Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Кәсіп көбейсе, нәсіп те молаяды

Өткен аптаның сейсенбісі күні ауданымызда «Бірыңғай партия күні» шарасы өтті. «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев бастап келген топ құрамында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиал төрағасының орынбасары Бақберген Қарабаев пен саяси жұмыс бөлімнің меңгерушісі Данагүл Жайлаубаева, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті борыштармен жұмыс басқармасының басшысы Нұрболат Сарманов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалының мониторинг бөлімінің басшысы Расбек Самиғоллаев, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бас маманы Алина Бисенғалиева, облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Ерлан Үбіғалиевтер болды.

 КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨП

«Бірыңғай партия күні» шарасы аясында олар «Арман» мәдениет үйінде кәсіпкерлермен, шаруа қожалықтарының төрағаларымен кездесті. Дөңгелек үстел бағытында ұйымдастырылған кездесуге аудан әкімі Арман Баженов, мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали, аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары мен бөлім басшылары қатысты. Жиынға төрағалық еткен «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев:

– Елімізде кәсіпкерлікті дамыту үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, бірқатар заңнамалық актілер шығарылып, қолданысқа енді. Алайда, шағын және орта бизнес өкілдерінің кейбір заңнаманы дұрыс түсінбеуі кәсіптерін өрістетуге кедергі келтіретіндігі жасырын емес. Сондай-ақ, олар өздерінің жұмыстарын тез бітіру мақсатында сыбайлас жемқорлық тудыратын әре-кеттерге де барып жатады. Осыған орай, бүгінгі топ мүшелері сіздерге кәсіпкерлікте кездесетін кедергілерді жою, сыбайластықтың алдын алу бағытында кеңестер беріп, қолдау көрсетеді, – деді.

Жиында сөз сөйлеген облыстық мемлекеттік кірістер департаменті борыштармен жұмыс басқармасының басшысы Нұрболат Сармановтың айтуынша, биылғы жылы салық кодексіне енгізілген өзгерістер салық салу идеологиясын өзгертіп, адал ниетті салық төлеушілердің мүддесін қорғауға, экономиканың маңызды салаларын ынталандыруға, салық әкімшілігінің бағыттарын жетілдіруге арналған. Мәселен, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді «Онлайн төлеу» жүйесі арқылы жүзеге асыруға болады. Яғни, салық төлеуші үйде отырып ұялы телефон арқылы берешегінің бар-жоғын анықтап, төлемдерді төлей алады. Бұрын бұл қолжетімділік жеке тұлғалар үшін салықтың тек үш түрін: мүлік салығын, көлік салығын, жер салығын төлеуге ғана қатысты болса, бүгінгі күні салық пен кеден баждарының 18 түрін төлеуге қолжетімді.

Бұдан кейін сөз алған облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бас маманы Алина Бисенғалиева, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалының мониторинг бөлімінің басшысы Расбек Самиғоллаев өз салаларында несие беруде қандай бағдарламалармен жұмыс жасап жатқандарын, оны алу жолдарын түсіндірсе, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфеева несие алуда, кәсіпкерлікті дамытуда кездесетін кедергілерді сөз етті.

Кездесуді қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев: – Бүгінгі жиынмен барлық айтылған мәселелер шешілді деу ағаттық болар. Сондай-ақ, әлі де айтылмаған мәселелер жетерлік. Сондықтан, кездесудегі пікірлер, ұсыныстар тиісті орындарға жеткізіліп, шешімін табуға жұмыстанамыз, – деді.

ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНЫСЫ ШЕШІМІН ТАБАДЫ

Кәсіпкерлермен кездесу одан әрі қоғамдық қабылдаумен жалғасты. «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаевтың қабылдауына келген миялылық кәсіпкер Сүйеуғали Дүйсәлиев Миялы сервистік-дайындау орталығының жұмысын жандандыруға қаржылай көмек сұрады.

