060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Халыққа сапалы қызмет көрсету қайткенде жақсара түседі?

Жақында Атырау қаласына іссапармен барып, теміржол вокзалы қасындағы қымызханаға түстене қояйын деп кіргенмін.

Қымызхана іші кең әрі қазақи нақышта безендірілген екен. Кірген бетте ұнады. Алайда, көтеріңкі көңілім тапсырыс беріп, тамақ келген сәттен түсіп кетті. Даяшы мәзірдегі тамақтың жоқтығын айтып, басқасын әкелді. Онысы суып кеткен. Оған бола шу шығаруды жөн санамадым. Алайда, даяшымен арамыздағы дау есеп айырысар сәтте болды. Айтқан ақшасын төлеп, енді соның чегін сұрасам «Бізде чек берілмейді» деп қарап тұр. «Неге берілмейді, сонда салықты қалай төлеп отырсыздар?» деп сұрасам оған жауап беруден бас тартты. Содан кейін «Облыс орталығындағы аты дардай қымызхананың өзі дұрыс қызмет көрсетпей, ең аржағы чек бермесе біздің аудандағы қызмет көрсету қалай екен?» деген ойға қалдық. Аталмыш оқиғадан кейін аудандағы тұтынушы құқығы һәм қызмет көрсету сапасы туралы зерттеп, зерделегенді жөн санадық.

Сервистік қызмет сын көтермейді

Қазақта «Қонақ тамағыңа емес қабағыңа қарайды» деген жақсы мақал бар. Бұл бизнес тілінде сервис деп аталады. Яғни, тұтынушыға сапалы қызмет көрсету. Кез келген сауда орталығы болсын, мейрамхана болсын ең бірінші тұтынушының жанын жай таптыратын нәрсе осы сервистік қызмет. Яғни, келген адаммен сыпайы сәлемдесіп, жылы сөйлесіп, қас-қабағына қарай отырып сауда жасау. Одан бөлек сервистік қызметке кәсіпкерлік нысанның тазалығы, даяшының немесе сатушының қызметтік киімде болуы, дүкендерде тауар бағасының анық жазылып тұруы, мейрамханаларда ас мәзірінің болуы, арыз-шағым кітапшасы, кассалық құрылғы сынды дүниелер кіреді. Соның ішінде тұтынушыға ең керегі – кәсіпкерлік нысанның кез келген уақытта ашық тұруы. Бұл әсіресе дүкендерге қатысты. Бір өкініштісі аудан орталығында көп дүкен мемлекеттік мекеме сияқты жұмыс жасайды. Түскі уақытта және демалыс күндері жабық тұрады. Бұл үйге аяқ астынан кісі келіп қалғанда қиын. Осы орайда, кәсіпкерлер ортақ ақылдаса отырып, біреуі демалғанда екіншісі ашса тұтынушыға да, кәсіпкерге де тиімді емес пе деген ой келеді.

