Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Болашағыма бағдар берді

Бүгін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен Жастар жылының салтанатты түрде ашылуы болып өтті.

Мен оны «Қазақстан» арнасының тікелей эфирінен тамашалап, өзім қатарлы жастардың жігерін, өмірге деген құлшынысын, өз салаларына деген қызығушылықтарын көріп марқайып қалдым. Неге? Өйткені, елімізде болашағынан зор үміт күттіретін, өз болашағын елдің дамуымен байланыстырған жастардың жігері кім-кімді де қуантары анық.

Мен де елімнің өркендеуін, болашақта алпауыт елдермен тең дәрежеде болуын қалайтын жастардың бірімін. Қазір білім саласында еңбек етіп жатқан жас маманмын. Әрине, ол салада еңбек етіп жатқаныма көп болмаса да, жеткен жетістіктерім шәкірттерімнің жеңістері аз емес. Оқушыларым облыстық, аймақтық ғылыми жоба байқауына қатысып, ғылыми жобаларын қорғап жүлделі орындарды иеленіп жүр.

Өткен жылы білімімді жетілдіріп алты ай курстан өтіп келдім. Онда үйренгенім, алған тәжірибем көп болды. Қазіргі уақытта, биология пәнін факультетивтік сабақ ретінде ағылшын тілінде өткіземін. Оқушылардың қызығушылығы жоғары. Барлық сабақ ағылшын тілінде жүрмейді. Пәндік термин сөздерді ағылшын тілінде кірістіріп түсіндіреміз.

Жалпы, Елбасының бүгін айтқан әр сөзі маған жігер сыйлап, болашағыма бағдар берді. Алдағы уақытта білімімді жетілдіріп, білім саласының одан әрі дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Жастар жылы – жастарға артылған зор сенім деп білемін. Сондықтан, әр маман өз саласындағы жетістіктерді саралап, өзін-өзі қамшылап, заман талабына сай жаңаны үйренуге тырысып жүруі керек. Бұл әсіресе, біз секілді жас мамандарға екі есе жауапкершілік жүктейді деп ойлаймын. Өз кезегінде жастар да ел үмітін ақтауға барын салулары керек.

Негізінен, Елбасы жастарды баспанамен қамту, жұмыссыздық мәселесін шешу, жас кәсіпкерлерді қолдау және тағы да басқа көптеген мәселелерді қозғап, олардың орындалуын тапсырды. Ол дегеніміз – Жастар жылында жастардың көкейтесті мәселелері оң шешімін тауып, алға қарай бір қадам басуы. Өзекті мәселелер орайы табылып шешіліп жатса, жастың да көңілінің жайлы болары сөзсіз. Елбасы «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейту керектігіне тоқталып өтті. Нақтырақ айтқанда, Елбасы: «Осыған орай, «Дипломмен ауылға» деген бағдарлама бар. Осының тізімін кеңейтуді ұсынамын. Ауылға көшіп барғаны үшін жастардың жәрдемақысы бұрын 70 айлық есептік көрсеткіш болса, соны 100 айлық есептік көрсеткішке дейін көтеру керек» деді. Бұл сөздер ауыл жастарының көңіліне қуаныш ұялатып отырғаны шындық. Мен өзім жиында айтылған Елбасының әр сөзін қолдай отырып, жастарды осы бағытта жұмыс жасауға шақырамын.

Айдана БАЙБОЛАТОВА,

Ш.Т.Еркінов атындағы орта мектебінің мұғалімі,

педагог-модератор.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521