060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Еңбегі ерен Елбасы

1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай өткен аптаның бейсенбісі күні «Арман» мәдениет үйінде мерекелік жиын өтті.

Оған ауыл ақсақалдары, ауданның Құрметті азаматтары, мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме қызметкерлері мен аудан жастары қатысты. Мемлекеттік Әнұранмен бастау алған салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Арман Баженов:

– Бірінші желтоқсан барша қазақстандықтардың Тұңғыш Президентімізге, егемен еліміздің ерекше кезеңіне және Тәуелсіздігімізге деген шынайы құрметі салтанат құратын күн. Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізген жаңа дәуір, дәл осы бірінші желтоқсаннан басталды. Өйткені, ата-бабамыздың ғасырлар бойғы асыл арманы болып келген егеменді Қазақ елін құру жөніндегі тарихи аманаты 1991 жылғы 1 желтоқсанда орындалып, дәл сол күні Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті болып сайланып, халқымыз Мемлекет басшысы ретінде өз сенімін Елбасыға жүктеді.

Елбасы көш бастаған 27 жыл ішіндегі еліміз бағындырған белестер өте орасан. Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан дамудың даңғылына түсе отырып, әлемнің дамыған 30 елінің қатарынан орын алуға ұмтылуда. Бұл биіктерге Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен қабылданған «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» бағдарламасы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, тағы да басқа шешуші бастамалар мен бағдарламалардың іске асуы өз септігін тигізбек, – деді.

Құттықтаудан соң аудан әкімі Арман Баженов Қазақстан Республикасының және Астананың қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі үшін аудандық ішкі саясат бөлімінің аудармашы-маманы Бағытжан Нұрқасымов пен аудан әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, ұйымдастыру және бақылау бөлімінің бас маманы Ләйла Таласбаеваны «Астана 20 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Мерекелік шарада ауыл шаруашылығы саласының ардагері Сайлау Қарабасов облыс әкімінің Алғыс хатына, аудандық соттың кеңсе бас маманы Базаргүл Абдуалиева Қызылқоға ауданының «Құрмет грамотасына» ие болса, ауданның әлеуметтік дамуына қосқан үлесі үшін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің инспекторы Байбақты Қалиев, «Жасұлан» балабақшасының меңгерушісі Гүлнар Каримова, аудандық электр желілері бөлімінің бас инженері Едіге Каримов, жеке кәсіпкер Әминат Мұхитова, облыстық телекоммуникация дирекциясы Қызылқоға учаскесінің шаруашылық қамсыздандыру цехының маманы Жаннагүл Өтеғалиева, жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы Тілеш Төлешов, білім саласының ардагері Ғайнижамал Тұрғанғали аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ал, барша аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірген аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырғали Базарбаевқа облыстық мәслихат хатшысы Өмірзақ Зинулиннің Алғыс хатын табыс етті.

Сондай-ақ, салтанатты жиында бір топ еңбек майталмандары «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының және аудандық мәслихаттың Алғыс хатын иеленді. Мерекелік марапаттаулардан кейін мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсіміне кезек беріліп, Қызылқоға ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Дина Әнетова мен Жамбыл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-есепшісі Тоқтар Бисембайұлы ант қабылдады. Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасып, аудан тұрғындары Миялы балалар өнер мектебі ансамблінің, «Арман» мәдениет үйі әншілерінің, «Айжан-ай» және «Жұлдыз» бишілер тобының өнерін тамашалады.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?