеттім. Жалпы, жаз бойы бір ауылдан жиырмаға жуық қой малы із-түссіз кетті. Және барлығы да әлгі азамат кезекке шыққанда. Сұрасақ, далада ешқандай мал қалған жоқ, барлығын да ауылға айдап әкелдім деп бой бермейді. Қазір сенімнен шыққандықтан оған ешкім қойын бақтырмайтын болды. Бірақ, менің ақ адал малым табылмады. Әр қойым жоғалған сайын аудандық ішкі істер бөліміне арызданудамын. Бірақ, олардың іздестіруі нашар ма, әзірге еш нәтиже жоқ. Ең болмаса төрт ұрлықтың біреуін аша алмағасын олардан көңілім қалды. Сөйтіп, ақшаға бақтырғанның салдарынан, қойымнан айырылдым.

Жұмабай КАДУОВ,

Миялы ауылының тұрғыны.

БҰЛ АУЫР КҮНӘ

Қазіргі таңда біреулер алдап-сулап ақша табуды, ұрлық жасауды кәсіпке айналдырған. Бірақ, олар бұл істері арқылы ауыр күнәні арқалап жүргендерінен бейхабар. Шариғат заңы бойынша ұрлық жасау – ауыр қылмыс. Бұл күнәні істегендерге бұ дүниеде де, ақыретте де ауыр азап бар. Біреудің мал-мүлкін рұқсатсыз, заңсыз түрде алудың барлық түрі ұрлыққа жатады. Ал, ұрлық істеген адам иманынан айрылады. Ұрының шариғаттағы жазасы қолын кесу. Ұрлық туралы Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: –«Мейлі еркек, мейлі әйел болсын, егер ол ұрлық жасаған болса, олардың қолдарын кесіңдер. Алланың жазасы сол» (Мәида, 38). Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан ұрлық жасаған адам заң алдында жауап беріп, жазаланады. Алланың елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Алла сауыт ұрлаған ұрыға лағынет айтады һәм оның қолы кесіледі және арқан ұрлағанға да лағынет айтады һәм оның да қолы кесіледі», – деген. Бұл ұрлықтың үлкен-кішісі жоқ деген сөз.

Ұрлық жасаған адамның ақыреттік жазасы ауыр болмақ. Ұрлықшы бұл дүниеде жасаған қылмысы үшін жазаланбай өмірден өтуі мүмкін. Алайда, ақыреттік есеп күнінде оның барлығы алдынан шығады. Кезінде заты, ақшасы немесе малы ұрланған жандар алдынан шығып, өздерінің нәрселерін талап етеді. О дүниеде оны қайдан таппақ?! Сондықтан, олардың орнына сауабы болса соны беріп құтылады немесе ақысы кеткендердің күнәсін мойнына жүктейді. Қазақта «Ұрлық түбі қорлық» деп бекер айтылмаса керек. Сондай-ақ, «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей ата-аналар балаларын кішкентай кезінен ұрлықтың жаман әдет екенін айтып, ұрлық жасаудан аулақ болуын қадағалауы қажет. Үйге өзгенің бір затын әкелсе қайдан алғанын, кім бергенін анықтап, өзіне тиесілі болмаса, кері қайтарып беруін талап еткен жөн. Сонда ғана кейінгі ұрпақты ұрлық атты жаман әдеттен арашалап қала аламыз.

Мұрат СҰЛТАНОВ,

«Бәйтерек» мешітінің бас имамы.

