060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Күрең ат алдына ат салмады

Сәуір айының соңғы күндері аудандық «Ұлттық спорт түрлері» федерациясының көктемгі маусымдық ат бәйгесі ашылды.

Онда көрермендер тай жарысы, топ және аламан бәйге секілді ат спортының түрлерін қызықтады. Ат жарысқа біздің ауданнан басқа Атырау қаласынан, Жылыой ауданынан, көршілес Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарынан бірқатар сәйгүліктер қатысты.Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Арман Баженов:

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай бұқаралық спортты дамыту және ұлттық спорттық өнерді жас ұрпаққа саналы түрде дәріптеу мәселесі кең қамтылған болатын. Ел ертеңін ойлаған азаматтардың өткізгелі отырған бүгінгі шарасы да осы бағытта ұйымдастырылуда. Сондықтан, маусымдық ат бәйгесінің ашылуымен құттықтап, шабандоздарға сәттілік тілеймін, – деді. Сондай-ақ, шарада ауданның Құрметті азаматы Жауқаш Тұрдағалиев құттықтау лебізін білдірді. «Арман» мәдениет үйінің әншісі Бисұлтан Мұхтаровтың шырқаған «Туған жер» әнінен кейін жүргізуші тай жарысына қатысушыларды сөреге шақырып, таныстырған соң бәйгенің басталғанын хабарлады. Тай жарысына қатысқан он екі тай қашықтығы үш шақырым болатын бәйге алаңын бір айналып өтті. Нәтижесінде, Жылыой ауданынан келген Сәрсенбай Әміровтің «Барбара» есімді күрең қасқа тайы мәре сызығын бірінші кесіп, жүлдеге тігілген 50 мың теңгені иеленсе, миялылық атбегі Қайырбек Баймұратовтың «Шаңтимес» атты торы тайы екінші келіп, 30 мың теңгені еншіледі. Ал, тайы үшінші келген сағыздық Тілектес Асқарға 20 мың теңге бұйырды. 12 шақырымды құрайтын топ бәйгеге тоғыз ат қатысып бақтарын сынады.

Төрт айналым бойы алдына қара салдырмаған Миялы ауылдық округінен қатысушы Қайырбек Баймұратовтың «Айбас» торысы мәреге бірінші келсе, екінші болып мұқырлық Абдуллах Құмардың торы төбел аты, үшінші болып жангелдиндік Әбілмәжен Сәрсенғалиевтің құласы келді. Топ бәйгеге тігілген байрақ І орынға – 120 мың тенге, ІІ орынға – 80 мың теңге, ІІІ орынға – 50 мың теңге. Тай жарысы мен топ бәйге аяқталған соң көрермен назары аламан бәйгеге ауды. Жарысқа қатысатын сәйгүліктерді тамашалап олар өздерінше тон пішіп жатыр. Бәйге алаңын алты рет айналып өткен он екі жүйріктің ішінен Жангелдин ауылдық округінен қатысушы Рашид Бисеновтің күрең аты мәре сызығын бірінші болып қиып, бағы мен бабының қатар жанғанын көрсетті. Сөйтіп, ат иесі аламан бәйгеге тігілген 250 мың теңгені еншіледі. Ақтөбелік Жұмаш Ізбасаровтың «Қыран» атты жүйрігі екінші келсе, жылойлық атбегі Мұрат Машановтың сәйгүлігі үшінші орынға ие болды. Екінші орынға тігілген 120 мың теңге мен үшінші орынның 60 мың теңгесі ат иелеріне табысталды.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

Cуретті түсірген: автор.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?