Сервистік қызметтің сапасы көбіне тамақтану орындары мен мейрамханаларда анық көрініп жатады. Сол мақсатта біз де аудандағы бірқатар кафелер мен шайханаларды тұтынушы есебінде аралап, қызмет сапасын көзбен көріп қайттық. Алдымен бас сұққанымыз «Ақсәуле» кафесі болды. Көбіне шағын қонақтықтар мен құдалықтарды қабылдайтын бұл кафе басқа күндері келушілерге есігі айқара ашық. Барғанымызда қолына ас мәзірін ұстап, сыпайы сәлемдесіп, тапсырыс алатын даяшыны байқай алмадық. Сөйтсек тапсырысты даяшыға келуші өзі барып береді екен. Бұл кафенің бір артықшылығы бағалары қолжетімді, таңғы сағат 4-5-ке дейін ашық тұрады. Бұл да тұтынушы тартудың бір әдебі шығар деп топшыладық. Бір әттеген-айы әжетханасы сын көтермейді. Ерлерге де, әйелдерге де ортақ бір әжетхана. Соның салдарынан ба түн-гі уақытта кафеден шығып сыртта теңселіп дәрет сындырып тұрғандарды талай көрдік. Әрине, көрген көзде жазық жоқ. Біздің екінші болып бас сұққанымыз «Ахан» мейрамханасы болды. Бұл мейрамхананың іші, сырты, безендірілуі бәрі тамаша. Әжетханасы да ішінде. Кез келген қонақтық пен шағын тойларды ұялмай өткізуге болады. Көпшіліктің көзіне түспей оңаша отырғысы келетіндер үшін VIP бөлме де қарастырылған. Алайда, жай күндері барып демалатындарға қиындау. Бір барғанымызда қарапайым «Кока-кола» сусынын таба алмасақ, бір барғанда ас мәзірінде жазылған ыстық тамақтар жоқ болып шығады. Даяшылардың айтуынша ыстық тамаққа алдын ала 5-6 сағат бұрын тапсырыс беріп қою керек екен. Яғни, кез келген уақытта барып тамақтану мүмкіндігі төмен. «Ахан» мейрамханасынан кейін «Тұшпарахана» аталған шағын шайханаға баруды жөн санадық. Алайда, есігі жабық. Сұрастыра келгенде білгеніміз шайхана көптен бері жабық тұр екен. «Жарайды» деп одан өтіп «Арай» кафесіне ат басын бұрдық. Айта кетейік, бұл кафе тұтынушылар ең көп келетін жер. Таңертеңгі оннан түнгі екіге дейін ашатын кафенің ас мәзірі, қызмет көрсетуі барлығы да талапқай сай. Іздеген кез келген тамағың табылады. Өлең айтатын караокесі бар VIP бөлме де көңілден шықты. Алайда, мұнда да «Ақсәуле» кафесі сияқты ащы суға тойып алып, жұрттың берекесін алып жүретіндер көптеп кездеседі. Бәлкім мұндай орындарға күзетші қойған дұрыс шығар.

Аудандағы ең үлкен тамақтану орындарының бірі – «Керуен» сауда үйінің шайханасы. Бұл ішінде сауда нүктелері, банкомат, зейнетақы қоры, баспа орталығы бар өте ыңғайлы жерде орналасқан. Тұтынушылардың көптеп келуінің себебі де содан шығар. Тамақ пен сусынның түр-түрі бар бұл шайхана әзірге жоғары деңгейде қызмет көрсетуде. Бұл қатарға ашылғанына көп бола қоймаған «Миялы-сити» кафесі де кіреді. Іші ерекше дизайнмен жасалып, келушілердің отыратын орнына дейін ыңғайлы жасалған. Алайда, «Миялы-сити» кафесінің атауына түсіне алмадық. Жүз пайыз қазақы аудан саналатын біздің ауданда осындай атаулардың керегі қанша? Бұл "Тіл туралы" заңдылықты бұзып тұрған жоқ па? Қысқасы бұл кафеден атауы мен ішінің тарлығынан басқа мін таба алмадық. Жастардың жиі барып, бас қосатын тағы бір орны «Фастфуд» кафесі. Бұл – аудандағы ерекше орындардың бірі. Себебі, мұнда басқа мейрамханаларда кездесе бермейтін фри, чикен, донер, гамбургер сияқты ерекше тамақтар дайындалады. Соңғы кездері таксилер арқылы үйге жеткізу қызметін де атқарып жүр. Тек бір көңілге тигені – сервистік қызмет. Бірде сол кафеде отырғанымызда «Қазір жабамыз, тезірек шықсаңыздар» деп асықтырғаны бар. Жұрт тамақ ішіп отырғанда қасында бос тұрған үстелдерді жинап тастағаны да сервистік қызметтің төмендігін көрсетеді. Ашылғанына көп бола қоймағасын әрі иесі 18 жасқа енді толып отырған жас болғасын түсіністікпен қарауға тырыстық. Алдағы уақытта аталмыш кемшіліктерді жояр деген сенімдеміз.

