060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Берілген мүмкіндікті пайдалану қажет облыс басшысы осындай міндет қойды

Өткен аптаның бейсенбісі күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен көшпелі мәжіліс өтті. Мәжілістен бұрын аймақ басшысы орталық алаң маңында ұйымдастырылған асыл тұқымды малдар көрмесіне қатысты.

«Ауыл шаруашылығы саласының жай-күйі және аудандардағы каналдар, жайылымды жерлерді суландыру туралы» тақырыбында өткен көшпелі мәжілістерде берілген тапсырмалардың орындалысы бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының мінде-тін атқарушы Аманжол Қабдешов хабарлама жасады. Оның айтуынша, өңірдің агроөнеркәсіп кешені саласында өткен жылдың қорытындысымен соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 138 пайызға өссе, мүйізді ірі қара 15 пайызға, қой-ешкі 11 пайызға, жылқы 70 пайызға, түйе 14 пайызға көбейді. Ал, өткен жылдың қаңтар айында көшпелі мәжілісте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына берілген 16 тапсырманың 14-і орындалып, біреуі орындалу үстінде болса, біреуі орындалмады. Берілген тапсырмалардың бірі Мұқыр ауылдық округіне қарасты «Назгүлім» шаруа қожалығына Атырау қаласынан мал сою пункті құрылысына жер телімін беру. Бұл ретте «Атырау-Қарабатан» тас жолы бойынан 1,5 гектар жер телімі беріліп, биыл құрылыс жұмыстары басталады. Ал, соңғы жылдары ылғалдың аз түсуінен қуаңшылық болып, егістері шықпай қалып, эконо-микалық тиімсіз болғандықтан өткен жылы «Жасқайрат» ЖШС егіс еккен жоқ.

Хабарлама бойынша орындалмаған тапсырманың себебін сұрап, басқа да тапсырмаларды нақтылаған аймақ басшысы аудандағы өзекті мәселелердің бірі төрт түлік арасындағы бруцеллез ауруына тоқталып өтті.

Бұл бағытта қысқаша түсінік берген облыстық ветеринария басқармасының басшысы Азамат Айтқалиевтің айтуынша, бруцеллез ауруына бейім малдарды анықтау, оларды уақытында жою, өтемақы төлеу жұмыстары жүріп жатыр. Алайда, жасалып жатқан жұмыстарға қарамастан жыл сайын мал арасында бруцеллез ауруы бәсеңдемей өршіп отыр. Енді бруцеллез ауруынан толық тазартылған шаруашылық малдарын вакцинаман егу жұмыстары жүргізілмек.

– Ауданда мал басының дамуына кедергі келтіріп отырған бірден-бір нәрсе – бруцеллез ауруы. Мұның жойылмай келе жатқан себебінің бірі кейбір мал иелері шама келгенше ауру малдарын жасырып қалуы. Кеселді жою үшін мал иелері бруцеллездің жаман ауру екенін санасымен түсініп, оны жоюға өздері мүдделі болуы керек. Әйтпесе, бұл ауруды түбегейлі жою мүмкін емес. Сондықтан, алдымен малдар толықтай тексеріліп, анықталған ауру мал толықтай жойылуы тиіс, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Бұдан кейін өткен жылғы көшпелі мәжілісте берілген тапсырмалардың орындалысы туралы хабарлама жасаған облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқалидың баяндауынша, мал шаруашылығын дамыту үшін Мақат ауданына шамамен 415 мың 800 гектар жер телімін беру туралы аудан басшылары арасында өзара келісімдер жүргізіліп, қазіргі уақытта жерге орналастыру жобасын жасақтау үшін қаражат сұратылуда. Ал, «Қазсушар» РМК Атырау филиалының директоры Асланбек Рысжанов өз баяндамасында облыстық мәслихаттың өткен жылғы №242-VІ шешімімен жер үсті көздерінің су ресурстарын ауыл шаруашылығына пайдаланғаны үшін төленетін төлемақы 1000 текше метр суға 115,1 теңге болып бекітілгенін жеткізді. Бұл баға бұған дейін 61,5 теңге болатын. Сондай-ақ, биылғы жылы «Ералы» су торабына жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттарына қаржы қажеттігін тілге тиек етті.

