060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Елді мекендерге газ тартылады

Таяуда, облыстық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев Мұқыр және Сағыз аулдық округтерінде болып сайлаушыларымен кездесті.

 

Жиын барысында, облыстық мәслихат депутаты Елбасы Н.Назарбаевтың әлеуметтік бес бастамасы туралы кеңірек түсінік беріп, бұл бағытта округтерде жасалатын жұмыстарды тілге тиек етті.Оның айтуынша, Мұқыр ауылынан 142 тұрғын үй, Сағыз ауылынан 160 тұрғын үй салуға арналған жер телімдеріне инфрақұрылым тарту үшін жасалып жатқан жұмыстар осының айғағы. Сондай-ақ, осы екі ауылдық округке қарасты алты елді мекенді газдандыру жұмыстары да бастама аясында жүзеге аспақ. Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыруда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев тиісті шаралар қабылдаса, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында Атырау облысында 700 орындық жатақхана салу жоспарланып отыр.

Кездесуден кейін «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келген мұқырлық Ақмарал Бакишева мектеп жасындағы екі баласымен үй жалдап тұрғандықтан тұрғын үймен қамтамасыз етуді және қазіргі жұмысының жалақысы аз болғандықтан қосымша жұмыспен көмектесуді сұрайды. Ал, ІІІ топ мүгедегі Ербол Есенов:

– Менің жұбайым да ІІІ топ мүгедегі. Үш баламыз бар. Тұрып жатқан баспанамыз ескі, апатты жағдайда. Бізге осы мәселенің оңтайлы шешілуіне көмектессеңіз игі, – дейді.

Олардың сауалына жауап берген Нұрлыбек Ожаев:

– Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін тұрғын үй беру мәселесі тек қана кезекпен беріледі. Сондықтан, үйді тек қана кезегіңіз келген жағдайда ғана алатын боласыз. Қазір ауылдық жерде тұрақты жұмысқа қолы жетпей отырғандар да бар. Бұл мәселені кәсіпкерлер арқылы шешкеніңіз абзал. Ербол, егер баспанаң жарамсыз болса алдымен үйіңді лицензиясы бар мекемелерге бағалатуың керек. Апатты жағдайда деп танылса, солардың берген қорытындысымен аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі арқылы үй кезегіне тіркеле аласың, – деді.

Мұқыр орта мектебінің мұғалімі Абай Керей Миялы өнер мектебінің Мұқыр филиалы жанынан ақындық сыныбын ашқысы келетінін, бірақ бұл ұсынысы аудандық білім бөлімі тарапынан қанағаттандырылмағанын айтса, бұл сауалға облыстық мәслихат депутаты ұсынысты қажетті жерге жеткізетіндігін айтты.

Қызылқоға аграрлы техникалық колледжінің қызметкері Әлібек Ықсанов Елбасы Жолдауында айтылған мұғалімдердің жалақысын көтеру бойынша берілген тапсырмасының не себептен орындалмай жатқанын сұрады. Оған:

– Мұғалімдер жалақысын жаңадан енгізілген оқу бағдарламасы бойынша 30 пайызға, ал санатына қарай 50 пайызға өсіру үшін тиісті рәсімдері жасақталуда. Рәсімдер жасақталып, барлық деңгейі анықталған соң, қаржыландыру мәселесі шешілетін болады. Бұл мәселені тезірек іске асыру облыста да көтерілуде, – деп жауап берілді. Сондай-ақ, сағыздық кәсіпкер Тоғызбай Есенов «Ақтөбе-Атырау» тас жолы бойынан салынған шайханасына газ және электр желілерін жүргізу мәселесі шешімін таппай тұрғанына қынжылыс білдірсе, ауыл тұрғыны Зерлеш Дүйсемұратова «Жалғыз ұлым Ауған соғысына қатысқан, қайтыс болды. Қолымдағы жиеніме жалғыз ұлымның куәлігін пайдаланып Атырау қаласынан үй алып беруге бола ма?» деген сауал жолдады. Кәсіпкердің өтінішін облыс әкіміне тапсыратынын жеткізген Нұрлыбек Ожаев екінші сауалға:

– Қазіргі таңда ауған соғысына қатысқан немесе қатысып қайтыс болған адамдарға жеңілдік қарастырылмаған. Сондықтан, сіздерге тұрғын үй берілмейді. Бірақ, қызыңыздың біреуін «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалына жіберіңіз. Қалған мәселені сол жерде талқылайтын боламыз, – деп жауап берді.

Лаура НАРИМАНОВА.

Редактор-Журналист

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?