060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

«Ел өркендесін десек латынға көшуіміз керек»

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған латын әліпбиіне көшу мәселесі бүгінде жер-жерде кеңінен насихатталып жатыр.

Соған сай, дүйсенбі күні белгілі қоғам қайраткері, парламент мәжілісінің депутаты Оразгүл Асанғазықызы бастаған топ ауданымызға арнайы келіп, «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» тақырыбында семинар өткізді.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Арман» мәдениет үйінде өткен семинарды аудан әкімі Арман Баженов ашып, қонақтарды таныстырды.

Содан кейін, сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек Елбасының Жарлығымен бекітілген әліпбидің жаңа үлгісімен таныстырып, ЛЭД экран арқылы сөздердің жазылуы мен емле ережелерін түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, семинар барысында жиналғандарға ақ парақ ұсынылып, жаңа қабылданған әліпби бойынша аты-жөндерін жазу тапсырылды. Орындалған тапсырмалармен мұқият танысқан профессор Әлімхан Жүнісбек аты-жөндердің дұрыс жазылғанын айтып, бұл латын әліпбиі бойынша жүріп жатқан насихат жұмыстарының нәтижесі екенін атап өтті. Бұдан кейін сөз алған парламент мәжілісінің депутаты Оразгүл Асанғазықызы:

– Жаңа әліпбиді жатырқаудың қажеті жоқ. Егер еліміз өркендеп, дамыған елдердің қатарына кірсін десек латын әліпбиіне көшуіміз керек. Әрине, бұл бастаманы Елбасының өзі бастап, Жарлыққа қол қойып берді. Енді осыны кеңінен насихаттауымыз керек. Қазір әлемдегі ғылым мен интернеттің сексен пайызы осы латын әліпбиін қолданады. Демек, латын әліпбиіне көшу – әлемдік ғылымға жол ашады. Енді біз жаңа әліпбиге қашан, қайтып көшеміз? Әзірге бекітілген жоспар бойынша 2019 жылы 1 сынып оқушылары бастап оқиды. Сосын 2023 жылы кеңседегі іс-қағаздарды көшіру жоспарлануда. Ал, 2025 жылы түгелдей көшеміз. Бірақ, бұл жоспар ғана. Заманның бағытына қарай тағы да өзгерістер енуі мүмкін, – деді. Семинар барысында жиналғандар келген қонақтарға көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Арман Баженов салмақты пікір, салихалы ой айтқан қонақтарға аудан халқының атынан алғыс айтты.

Дулат МӘТЖАН.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?