СЕГІЗ ҚОЙДЫ СЕГІЗ АЙ БОЙЫ ІЗДЕП ЖҮР

Бір түнде қорадағы ақ адал малыңнан айырылып қалудың өзекті өртейтін өкініші бар екен.Нақтырақ айтқанда, биылғы жылы 10 ақпаннан 11-іне қараған түні белгісіз біреулер жабық тас қорада тұрған қойларымның ішінен сегіз бас ұрғашы қойды ұрлап кетті. Оның төртеуі туайын деп тұрса, төртеуінің қозысы бар еді. Таңғы сағат 6.30 шамасында қозыларды енелеріне табыстырайын деп аулаға кірсем, жабық аулада тұрған сиырлар шөпте тұр. Кешкісін барлық есікті мықтап бекіткен едім. Алғашқыда «Сиырлар шөп аулаға қалай кірді екен?» деген ой келгенімен байыбына бармай, сиырларды шығарып есігін бекіттім. Қораға кіріп қозыларды жамыратсам төрт қозы енелерін таба алмай маңырап шауып жүрді. Үйден адамдарды оятып, қойларды түстеп түгендесем сегіз бас қой жоқ болып шықты. Сағат 7.30 шамасында учаскелік инспекторға болған жағдайды айтып, телефон шалсам ол азамат Миялыда екенін, барған соң іздейтінін ескертті. Таң атқасын із кесіп қарасақ, қойларды қорадан бір-бірлеп шығарған ұрылар жүрмегесін көлікке дейін сүйреп апарған. Көліктерін үйдің қасындағы өзектің арғы жағына қойған. Қарға төрт адамның ізі анық түскен. Көліктің қасында темекі тартып, «Миллер» сырасын ішкен. Тұрған жерлерінде темекі тұқылдары мен сыра тығындары жатыр. Бұған қарағанда ауылда мұндай қымбат маркалы сыра сатылмайтындықтан ұрылардың қаладан келгендігі анық. Бұдан кейін аудандық ішкі істер бөліміне телефон соғып, кезекшіге болған оқиғаны айтып тіркеттім. Біраздан кейін хабарласқанда кезекші жедел іздестіру тобы жолға шығып кеткенін айтты. Ертеңгілік шыққан полиция қызметкерлері жолда көлігіміз бұзылды деген сылтаумен түстен кейін келді. Олар келген соң ұрлық болған жерлерді суретке түсіріп, іздестіру шараларын жүргізді. Жаз бойы екі-үш рет тергеуші келіп кетті. Содан бері сегіз ай өтті. Әлі күнге дейін еш дерек жоқ. Сұрасақ іздестіріп жатырмыз дейді. Егерде ұрлық болған күні ертерек келіп, қала бағытындағы Мақат, Индер аудандарының құқық қорғау қызметкерлеріне хабарласа ұрылардың ұсталуы да мүмкін еді. Мәселен, ұрылар қаладан келсе кімнің үйінде қандай мал бар екенін, аула-қораға қалай кіретінін олар қайдан біледі. Демек, ауылда олардың сыбайласы бары анық. Қайткенде де ұры ұсталмады, қой табылмады.

Дүйсеш ӨТЕНОВ,

Қарабау ауылының тұрғыны.

Сиырдың да сырғасы болуы керек

Негізінен, жыл сайын жануарлардан бруцеллезге қарсы қан алынғанда туберкулез ауруына да тексеріледі. Үш күннен кейін мүйізді ірі қара малдары сібір жарасына егіледі. Қан алғанда құлақтарындағы сырға да қоса тексеріліп, түсіп қалғандары қайта сырғаланады. Сырға нөмірі арқылы әр мал басы базаға енгізіледі. Сиыр, қой, түйе малдары сырғаланса, жылқыға чип салынып немесе нөмірленген табро басылады. Егер тұрғындар шаруашылығына орай қалаға малын апарып сатқысы келсе, сататын малын ауылдарындағы ветеринар маманға көрсетіп, «Форма №1» анықтамасын алады. Анықтамаға малдың тексерілгені, қандайма бір ауруға қарсы қаны алынып, егілгені, сау мал екені, сырға нөмірі жазылады да ветеринар маман мөр соғып қолын қойып береді. Анықтаманы учаскелік полиция қызметкерлеріне көрсетіп, олардан да өз малы екенін анықтайтын құжат алады. Кейде сататын малдарын көрсетпей, қырда тұр, әкелуге уақыт керек дегендей түрлі сылтау айтып, анықтама алғысы келетін тұрғындар да кездеседі. Бірақ сатылатын малды көзбен көріп, тексермей анықтама берілмейді. Кейде өз малым ғой деген оймен анықтама алмай, полицияға көрсетпей қалаға тиеп кететін жандар да кездеседі. Алайда, қалада малдың құжаттары болмаған соң, қайта тексеріліп дәлелденгенше уақыттарын жоғалтады. Сондықтан, малды базарға сатуға апарғанда қажетті құжаттар мен малдың сырға, ен, чиптері міндетті түрде болғаны жөн. Егер мал сатып алсаңыз, малдың құжаты мен сырғасының болуын талап етіңіз. Осыны үнемі есте ұстаған абзал.

