Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Бірлік бар жерде береке бар

Қарабау орта мектебінде өткен жиында алдымен Қызылқоға ауылдық округі Қанат Қайруллин баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, есепті мерзім ішінде көктемгі тазалық айына орай тұрғындар жиыны өткізіліп, жергілікті бюджеттен қаражат қаралды. 10 бас ірі қара малынан бруцеллез ауруының белгілері анықталып, жойылды.

Сондай-ақ, биылғы жылы көшелерді жарықтандыру, қатты тұрмыстық қалдықтар алаңын, ауыл маңындағы екі ірі зиратты қоршау, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында балалар ойын алаңын, Қарабау ауылынан су айдау мұнарасын салу және өзек бойынан екі гектар жерге көкөніс жұмыстарын егу жұмыстары қолға алынбақшы. Ал, мәдениет үйін салу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті іске асыру мақсатында жеке кәсіпкермен спорт алаңын салуды ұйымдастыру, Қарабау орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және шаштараз, дөңгелек жөндеу секілді кәсіпкерлік нысандарды ашу 2019-2020 жылдардың еншісінде. Баяндамадан соң ауыл тұрғындары тарапынан бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылып, оған тиісті мамандар жауап берді.

Бұдан кейін Қарабау орта мектебінің директоры Абзал Шоқанов мектептегі білім сапасы мен ұлттық бірыңғай тестіге дайындықтары туралы хабарлама жасады. Баяндамашыдан білгеніміздей, биылғы оқу жылында ІІІ тоқсанның қорытындысымен білім сапасы 46 пайыз болды. Оқу жылынан бастап ұлттық бірыңғай тестіге дайындық жұмыстары жүруде. Қыркүйек айында өткен сынақ байқауы бойынша орта балл 39,4 болса, наурыз айын да өткен байқау сынағының қорытындысымен орта балл 51-ді құрап отыр. Мектеп бітіретін 27 оқушының 16-сы жоғары оқу орнына бару үшін сынақ тапсыруды көздеп отыр. Биылғы оқу жылында химия пәні кабинеті толық жабдықталса, физика, математика, ағылшын тілі пәні кабинеттеріне мұғалімдерімен бірге сұраныс берілді. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Арман Баженов:

– Округ әкімінің алдағы уақытта жасалатын жұмыс жоспарымен танысып, өз пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды жеткіздіңіздер. Мұның барлығы сіздердің қолдауларыңызбен іске асырылатын жұмыстар. Сондықтан, жұдырықтай жұмыла бірлікте болып, еңбек етіңіздер. Сонда ғана жоспарланған жұмыстарың іске асып, ауылдың көркеюіне, тұрғындар әлеуетін арттыруға өз үлестеріңізді қосасыздар, – деді.

Көрсеткішке тоқмейілсімеу қажет

Тайсойған су айдау стансасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, балаларға арнал-ған ойын алаңына құрал-жабдықтар алу, Ғ.Сланов атындағы орта мектебінен күрес үйірмесін ашу, құм көшкінін тоқтату мақсатында тал қоршауын жасау, көшелерді жарықтандыру жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттар жасақтау. Бұл Тайсойған ауылдық округі әкімдігі аппаратының 2018 жылға ауылды дамыту бағытында атқаратын жұмыстары. Ал, 2019-2020 жылдары аталмыш округте күл-қоқыс алаңын қоршау, талшықты-оптикалық байланыс желісін тартып, елу орындық балабақша және ауылдық клуб ғимаратын салу жұмыстарына, «Тайсойған-Қоныстану» бағытымен және ауылішілік қатқыл табанды тасжол салуға жобалық-сметалық құжаттар жасақтау жұмыстары жоспарланған.

Ал, мектеп түлектерінің ұлттық бірыңғай тестіге дайындығы мен білім сапасы туралы баяндаған Ғ.Сланов атындағы орта мектебінің директоры Сексенбай Өрбісіновтің айтуынша, биылғы оқу жылының І тоқсанында білім сапасы 44 пайыз, ІІ тоқсанда 46 пайыз болса, ІІІ тоқсан қорытындысымен 35 оқу озаты, 68 оқу екпіндісі анықталып, білім сапасы 50 пайызды құрады. Мектеп бітіретін 13 оқушының сегізі ұлттық бірыңғай тестіге қатысып, бақтарын сынамақшы. «Алтын белгіге» үміткер Айкөркем Сәтібек наурыз айынан бастап, «Юстади» облыстық-аймақтық тестіге дайындау орталығында білімін жетілдіруде.