Чек талап етіп жүрсіз бе?

Тұтынушының сауда жасағанда ақша бергенін растайтын, сол арқылы бюджетке салық төлететін құжаттың бірі – чек. Өкінішке орай, біздің ауданда чек талап ету мәдениеті өте төмен. Алдымен біз чекті неге талап етеміз? Соны талдайық. Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Бекзат Сүйіновтің айтуынша, «Салық және басқа да бюджетке төленетін міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексіне сәйкес ел аумағында сауда операция-ларын жүзеге асыру (тауарлар сату, жұмыстар, қызметтер көрсету) кезінде немесе қолма-қол ақша арқылы қызмет көрсету кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысу міндетті түрде бақылау-касса машиналарын қолдану және бақылау чегін беру арқылы жүргізіледі. Бұл сіз сауда жасаған орыннан чек талап етер болсаңыз кәсіпкер «көлеңкелі бизнеспен» айналыса алмайды деген сөз. Яғни, сіз талап еткен чек арқылы кәсіпкердің бюджетке төлейтін салығы көбейіп, бұл өз кезегінде елдегі зейнетақы, шәкіртақының көбеюі, жолдардың салынуы сынды оң бастамаларға себеп болады.

Алайда, сауда жасағаннан кейін кейбір сатушылар чек бермеу үшін түрлі сылтаулар айтатынын байқап жүрміз. Бекзат Болатұлының айтуынша, егер сіз сауда орнынан талап еткен чекті ала алмасаңыз аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының 2-12-44 сенім телефонына хабарласа аласыз немесе басқармаға келіп жазбаша арыз қалдыруға болады. Тұтынушының құқықтары бұзылғандығы анықталған жағдайда, кәсіпкерлік субъектілеріне Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 284 бабына сәйкес, шаралар қолдану көзделген. Сондай-ақ, сіз чек талап ету арқылы қосымша ұтысқа да ие бола аласыз. Еліміз бойынша 1 мамыр мен 30 қараша аралығында «Түбіртекті талап ет – жүлдені ұтып ал!» акциясы жүріп жатыр. Яғни, сіз қолыңыздағы чекті суретке түсіріп, «Wipon» мобильді қосымшасы арқылы чектің суретін жібересіз. Бас жүлде автокөлік және одан басқа қосымша бағалы сыйлықтар бар. Ендеше іске сәт.

Тауарды қайта тапсыру мүмкін бе?

Тұтынушы құқығы дегенде ойға оралатын тағы бір нәрсе – тауарды қайта тапсыру. Бұл да болса жұрттың көкейінде жүрген сауалдардың бірі. Аталмыш сұраққа жауапты ауданда осымен айналысатын құзырлы мекеме болмағасын «Қазақстан Республикасы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңынан таптық. Аталмыш Заңның 30-бабында «Тұтынушы дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды, іш киім, шұлық, жануарлар мен өсімдіктер және метрлеп сатылатын тауарларды ғана қайтара алмайды. Басқа тауарларды 14 күннің ішінде тапсыра алады. Ол үшін тауарды сатып алғандығын растайтын чек болуы тиіс. Сонымен қатар, тауар жаңа күйінде, тұтынушылық қасиеттері бұзылмаған, заттаңбалары алынбаған болуы керек» деп көрсетілген. Яғни, кез келген тұтынушы жоғарыда аталған тауарлардан басқасын тапсыра алады. Тек барлығы Заң аясында жүзеге асқаны абзал.

