060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Індетті емдеген емші

1949 жылғы 2 қарашада Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі Қойшыбай Есембаевтың қызы Ақжай апаймен әңгіме-дүкен құра отырып, бір құжатқа айрықша үңілдік.

Себебі, Қарабау, Тайсойған өңіріне жақсы мәлім Қойшыбай Есембаев туралы біз аса мән бермей жүрген ақпараттар да бар екен. Қызылқоға ауданының Қарабау ауылы маңындағы «Шумақ» деп аталатын жерде өмірге келген Қойшыбайдың әкесі Есембай заманында би болып, ел-жұртының бірлігі бекем, төңірегі түгел болуына барынша қызмет етулі. 1933 жылы дүние салған.

–Есембай атамыз би болған, жан-жағына қамқорлық жасап отырыпты. «Ел ішінде атамыздың беделі жоғары, дастарқанымыз ортаймаған шаңырақ едік» деп отыратын анам жарықтық. Рас та шығар, өйткені жиырмасыншы жылдардың басында Қызылқоға жеріне келген сапарында Адай уездік төңкеріс комитетінің төрағасы Тобанияз Әлниязұлы атамыздың шаңырағына арнайы келіп түсіп, бірер күн кеңес қылған көрінеді. Бұл да анамнан естігенім ғой. Ал, әкем марқұм 1885 жылы туған, төлқұжатында солай жазылған. Бірақ басқа құжаттарда «1890 жылы туған» деп көрсетіледі, неге екенін білмеймін, – дейді Ақжай Қойшыбайқызы. Жұбайы Қалима екеуі үш ұл, төрт қыз тәрбиелеп-өсірген Қойшыбай 1951 жылдың 14 ақпанында Қарабау жетіжылдық мектебінде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүріп тұтқынға алынғанда, тағылған айып – «өңіріндегі мемлекеттік наградаларды «салдырлаған темір» деп Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді» деген жала. Сол үшін Гурьев облыстық соты бір айға жеткізбей, оны РКФСР Қылмыстық Кодексінің 58 бабының 10 тармағындағы 2 бөліміне сәйкес 10 жылға бас бостандығынан айыруға кеседі. Ақтөбенің №6 түрмесіндегі азапқа шыдамай 1952 жылы дүние салған Қойшыбай ұстаздың денесі қайда жерленгені белгісіз, білетіндер Ақтөбенің қасындағы Түйетөбе деген жерді айтыпты. Ең бастысы – 1962 жылы толық ақталған. Әлбетте, Қ.Есембаевтың кім екенін айтып, оқырманның уақытын алған жарамас. Өйткені, оның өмір жолы мен қиын тағдырынан ел-жұрт хабардар. Біз бұл мәселеге оқымысты-ғалым Х.Досмұхамедұлымен байланыстыра отырып көз жібергенді жөн көрдік.

 х х х

1883 жылғы 24 сәуірде бұрынғы Орал облысы Гурьев уезіне қарасты Тайсойған болысының №4 ауылында (Тайсойған құмындағы Сорқуыс мекені) дүниеге келген ғұлама Халел Досмұхамедұлы Ойылдағы мектеп пен Текедегі әскери-реалды училищені бітірген соң 1903-1909 жылдары Санкт-Петербургтегі Императорлық әскери-медицина Академиясын «үздік емші» («лекарь с отличием») дәрежесі бойынша Алтын медальмен оқып тауысады. 1909 жылғы 29 қараша мен 1913 жылдың 5 наурызы аралығында әуелі офицер-дәрігер ретінде ІІ Түркістан атқыштар батальонының кіші дәрігері, сосын Орал казак әскерлері ІІ атқыштар батальоны орналасқан Ілбішін және Калмыков бекіністерінде кіші дәрігер, кейін аға дәрігер лауазымдарында әскери міндетін өтеп, азаматтық жұмысқа босатылады. Содан кейін ол Орал облысының вице-губернаторы қол қойған №6618 куәлікпен өзі туып-өскен Темір уезіне барып, учаскелік дәрігер болып жұмысқа кіріседі. Бұл кезде, дәлірек айтқанда 1912 жылдан бастап, Қазақстанның батыс өңірінде, әсіресе Тайсойған құмында оба, сүзек, тырысқақ сияқты індеттер жаппай таралып, жан-жануарды айтпағанда, адамдар да қынадай қырылып жатқанын тарих растайды. Әскери міндеттіліктен босап, Ойылдың Жарыпшыққан арнасы бойындағы атажұртында докторлық жұмысын бастаған Х.Досмұхамедовтің қарапайым халықты аман сақтап қалуға білек сыбана кірісетіні де осы кез. Соның арқасында 1913-1915 жылдары Ойыл, Тайсойған өңірінде індеттің беті қайтқан.