Аманкелді АҒРАПОВ,

аудандық ветеринариялық стансасы директорының міндетін атқарушы.

Қараусыз жандық – қарақшыға олжа

Бүгінгі таңда ауылдық жерлерде өзекті мәселелердің бірі – мал ұрлығы болып отыр. Және де бұл мәселенің шешімін табу қиындық келтіруде. Әрине, тұрғындар үшін күнкөріс қамымен бағып отырған малдың қолды болуы жақсы емес. Дегенмен, жұртшылық та ұрыларға көмектесіп, малдарын өз қолдарымен жіберіп тұрғандай. Себебі, далада бағусыз емін-еркін жайылып жүрген мал көп. Ал, қараусыз мал теріс пиғылды адамның да, итқұстың да оңай олжасы екені аян. Мұны тұрғындар да жақсы біледі. Бірақ біле тұра, осындай әрекетке барады. Өрістегі малдарын айына бір-екі рет сыртынан қарап, түгендеп тұрады. Кейбіреулері тіпті қарамайды да. Содан кейін күз түскенде малым жоғалды, ұры алды деп шу шығарады. Малды ұры алды ма, әлде өріс ауыстырып кетті ме, немесе итқұсқа жем болды ма? Ол жағы белгісіз. Жыл сайын көктем шыға ауылда тұрғындар жиыны өтеді. Онда күн тәртібінде бойдақ малды бақтыру, бақташы шығару мәселесі бірінші кезекте қаралады. Қажеттігіне қарай мал бағатын жерге баспана (каленка) тұрғызып беру, құдық қазу жұмыстарына қолғабыс берілетіні айтылудан кенде емес. Алайда, дағдыланбағандықтан ба, бақташылыққа ниет білдірген ешкім шықпайды. Сонда ақ адал малдарын қорғауға өздері жұмыстанбаса, даладан келіп ешкім де бағып бермейді. Осыны түсінетін кез келді. Бұл мәселе Тайсойған ауылында жақсы жолға қойылған деп естиміз. Олар ұйымдасып малдарын вахталық әдіспен бақтыруды баяғыда қолға алған. Сондықтан, көрші ауылдан сабақ алып, мал бағуды бір жолға қоюымыз қажет.

Қанат ҚАЙРУЛЛИН,

Қызылқоға ауылдық округінің әкімі.

