060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Конкурсқа қатысып, жылқы мінді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында аудан көлемінде біраз игілікті жұмыстар жасалуда.

Солардың бірі – аудан әкімдігінің қолдауымен, ауданның Құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер Мұрат Сарманов пен «Қызылқоға» газетінің ұйымдастыруымен «Жер тарихы – ел тарихы» атты шығармашылық конкурс. Конкурстың басты мақсаты – ауданымыздағы жер-су аттарының тарихи мәні мен мағынасын ашып, жас ұрпақты елін, туған жерін сүюге, ұлтжандылыққа тәрбиелеу. Конкурс аудандық басылымға өткен жылдың қараша айында жарияланып, содан бері редакцияға Атырау қаласы, Мұқыр, Қарабау, Тасшағыл, Миялы ауылдарынан шығармалар келіп түсті. Алты айға созылған конкурстың қорытындысын шығару үшін құрамында аудан әкімінің орынбасары, журналистер мен өлкетанушылар бар арнайы комисия құрылып, жүлделі орындарды анықтаған еді. Жақында аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аталмыш конкурстың марапаттау рәсімі өтті. Шараны ашқан аудан әкімі Арман Баженов:

– Бұл байқаудың мәні мен мағынасы зор. Себебі, өз туған жерінің тарихы мен жер-су аттарын білу – әр азаматқа парыз. Кей кезде сырттан келген қонақтар «Бұл жердің аты неге бұлай аталған?» деп сұрап қалып жатады. Ал, оны біріміз білсек, біріміз білмей жатамыз. Бүгінгі байқау сол олқылықтың орнын толтырып, өзіміздің де рухани кемелденуімізге септігін тигізері анық, – деді. Содан кейін конкурстың бас демеушісі Мұрат Сарманов сөз алып, аталмыш шараның мәні мен маңызына тоқталып, алдағы уақытта байқауға түскен шығармаларды жинақтап, кітап қылып басып шығаруға уәде берді.

Бұдан соң конкурстың жүлдегерлері марапатталды. Комиссия шешімімен бірінші орын Құмар Хасанға беріліп, ол жылқы малымен марапатталса, екінші орын алған Гүлжамал Бисенқұлова сиыр малына ие болды. Жүлделі үшінші орын Жәния Ізбасқанға бұйырып, ол ноутбукпен марапатталды. Ал, конкурсқа қатысқан Асантемір Қаршығаұлы, Амангелді Сәрсембаев, Гүлжан Тоқмурзина, Нұржамал Рахмет, Шұғыла Еңсептерге Алғыс хат және ақшалай сыйлық табыс етілді. Жиын соңында аудан әкімі Арман Баженов байқауды ұйымдастырып, демеушілік танытқан Мұрат Сармановқа облыс әкімінің бірінші орынбасары Сағындық Лұқпановтың Алғыс хатын табыстап, «Қазбат» жауынгерлік-патриоттық республикалық қоғамдық бірлестігінің «Қазақстан патриоты» медалін кеудесіне тақты.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.

Гүлжамал БИСЕНҚҰЛОВА, конкурс жүлдегері:

– Бұған дейін газет беттерінде талай конкурстар шығып жүр ғой. Бірақ, бұл жолғы конкурстың мәні де, мағынасы да бөлек болды. Туған жердің тарихи атауларының мәнін ашу мақсатында жасалған бұл байқау қатысушыларды да, оқырмандарды да бір серпілтіп тастады деген ойдамын. Сондай-ақ, бұл конкурстың Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласымен үндесіп жатуы да байқаудың салмағын арттыра түсті. Бұл конкурсқа қатысамыз деп өзіміздің де көкірек көзіміз біраз ашылып қалды. Расымен де, бұрын көп елене бермейтін жер-су аттарының мәніне үңіліп қарағанда тарихпен тіл табысқандай боласың. Жер-су аттарының тарихын тауып, мәнін ашқан сайын басқа да тың деректерге жолығып, одан әрі қызықтыра бастайды екен. Рухани жаңғыру дегеніміз осы шығар. Конкурстың бас демеушісі Мұрат Сарманов бауырымыз алдағы уақытта материалдарды жинақтап, кітап қылып басып шығаратынын айтты. Бұл жоспар жүзеге асса, аудан халқы үшін ерекше тарту болмақ.

Құмар ХАСАН, конкурс жеңімпазы:

– Біздің Қызылқоға өңірі тұнған тарих. Егер осы ауданды шындап зерттейтін болса әрбір жотасы мен әр төбесінен тарихи тұлғалардың ізін табуға болады. Сондай-ақ, ауданымызда қойылған жер-су аттарының да өзіндік сыры мен сипаты бар. Бұрын ұстаздық етіп жүргенде оқушыларға өз туған жерінің тарихы мен жер-су аттарының мағынасын түсіндіру мақсатында көп ойландым. «Қызылқоға атауы қайдан шыққан?», «Неге Тайсойған деп аталған?», «Мұқыр сөзінің төркіні қандай?» деп біраз іздендім. Кейін сұрастыра келе біраз нәрсеге қанық бола бастадым. Содан былтыр аудандық «Қызылқоға» газетінің қараша айындағы бір санында «Жер тарихы – ел тарихы» конкурсы жарияланды. Бұл конкурс мені одан әрі ізденуге итермелеп, шабыттандыра түсті. Сөйтіп, естіген-көргендерімді қағазға түсіріп, конкурсқа ұсындым. Санамалап қарасам біраз жинақ болыпты. Міне, енді комиссия мүшелерінің шешімімен бірінші орынға ие болдым. Бұл конкурс бізден бұрын жас ұрпаққа өте қажет. Себебі, туған жерінің тарихы мен жер-су атауларының мәнін білмеген ұрпақ ұлтжанды болып өспейді. Ұйымдастырушыларға алғыстан басқа айтарым жоқ. Игі бастама жалғасын тапсын.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?