Х.Досмұхамедовтің туғанына 130 толуына орай 2013 жылы Алматыда өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ғалым-дәрігер, профессор Б.Хабижанов айтқан естелікке қарағанда, сол жылдары бүкіл республикада небары 196 дәрігер болған екен. Мұндай жағдайда жұқпалы ауруларды емдейтін дәрігер жөнінде сөз қозғаудың өзі артық болар. Сондықтан, Халел Досмұхамедұлы мерзімді басылымдарда қарапайым қалың бұқараға түсінікті тілмен құрт ауруы (туберкулез), безгек (малярия), тырысқақ (холера), шешек (оспа) жайлы санитарлық ағарту тақырыбында «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік – сүзек», «Жұқпалы ауру хақында», басқа да мақалаларын жарыққа шығарады, мұндай мақалалардың көбірек жария-лануына да күш салыпты. 1916 жылы шыққан 48 тараудан тұратын «Как бороться с чумой среди киргизского народа» деген кітабында ғалым-ағартушы өз дәуіріндегі оба індетінің алдын алу және оған қарсы күрестің әдістерін түгел қамтып көрсеткен. Осы нұсқаулық ережелері әлі күнге дейін аталмыш ауру тараған кезде қолданылып келе жатқанын мамандар да растайды. Осындай белсенді қажыр-қайраты үшін оны Ресей императоры лайықты бағалап, Императорлық қола медальмен марапаттайды. Шындап келсек, Алаш ғалымдары мемлекеттік лауазымды емес, елге қызмет ету жолындағы игілікті шаруаның басы-қасында болған.

Айқын дәлел – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым Х.Досмұхамедов жұқпалы індеттердің алдын алу мақсатында ел ішіндегі көзі ашық, сауаты ортадан жоғары азаматтарды санитар қызметіне оқытуға қол жеткізген. Ресей империясының қоғамдық өмірінде орын алған әлеуметтік толқулар мен саяси төңкерістерді қазақ көгіне азаттықтың үміт сәулесін себелеп төгуге оңтайлы пайдалана білген Халелдің қолдауын көріп, шапағатына ие болғандардың бірі Қойшыбай Есембаев еді.

 х х х

Әкесінің құжаттарын жинақтап, есіміне кір жұқтырмай келе жатқан Ақжай апайдың жеке мұрағатында 1916 жылдың 25 маусымында Орал әскери губернаторлығы дәрігер-инспекторының қолы қойылған №15848 куәліктің көшірмесі бар. Онда «Орал облысының Әскери губернаторының өкіміне сәйкес Орал облыстық басқармасының жанынан ашылған дәрігерлік бөлімшеде Орал облысы Гурьев уезінің Кермақас болысы №2 ауылының киргизі, 28 жасар Қойшыбай Есембаевтың 1916 жылғы 20 мамыр мен 20 маусым аралығында дәрігерлік дәреже бермейтін арнаулы курсты тыңдағаны және тиісті сынақ-талаптарды ойдағыдай тапсырғаны, Үкіметтік немесе қоғамдық қыз-метте тұрған дәрігерлердің қатаң қадағалауымен жергілікті жерлерде шешекке қарсы екпе жасауға хұқы бары» айтылған. Демек бұл куәлік арқылы Ішкі істер Министрі қалыптасқан ахуалға байланысты шешекке қарсы алдын ала екпе жасауға тек дәрігерлік емес дәрежесі бар адамдарға ғана рұқсат беріпті. Яғни Қ.Есембаевтың терең медициналық білімі болмаса да, елдегі індеттің алдын алу үшін екпе жасауға жететін медициналық сауаты бар. Оған дәлел ретінде Ақжай апай өзінің оң жақ қарын көрсетті.

– Мынау – бала кезімде әкем салған екпенің орны. Анам марқұм айтып отырушы еді, «әкең доктордың жұмысына қатты берілген жоқ, бірақ дәрілердің атын білетін. Ауырып келген адамға екпесін салып беріп жүрді. Жария қылып жасамағанмен, келген адамның меселін қайтарған жоқ. Өйткені, ол Халелмен бірге ставкада жұмыс жасаған адам» деп. Соған қарағанда, Халел Досмұхамедов көзі ашық адамдарды оқытқан болуы керек, – деп, апай өзінің топшылауын айтты.