Халықтың көңілін табу міндетіміз

Кәсіпкердің басты ұстанымы халыққа сапалы қызмет көрсету болуы керек. Себебі, кәсіпкер бизнесінің өркендеуі тікелей тұтынушыға байланысты. Мен 2003 жылдан бері кәсіпкермін. Содан бері байқағаным егер табысты кәсіпкер болғың келсе халықтың ақшасымен емес көңілімен санасу керек екен. Бертін келе «Керуен» сауда үйін салып, ішінен тамақтану орнын аштық. Басында шағын қылып бастап едік, халық көптеп келе бастады. Сосын шайхананы үлкейтіп салдық. Сондай-ақ, жұмыс жасайтын әрбір қызметкерге үнемі келушілердің көңілі мен уақытын бағалау жайлы айтып отырамыз. Бұл тез әрі сапалы қызмет көрсету деген сөз. Дәмді тамақ, қолжетімді баға, сапалы қызмет үшеуі үйлесім тапса тұтынушы өзі іздеп келеді. Қазіргі нарықтың талабы осы. Сонымен қатар, бизнесте ашықтық пен адалдық та керек. Яғни, табысыңды жасырмай, тиісті салығыңды төлеп, мемлекетке пайда келтіру. Біз де бизнес саласына келгенде осы ұстанымда болдық. Соның нәтижесінде, «Үздік салық төлеуші» номинациясымен марапатталдық. Алға қарай да осы бағытымыздан таймай халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз деген сенімдемін.

Октябрь НҰРАДИНОВ,

жеке кәсіпкер,

«Керуен» сауда үйінің иесі.

Барлығы талапқа сай болуы керек

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге ерекше жағдай жасалуда. Президенттің өзі бастап кәсіпкерлерге арналған бағдарламалар қабылдап, банктер төмен пайызбен несие беріп, тегін семинарлар өтіп жатыр. Мұның бәрі не үшін? Әрине, кәсіпкердің әл-ауқатын көтеру, бизнесіне дем беру үшін. Осы қамқорлықтарға жауап есебінде кәсіпкерлер де тұтынушы құқығын аяқ асты етпей, оларға барынша жағдай жасау керек. Дүкен болсын, мейрамхана болсын барлығы да осы талапты орындауы тиіс. Бөлім тарапынан жақында кәсіпкерлерге арналған «Тұтынушы құқығын қорғау» тақырыбында семинар өткіздік. Оның ішінде кәсіпкерлік нысанның ішкі-сыртқы жағдайынан бастап сапалы қызмет ету, адал бәсекелестік, таза сауда сынды бірқатар мәселелер сөз болып, кәсіпкерлерге кең көлемде түсінік берілді. Бұл тұрғыда алдағы уақытта да нәтижелі жұмыстар жалғаса береді.

Зинеш САРБУФИЕВА,

аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы.

Түнгі дүкен тиімсіз

Біздің қазіргі кәсіп жылыжай мен сауда-саттық бағытында болып отыр. Жақында жұмыс ауқымын кеңейтіп, аудан орталығынан қосымша әлеуметтік дүкен аштық. Әлеуметтік дүкен аты аталғандай халыққа, соның ішінде әлеуметтік аз қамтылғандарға арналған. Мұнда тауарлардың бағасы өзге дүкендерден он-он бес пайызға дейін төмен. Осы дүкенді ашпастан бұрын аудан әкімі Арман Баженовке ұсынысымды айтқанмын. Ол кісі қолдайтынын жеткізді. Аллаға шүкір, әлеуметтік дүкен ашылғалы Жамбыл, Тасшағыл сынды ауылдық округтер мен далада мал бағатын қожалық иелері тұрақты тұтынушыға айналды. Қазір дүйсенбі мен сенбі аралығында сағат таңертеңгі тоғыз бен кешкі тоғыз аралығында ашып отырмыз. Егер тұтынушы болса жексенбі күні де ашамыз. Ал, дүкеннің жұмыс уақытын ұзарту мәселесі сұранысқа сай жүзеге асады. Кей кезде «24 сағаттық дүкен неге ашылмайды?» деген сұрақтар да туындап жатады. Ол біз үшін қолайсыз. Себебі, ауылда түнгі уақытта сауда көп жүрмейді. Ал, ол түнгі кезекке дүкенші мен күзетші алып ашқандағы еңбекті ақтамайды. Сонымен қатар, біздің әлеуметтік дүкеннің басты тұтынушылары зейнеткерлер мен аз қамтылғандар. Ол кісілер саудасын күндіз жасайды. Сондықтан, тәулік бойы ашу әзірге тиімсіз.