Аудан басшысы мектептің жетістіктері мен атқарған жұмыстарын баяндаған Ғ.Сланов атындағы орта мектебінің директоры Сексенбай Өрбісіновке білім сапасы бойынша аудан мектептері арасында төртінші тұрғанын, бірақ бұл көрсеткішке тоқмейілсімей білім сапасын одан әрі көтеруге жұмыстану қажеттігін тапсырды.

Жиын соңында аудан әкімі Арман Баженов:

– Ауыл ішінде әр жерлерде қоқыстар, ит бас-қа да жануарлардың өлекселері жатқанын, соларды неге алмайтынын айтып телефон соғып немесе «Телеграмма» электрондық бағдарламасы арқылы «Қызылқоға ауданының әкімдігі» бетшесіне жазып жатады. Сонда тазалық аудан немесе округ әкіміне керек пе? Жоқ. Тазалық ортақ мәселе екенін түсінген жөн. Қоқыстарды, өлекселерді үй айналасына шығарып тастамай, белгіленген орынға төгіп, сенбіліктерде мекеме қызметкерлеріне иек артпай тұрғындардың да белсенді араласуы қажет, – деді.

Тазалық өзімізден басталу керек

Бейсенбі күні «Шұғыла» мәдениет үйінде өткен жиында округ тұрғындары алдында хабарлама жасаған Сағыз ауылдық округінің әкімі Қуанай Ізмағанбетовтің баяндамасынан білгеніміздей, жыл басынан бері С.Бейбарыс көшесіндегі саябаққа ойын алаңын орнату үшін жарияланған конкурста жеңімпаз деп танылған кәсіпкермен келісім шарт жасақталуда. Ауылішілік автокөлік жолына жобалық-сметалық құжаттар жасақтау үшін округ бюджетінен қажетті қаржы қаралды. Үшінші ауылдағы электр желілерін жаңарту мақсатында жобалық-сметалық құжаттар жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткізуге құжаттары дайындалуда. Көктемгі тазалық айлығына байланысты апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, «Атырау-Ақтөбе», «Сағыз-Миялы» тас жолдары және Ноғайты мен Сағыз өзендерінің жағалаулары тазаланды. Округ бойынша екі гектар жерге картоп, үш гектар жерге көкөніс, бақша дақылдары егіледі.

Хабарламадан кейін зейнеткерлер Сүндет Алауов, Байғали Досымбаев,Толыбай Аралов, ауыл тұрғыны Нұргүл Жексемалиевалар өнер мектебі, ардагерлер үйі, пошта қызметі, тазалық туралы, сауалдар жолдап, ұсыныстарын жеткізді. Тұрғындардың сауалдары мен ұсыныстарына жауап берген аудан әкімі Арман Баженов:

– Өнер мектебін салатын жер телімі анықталып, енді тиісті құжаттары жасақталуда. Ардагерлер жиналатын ыңғайлы ғимараттар болса шешіп беруге жұмыстанамын. Тазалық әр адамның отбасынан басталады. Көшеге даладан әкеліп ешкім төкпейді. Оны төгетін ауыл тұрғындары. Сондықтан, біреу төгіп жатса төгуге болмайтынын түсіндіріп, болмаса тиісті орындарға хабарлау қажет. Ал, ауыл ішіндегі тас жолмен көліктерін қатты жылдамдықпен айдайтын жүргізушілерді мен де байқадым. Мұны полиция қызметкерлері қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Орны толмас өкінішке ұрынбас үшін тас жол бойына кедергі (лежачий полицейский) салуды ұйымдастыру керек, – деді.

Одан әрі жұртшылық №9 орта мектебінің директоры Өтепберген Әділов пен Кенбай орта мектебінің директоры Бекбол Омаровтың ұжымдағы білім сапасы туралы хабарламаларын тыңдады. Олардың хабарламаларынан білгеніміздей, №9 орта мектебі ІІІ тоқсан қорытындысымен 49 пайыз болған білім сапасын, биылғы оқу жылын 53 пайызбен аяқтауды жоспарлап отыр. Түлектермен жеке-жеке жұмыстар жүргізіп, ұлттық бірыңғай тестіден орта балл 70-78 аралығында болады деп күтілуде. Ал, Кенбай орта мектебі бойынша мектеп бітіретін 31 оқушының 28-і ұлттық бірыңғай тестіге қатысқалы отыр. Соңғы байқау сынағы бойынша орта балл 82-ні құрап отыр. Бүгінгі таңда білім сапасының көрсеткіші 50 пайыз.