Әркім өз малына ие болуы тиіс

Мал өсіру – ата-бабамыздан қалған берекелі кәсіп. Малды өсіріп-күтуге де уақыт, ниет қажет. Жаз шығысымен кейбір елді мекендерде мал ұрлығы басталады. Кейде ізім-қайым табылмайтын кезі болады. Мал ұрлап, оны сату арам ниетті қылмыскерлер үшін ұтымды да, пайдалы «табыс көзі». Дәл осы қылмыс түрінің тым қарқын алып кетуінің басты себептерінің бірі – жайылымдағы малдарды бақылаусыз, қараусыз қалдыру. Оған иелерінің немқұрайдылығын, қауіпсіздік шараларына жүрдім-бардым қарауын қосыңыз. Сол себепті, ұрлануға ең бірінші мал қожайындарының өздері кінәлі болып жатады. Өйткені, ірі қара малдар, оның ішінде жылқылар көбінде өрісте жүріп жоғалады және ауылдарда мал күндіз-түні көшенің ортасында жайылып жүреді. Кейбір ауыл тұрғындары кешкісін жайылымнан келген малды сауып, қайтадан жайылымға шығарып жібереді, ал, кейбіреулер жазғы уақытта өріске жіберген малдарын айлап қарамайды. Бақташы шықса да таңертең айдап апарып тастайды да, күні бойы ауылда шаруасын шаруалап кешкісін жинап әкеледі. Кезінде әр ауылдарда ауылдық кеңес төрағалары бақташы шығарып, жеке меншіктегі малдарды бақтыратын. Далада, ауыл арасында бейсауат мал жүрмейтін. Сондықтан болар, мал ұрлығы бірен-саран болмаса жоқтың қасы еді. Жалпы, орын алып отырған оқиғалар бойынша ауыл тұрғындарына, мал иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отыруы қажет. Жергілікті полиция қызметі де рейдтік шаралар ұйымдастырып, күдікті автокөліктерді тексеріп, тиісті бақылау жүргізіп отырса, қылмыскерлер де аяғын тартары сөзсіз. Ендеше, ақ адал малыңыз қолды болмасын десек, ең бірінші мал иесіз жүрмеу керек, яғни әркім өз малына ие болуы тиіс.

Дәулет ТАБЫНБАЕВ.

Қоныстану ауылы

Медиация тәртібімен татуласуға сот араласпайды

Биылғы жылдың он айында аудандық сотта қаралған 11 қылмыстық істің бесеуі ұрлыққа қатысты. Соның ішінде екі қылмыстық іс мал ұрлығына байланысты. Ал, өткен жылы осы мерзімде қаралған 25 қылмыстық істің бесеуі ұрлыққа қатысты болғанымен, оның ішінде мал ұрлығына қатысты іс қаралмады. Биылғы жылы мал ұрлығына қатысты қаралған екі қылмыстық істің біреуі жәбірленушімен татуласуына байланысты медиация тәртібімен тоқтатылса, бір қылмыстық іс бойынша үш сотталушыға айыптау үкімі шығарылып, үшеуі де қоғамдық жұмысқа тарту жазасына сотталды. Сондай-ақ, жаңа заңнама талабына сай жәбірленушілердің өтемақы қорына сотталушылардың әрқайсысынан 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 36 075 теңге мәжбүрлі төлем өндірілді. Сот барысында сотталушылардың өз кінәларын толықтай мойындағандары, отбасы жағдайлары, қылмыстық құқық бұзушылықты бірінші жасағандары, жасаған қылмысы жөнінде шын жүректен өкінетіндері ескерілді. Алайда, жәбірленуші тарап ұрланған малдарын қайтарғанымен сотталушыларға кешірім беруге ниетінің жоғын ескертіп, олардан заңды шарасын алуды сұрады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 68-бабы «Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату» деп аталады. Яғни, қылмыстық теріс қылық жасаған адам, егер ол келтiрiлген зиянның есесін толтырса және ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса немесе медиация тәртібімен татуласса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылуға жатады. Сондықтан, сотталушының жәбірленушімен татуласуы, оның ішінде медиация тәртібімен татуласу рәсіміне сот араласпайды. Ол олардың ерік білдіруімен жасалады.

Айтжан ДОСМАҒАМБЕТОВА,

аудандық соттың төрағасы.

ТҮЙІН:

Қалай десек те ауданда мал ұрлығы төмендеудің орнына өршіп, мал ұрлығымен күрес әлі күнге дейін өткір күйінде қалып отыр. Ал, ұрлықтың алдын алу үшін мал иелері, жергілікті билік пен құқық қорғау орындары өзара түсінісіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жұмыс істесе өзгелердің малын олжа қылып жүрген ұры-қарыларға тосқауыл қойылып, ұрлық азаяры сөзсіз. Ендеше, халықтың тілегі қалыс қалмаса игі.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521