Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Кәсіпкерлікке кең өріс

Қоғамның қолдауына ие болып, әлеуеметтік салаға әр берген «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі шынымен де қалың көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Әсіресе, бас уайымы баспана болған ағайынның қуанышында шек жоқ. Себебі, аталмыш Үндеуде Елбасы баспана алу мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықты тұрғынүймен қамту үшін «7 – 20 – 25» бағдарламасын ұсынды.

Бұл екінші деңгейлі банктердің бастапқы пайыздық сомасын өсірмей, халыққа қолжетімді түрде беруге арналған жоба десек те болады. Яғни, енді көп ұзамай отандастарымыздың арманы ақиқатқа айналмақ. Сонымен қатар, Үндеуде жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту да айтылды. Елбасы салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 пайыз ғана салық салуды ұсынды. Бұл ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға арналған бастама. Сондай-ақ, ел болашағы саналатын студенттер мәселесіне назар аударған Мемлекет басшысы алдағы уақытта олардың білім алуына, жатақханамен қамтылуына жағдай жасалатынын айтты.

Халыққа арнаған Жолдаулар мен Үндеулерінің бәрін де кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне міндетті түрде атап өтетін президент бұл жолы да кәсіптен нәсібін терген жандарды назардан тыс қалдырмады. Яғни, аталмыш төртінші бастамада шағын несие беруді көбейтуге ерекше тоқталып өтті. Жалпы, жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген шағын несие беру неғұрлым тиімді тетік саналады. Кәсіпкерлермен тікелей жұмыс жасап жүргендіктен бұл бізге таныс жағдай. Әрине, кәсіп ашамын деген адамға несиені бірден бере салмай оны бизнестің қыр-сырымен таныстырып, оқытып алған абзал. Сол мақсатта, ауданда «Бастау Бизнес» жобасы аясында бірнеше тұрғын оқытылып, алды шағын несие алып, кәсібін бастап та кетті. Бүгінде аудан тұрғындарының кәсіпкерлікке деген құлшынысы қуантады. Әсіресе, жастар жағы белсенді. Елбасы өз Үндеуінде алыс ауылдарда кәсіп көзін көбірек ашуды тапсырған болатын. Сол мақсатта биылдан бастап қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізу мәселесі Үндеуде баса айтылды. Бұл деген еліміздің кәсіпкерлік саласына жасалған тың серпін болмақ. Осы орайда, аталмыш бастамадан аудан кәсіпкерлері де қалыс қалмай шағын несие алып, өз кәсіптерін бастайды деп сенемін.

Зинеш САРБУФИЕВА, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521