– Бүгінгі оқушы, ертеңгі болашағымыз екені жасырын емес. Ал, жаһандану уақытында дамыған елдермен иық тірестіріп, бәсекеге қабілетті болуы үшін ең бірінші сапалы білім керек. Білім сапасын көтеруге облыс әкімі көп көңіл бөліп, барлық жағдайды жасауда. Алайда, кейде қолда бар мүмкіндікті пайдаланбай білім сапасын төмендетіп алатынымыз жасырын емес. Білімге салынған қаражаттың қайтарымы – балалардың білім сапасының артуы. Сондықтан, білім сапасын көтеруді басты мақсат етіп, аянбай еңбек етіңіздер, – деген аудан әкімі Арман Баженов жиынды қорытындылады.

Тұрғындар ұсынысы басты назарда

Түстен кейін аудан әкімі Арман Баженов бастаған мекеме, бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары Мұқыр ауылдық клубында округ әкімі Аман Жанұзақовтың алдағы үш жылға жасалған жұмыс жоспарын тыңдады. Онда алдымен жиынның мақсатын түсіндіріп өткен аудан әкімі Арман Баженов:

– Әр ауылдық округтің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты әрқалай мәселелері болады. Бүгінгі жиында айтылатын, іске асыруға жоспарланған жұмыстардан басқа да қалып қойған округ тұрғындарына ортақ мәселелер бар ма? Сол жағын ойластырып, ұсыныстарыңызды айтыңыздар. Сіздердің ұсыныстарыңыз әрқашан есепке алынып, шешу жолдары қарастырылады, – деді.

Мұқыр ауылдық округі әкімі Аман Жанұзақовтың хабарламасынан білгеніміздей биылғы жылы 250 түп тал көшеттерін сатып алуға, егілген талдарды суару жұмыстарына, Жамансор елді мекеніне балалар ойын алаңын салуға қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу порталына жарияланды. Сондай-ақ, Жамансор, Жантерек елді мекендеріндегі тұрмыстық қалдықты төгетін орындарды қоршау үшін жеке кәсіпкермен келісім шарт жасалуда. Көктемгі тазалық айлығында екі рет жалпыхалықтық сенбілік өткізу және 10 нүктедегі 3500 тонна шамасындағы стихиялық күл-қоқыстарды шығару жоспарлануда. 32 мүйізді ірі қарадан бруцеллез ауруы анықталып, жойылды. Бірінші тоқсанда «Айсұлу» сұлулық салоны, «Бәйтерек» кафесі, «Дәмеш» азық-түлік дүкені ашылып, халыққа қызмет көрсетуде. Ал, Мұқыр ауылынан 160 орындық балабақша, Жамансор ауылынан 120 орындық мектеп және 60 орындық интернат, Жантерек елді мекенінен бастауыш мектептерін салу 2019-2020 жылдардың еншісінде.

Хабарламадан соң жұртшылық ауыл көшелерін жарықтандыру, ауызсу мәселесі, округке қарасты елді мекендерге газ желісін тарту, ауыл шаруашылығына жер телімдерін беру, ауыл тазалығы бағытында сөз қозғап, ұсыныстарын жеткізді. Оларға айтылған мәселелер бойынша тиісті мамандар жауап берді.

– Жоғарыда айтылғандай сіздердің ұсыныстарыңызды қаперге алып, тиісті шаралар жасақтаймыз. Әрине барлығын бір жылда атқару мүмкін емес. Сондықтан, алдымен не керек екенін анықтап, іске асыруды жоспарлаймыз. Өздеріңіз куә болғандай көптен күткен мәдениет үйінің құрылысы басталса, енді әр жиындарда айтқан ұсыныстарыңыз бойынша ескі кеңшар кеңсесін сатып алып, ауылдық округ аппараты ғимаратына қайта жасақтап бермекшіміз. Ауыл әлеуетін көтеру үшін сіздерден алға қарай да құнды ұсыныстар күтеміз, – деді аудан әкімі Арман Баженов.