Шынында да, Қ.Есембаевқа берілген куәлік арқылы тарих үшін біраз жайттың жұмбағын шешуге болатын сияқты. Алдымен, оның туған жылы 1885 не 1890 жыл емес, куәлікте көрсетілгендей 1888 жыл екені. Өйткені, патша өкіметінде құжат жүргізу тәртібі барынша дәлдікпен жүргізілді. Енді бір ескеретіні – сол заманда көзі ашық Қойшыбайдың тұрған жері Қарабау өңірі болса да, орта буын медицина қызметкері, қазіргі тілмен айтқанда фельдшер не мейірбикенің орнын ауыстыруға таптырмас маман болған. 1916 жылдың жазында Оралдан оқу бітіріп келген ол Қызылқоға өңіріндегі сырқатқа шалдыққандарға қолдан келген көмегін жасайды. Өйткені, Қарабаудан Тайсойған ауылына қарай он шақты шақырым жердегі атақты Қызылқоға кенті – «Ойыл уәлайаты», кейін Алашорданың Батыс бөлімшесінің негізгі ордаларының бірі болғандықтан, ірі әкімшілік-аумақтық бөлініс болып есептеледі. Сол жердегі Кермақас «Қызыл үйі» тек мектеп рөлін атқарған жоқ. Түрлі шаруашылық кеңселері де осында шоғырланды. Тіпті, «Алашорда» үкіметінің халықтық-республикалық кеңесінде Земство бастығы болып жасаған Халел Ойылдағы кеңсесінде отырып, мал саудасы, айырбас пен мұнай саудасын уәлайаттық маңызы бар Қызылқоға кенті арқылы жүргізіп отырған. Сөйтіп, экономикалық тұрғыда қарамағына өткен Доссор мен Мақат мұнайының бір кеспегі де уәлайат үкіметінің рұқсатынсыз сатылмапты. Казак әскерлеріне де, Толстов, Колчак пен Дутовқа, тіпті Кеңес өкіметіне де бағынбай, асқан шеберлікпен дербес жұмыс жасаған уәлайаттың көпвекторлы саясаты таңқаларлық еді. «Бон» деп аталған ақшасы (уақытша қазыналық билет), Жымпитыда дербес банкі, үш мыңнан астам атты әскері, газеті мен баспаханасы, мүфтиаты, қорғаныс және ақсақалдар кеңестері бар мемлекеттік құрылым осының бәріне бар болғаны жыл жарым уақыттың ішінде қол жеткізген дейді тарих. Қарап тұрсаңыз, адам таңғаларлық құбылыс!.. Мемлекетті нығайту жөнінде еңбектеніп жүріп, 1918 жылғы көктемде Кеңес өкіметінің басшылары В.И.Ленин мен И.В.Сталиннің қабылдауында болған Жанша мен Халел Досмұхамедовтер Қазақ автономиясын құруға рұқсатпен қатар, 12 миллион сом ақшалай қаражат алған. Осынша қуатпен тұрған автономиялық мемлекетті басқарып, оның үстіне өзі халық саулығы үшін бел шешпей қызмет жасай жүріп, Халелдің дәрігерлік-санитарлық іс-шараларды жолға қоймауы мүмкін емес. Шындап келгенде, Х.Досмұхамедов ХХ ғасырдың екінші онжылдығында Оңтүстік Ресей мен Батыс Қазақстанды жайлаған оба ауруымен жан аямай күресті. Әсіресе, Ілбішін, Темір, Тайсойған өңірлерінің халқын індеттің кесірінен түгел қырылып қалу қаупінен аман алып қалу үшін көп тер төкті.

Өзінің атакүлдігі – Сорқуыстағы үйінің қасынан ортасын пешпен бөлген пәтер салып, бір бөлмесін науқастарды емдейтін орын, екінші бөлмені жуынатын бөлме, яғни монша ретінде пайдаланғаны жуырдағы қазба жұмыстары кезінде анықталды. Ел аузында «Ставка» аталып кеткен бұл мекен – Халелдің жетекшілігімен салынған емдеу орны ғана. Әйтпесе, ол үкімет басшысы ретінде Ойылда қызмет еткен. Демек Тайсойған мен Ойыл өңірінде халықтың денсаулығы үшін сауаттыларды «емшілікке» (лекарь) оқытуға күш салған Халелдің Оралдағы курсты тәмамдаған Қойшыбай Есембаевпен жақын қарым-қатынаста болуы да заңдылық болса керек. Сорқуыста Халел, Кермақаста Қойшыбай, басқа да ел көп шоғырланған жерлерден осындай орындар ашу арқылы кешенді жұмыстардың жүргізілуі сол дәуірдің өлшемімен алсақ аса ауқымды іс. Қазір де мұның маңызы төмендеген жоқ.

Назарбек ҚОСШИЕВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

теледокументалист.

Редактор-Журналист

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?