– Қаржы инстуттарында кәсіпкерікті жандандыруға қаржы қаралған. Бірақ біздің облысқа бөлінген қаржының игерілмеуіне байланысты басқа облыстарға берілген. Алға қарай сіздерден осы мәселенің оң шешімін табу үшін қолдау күтемін, – дейді ол.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалының мониторинг бөлімінің басшысы Расбек Самиғоллаевтың түсіндіруінше, биылғы жылға сұратылған қаржы игеріліп кетті. Қаржы тек бір жылға алдын ала қаралып, бекітіледі. Бұл ретте, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдеріне он күн ішінде кәсіпкерге нақты жауап беруді тапсырды.

Сағыз ауылының тұрғыны Ақмарал Ержанова жеке дүкенін газ желісіне қосуға төленетін қаражаттың қымбаттығын жеткізіп, осының заңдылығын білгісі келсе, миялылық кәсіпкер Октябрь Нұрадинов үлкен көлемде несие берілсе деген пікірін білдірді. Олардың сауалдарын мұқият тыңдаған Нұрлыбек Ожаев газ желісін қосу мәселесі жөнінде аудандық газ бөлімшесінің басшысы Бауыржан Кереевке тұрғынның сауалын зерделеп, нақты белгіленген бағаны ұғынықты етіп түсіндіруді тапсырса, үлкен көлемде несие беру туралы тиісті орындармен жүздесіп, жауап берілетінін жеткізді.

ЖАСТАР РУХЫ БИІК БОЛУЫ ТИІС

Содан соң «Нұр Отан» партиясы ғимаратында аудан жастарымен кездесу ұйымдастырылды. Жиынды ашып, жүргізген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев:

– Жастар – ел болашағы екені анық. Сондықтан, Елбасы Н.Назарбаев келесі жылды «Жастар жылы» деп атады. Бүгінгі жоба аясында кездесудің негізгі мақсат – жастарды не толғандыратынын, олардың болашаққа деген көзқарастары жөнінде білу. Аудандағы көкейтесті мәселелер, кездесетін кедергілер туралы ортаға салып, оларды шешу жолдарын қарастыру. Жиынға белсенділікпен қатысып, өз ойларыңызды ортаға салыңыздар, – деді.

Миялы ауылдық округінің бас маманы Нұрбол Бижанов: – Қазіргі таңда ұялы телефоннан, смартфоннан балалар көретін белгісіз шетел кейіпкерлерін өзіміздің Ер Төстіктерге, Қабанбай батырларға ауыстыру қажет. Сонда ғана балаларға қазақ елінің өткенін, кешегі батырларымызды, мағынасы мол ертегілерімізді насихаттау арқылы рухтандыра аламыз, – деген ұсынысын жеткізді.

Ал, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Данагүл Жайлаубаеватың айтуынша, жастардың тарапынан айтылған ұсыныстарды, өзекті ой-пікірлерді «Жастар жылына» байланысты жасалатын жоспарларға енгізуге мүмкіндік бар. Смартфондағы шетел кейіпкерлерін ұлттық нақышқа келтіру, ұлттық батырларымызды насихаттау жергілікті жастардың да қолдарынан келеді. Биылғы жылы Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектебіне ашылған ІТ сыныбындағы бағдарламалардың ішінде анимациялық бағдарламалар бар. Осыны пайдалануға болады. Алдағы уақытта «Үздік ІТ сыныбы», «Үздік бағдарламашы», «Үздік ІТ мұғалімі» және басқа да номинациялар бойынша байқаулар ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, партиялық жоба аясында кітапханаға жастарды тарту қолға алынды. Осындай шаралардың бел ортасында жастар жүруі тиіс.

Кездесуде сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиал төрағасының орынбасары Бақберген Қарабаев пен аудандық мәслихат депутаты Мәлік Сүлейменов жастар жұмысын жандандыру бағытында ой-пікірлерін жеткізумен қатар, қашанда жастардың рухы биік болуы тиіс екендігін тілге тиек етті.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521