Жиын барысында Мұқыр орта мектібінің директоры Венера Мырзағалиеваның мектептің білім сапасы, ұлттық бірыңғай тестіге дайындығы туралы баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, биылғы оқу жылының басында мектепке география, математика, тарих, химия, информатика, бастауыш сыныптар, технология (ұлдар, қыздар), үш тұғырлы тіл кабинеттері және жеті проектор алынды. Өткен оқу жылымен салыстырғанда биылғы оқу жылында педогогикалық қызметкерлердің біліктілік санаттары 5,8 пайызға өскен. Биылғы оқу жылының ІІІ тоқсанын 47 пайыз сапа көрсеткішімен аяқтаса, оқу жылын 50 пайыз сапа көрсеткішпен аяқтауды жоспарлап отыр.

Миялыға әуежай салынады

Округ әкімдерінің 2018-2020 жылдардағы міндеттерін айқындау мен талқылау жиыны жұма күні Миялы ауылдық округінде аяқталды. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев төрағалық етіп, мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, ардагерлер мен ауыл тұрғындары қатысты. «Арман» мәдениет үйінде ұйымдастырылған жиында олар Миялы ауылдық округі әкімі Нұрлан Бекешовтің хабарламасын тыңдады.

Оның айтуынша, биылғы жылы аудан орталығында бірқатар жұмыстарды атқару жоспарланған. Атап айтқанда, Миялы ауылынан әуежай құрылысына, такси тұрағына, аудандық ішкі істер бөлімі ғимаратын жаңғыртуға, мүрдехана, өрт сөндіру депосы мен ипподром құрылыстарына, су бұрқақ салуға, ауыл көшелеріне қатқыл табанды жол салу және асфальттарды қайта жаңғыртуға, 12 көшені жарықтандыру жұмыстарына және жаңадан 184 тұрғын үй құрылысын салуға жер телім дерін бөлу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталып жатса, жазғы су құбырын тарту жұмыстарына, учаскелік полиция пункті мен қызметтік тұрғын үй, екі пәтерлік үш тұрғын үй құрылысының құжаттары жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сондай-ақ, 122 тұрғын үй салуға жер телімдерін беру құжаттары дайындалуда. Биылғы жылы ауыл тазалығын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдас-тырылған конкурстың жеңімпазы «Колибри-Атырау» ЖШС танылып, тиісті жұмыстарды атқаруда.

Хабарламадан соң өз ұсыныстарын айтқан тұрғындар ауыл шетіндегі тау-төбе болып үйілген қоқыстарды жою бағытында сөз қозғап, бүгінгі күні иесіз тұрған орталық стадионға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуді және ауылішілік тазалық мәселесін көтерді. Сонымен бірге, ауыл тазалығына жауап беретін мекеменің қандай жұмыстармен айналысатынын білгісі келген жұртшылыққа «Колибри-Атырау» ЖШС-нің басшысы Оңғар Қаметов:

– Жұмысшыларымыз, техникаларымыз бар. Кеңсе прокуратура жанындағы «Оптика» ғимаратында орналасқан. Мекеме негізінен ауыл ішіндегі көше тазалығымен бірге тұрғын үйлер мен мекемелердегі контейнерлерді тазарту, асфальт жиегіндегі бордерлерды ақтау, Ойыл өзені жағалауларын тазалау жұмыстарын атқарады. Бірақ тазартатын мекеме бар деп шаша беруге болмайды. Тазалық бәрімізге ортақ болуы тиіс, – деп жауап берді.

Тұрғындардың ұсыныстарына тұщымды жауап берген аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев тазалық мәселесіне айырықша ден қойып, жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Бұдан кейін жиналған жұртшылық аудан орталығындағы үш орта мектеп директорларының білім сапасы мен оқушылардың ұлттық бірыңғай тестіге дайындығы туралы хабарламаларын тыңдады. Олар өз мектептеріндегі білім сапасын, жеткен жетістіктерін көпшіліктің назарына ұсынып, ұлттық бірыңғай тестіге дайындықтары туралы хабардар етті. Іссапар барысында аудан әкімі Арман Баженов барлық ауылдық округ тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындардың сауалына заң шеңберінде жауап берді. Сондай-ақ, әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында Тайсойған ауылдық округінен «Батырхан» азық-түлік дүкенінің иесі Бақтыжан Берікқалиев, Сағыз ауылындағы жеке кәсіпкер Жансая Әбілова, Мұқыр ауылдық округінен жеке кәсіпкер Ербол Салықовтар аудан әкімімен екіжақты жасалған меморандумға қол қойды.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521