Тұрлан БЕКЕШОВ,

жеке кәсіпкер,

әлеуметтік дүкеннің қожайыны.

Ең қиыны – даяшылық

Студент болғасын кей кезде қосымша табыс болсын деп уақытша жұмыстар жасаймыз. Соның ішінде бізге тиімдісі даяшылық. Даяшы болып қалада да, ауылда да жұмыс жасап көрдім. Сол кезде даяшының жұмысы қиын екенін түсіндім. Әсіресе, алкогольді ішімдіктер сатылатын кафелерде темірдей жүйке мен төзім керек. Ондай жерлерде ішіп алып боқтайтындар мен ақшасын бермей қашып кететіндер көп болады. Соның бәріне амалсыз төзесің. Әрине, тұтынушы құқығы қорғалғаны дұрыс. Алайда, сонымен қоса тұтынушылар мәдениеті де қалыптасса екен. Ақшасын төледім екен деп келген кафесін билеп-төстеп алатындар бар. Соларға тыйым болуы керек. Кей кезде өзім сияқты даяшы қыздарды аяймын. Кафе иесінің де, кірпияз келушінің де көңілінен шығу үшін жанын салып жұмыс жасайды. Жұмыс барысында бір ыдысты сындырып алсаң дәмхана қожайыны ақшаңды қияды. Мына жақта «Даяшы екі сыра» деп айқайлап ішіп алған адамдар отырады. Тамақ дәмсіз болса да аспаздан емес даяшыдан көреді. Осының бәрі біздерге оңай емес. Қорыта айтқанда, келушілер түсіністікпен қарап, мәдениетті болса даяшылар да сапалы қызмет көрсетеді деп ойлаймын.

Ақмарал НИЯЗОВА,

студент.

Арнайы шаралар алынса

Әйел болғасын сауда-саттық жасаймыз, дүкен аралаймыз. Ауылдық жердің бір жақсысы қарызға да ала бересің. Сосын жалақы алғанда төлейсің. Ал, бір жаман жері таңдаған тауарың бола бермейді. Бұл әсіресе киімге қатысты. Қалада толып тұратын киімдер ауылдық жерде табыла бермейді. Болса да бағасы қымбат. Сондай-ақ, өзімізден шықса да ет, құрт, қаймақ сынды ауыл шаруашылығы өнімдері де қалтаға салмақ салады. Мысалы, өткен айда әр апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі болды. Жәрмеңке дегесін арзан шығар деп барасың. Бірақ, ауылдағы дүкендерден көп айырмашылық болмайды. Тіпті кейбірі қымбат. Оның несі жәрмеңке? Тұтынушы құқығы дегеннен шығады кей кезде дүкеннен бір нәрсе аласың. Бірақ, кейбір жағдайларға байланысты кейін тапсыруға тура келеді. Бір сағат өтпей апарсаң дүкенші бұлданып болады. Сонда оларға заң жоқ па? Сондай дүкеншілердің арнайы шарасы алынса екен.

Мейрамгүл БАҒДАТОВА,

Миялы ауылының тұрғыны.

(аты-жөні өзгертілді)

Түйін: Біз аталмыш тақырыпты «тырнақ астынан кір іздеу» немесе кәсіпкердің жұмысына кедергі келтіру мақсатында көтерген жоқпыз. Тек айтқымыз келгені – мемлекет кәсіпкерлік саласына барлық жағдайды жасап жатыр. Енді осыған жауап есебінде кәсіпкерлер де тұтынушыға сапалы қызмет көрсетіп, саудасын адал жасаса деген ниет қана. Орыстарда «Клиент всегда прав» деген сөз бар. Бұл сөзбен келісерсіз мүмкін келіспессіз. Бірақ, тұтынушы құқығы әрдайым жоғары тұруы керек.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.

Редактор-Журналист

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?