Қызылқоға ауданындағы ауыл шаруашылығы саласы туралы баян-даған аудан әкімі Арман Баженовтың айтуынша, 2018 жылы асыл тұқымды бұқа, сиыр, қошқар алған 64 шаруа қожалығына 81 915 076 теңге субсидия төленсе, 15 шаруа қожалығына алыс жайылымдық жерден құдық қазғаны және ауыл шаруашылығы техникаларын алғаны үшін 55 158 109 теңге, мал бордақылағыны үшін «Бірлік Миялы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне 7 000 500 теңге инвестициялық субсидия берілді. Биылғы жылы «Абердин-Ангус» ЖШС 500 бас «Абердин-Ангус» тұқымды ірі қара малын бордақылау комплексін, «Құрман» шаруа қожалығы мен өткен жылы құрылған «Қызылқоға-Сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі сиыр сауу комплексін және сүт өнімдерін шығаратын цехты іске қосады. Ал, баға тұрақтылығын сақтау мақсатында жыл бойы Ақтөбе, Орал қалаларынан жеке кәсіпкерлер арқылы төмен бағада көкөністер, жеміс-жидектер сату ұйымдастырылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында аудан бойынша 31 рет, Атырау қаласында үш рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, ауыл шаруашылығы өнімдері базар нарығынан 10-15 пайызға төмен бағамен сатылды. Өткен жылы 45 гектар жерге егіс егіліп, одан 143 тонна көкөніс алынды. Хабарламадан соң аудан әкімі Арман Баженов облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың 2016 және 2018 жылдары ауданға іссапары кезінде берген тапсырмаларының орындалысын баяндады.

Жиын барысында қатысушылар жайылымдық жерлерге су шығару, су реттейтін құрылғылар (шлюз) орнату бағытында сауалдар қойып, тұщымды жауап алды.

Көшпелі мәжілісті қорытындылаған аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев:

–  Ауыл шаруашылығы біз үшін өте маңызды. Мәжілісте көрсетілген деректер бойынша бір адамға қажетті нормаға сәйкес барлық ауыл шаруашылығы өнімдерімен өзімізді өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз. Қарасаңыздар облыс көлемінде 2,5 мың гектардан астам жер тамшылатып суару әдісімен игеріліп жатыр. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Бірақ бұған тоқмейілсіп, тоқтап қалуға болмайды. Әлі қолданбаған қаншама мүмкіншіліктеріміз жетеді. Егіс алқаптарын үлкейту, мал басын көбейтуге барлық жағдай бар. Алайда, бір жағынан біздің ұйымдастырушылық қабілетіміз ақсап тұрса, екінші жағынан жұмыс жасауға деген ниетіміз шамалы, қажетті деңгейге жетіңкіремей тұр. Кейбір кәсіпкерлер қолданыста қандай қолдаулар бар екенін білмесе, кейбіреуі өзіне қажетті ресурстарды (жер телімі, қаражат, т.б.) ала алмайды. Осылардың барлығына қолдауларды қолжетімді етіп ұйым-дастыру біздің құзырымыздағы мәселе. Егіс алқаптары көбейіп, жаңа жұмыс орындары ашылса, мал басы көбейіп, оның өнімдерін өңдеуді ұйымдастырса барлығымызға да тиімді болары анық. Мұны ұйымдастыруға Қызылқоға ауданы қолайлы әрі толық жағдай бар. Сондықтан, мәжілісте көтерілген мәселелерді шешу үшін өз құзірет-теріңіз аясында қажетті шараларды қабылдауды тапсырамын, – деді.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

СҰРАҚ-ЖАУАП

– Кезінде Сағыз өзенінің бойында он бес шақты каналдар болған. Осы каналдар арқылы лимандық жерлерге су шығарылып, мал азығы дайындалатын. Кеңшар тарағаннан кейін иесіз қалғандықтан каналдар бұзылып, жарамсыз болып қалған еді. Осы каналдарды және канал бойындағы су реттейтін құрылғыларды (шлюз) қалпына келтіру мәселесі көтерілгеннен кейін аудандық су шаруашылығы мекемесінің, министрліктің мамандары келіп тексеріп, қарап кетті. Соған сәйкес, Сағыз ауылдық округі әкімдігі 12 мемлекеттік жер актісін алып, тіркетіп қойды. Бұл мәселені шешу жұмыстары сіздердің жоспарларыңызда бар ма? Басталған жұмыстар алға қарай жүре ме?

Жәнібек АРАЛБАЕВ,

Сағыз ауылының тұрғыны.

– Сағыз өзені көршілес Ақтөбе облысынан бастау алатындықтан, бұл каналдар бұған дейін Ақтөбе облысының балансында болған еді. Сондықтан, балансқа алу бірталай қиындықтар болып, уақыт оздырғанымен құжаттарын жасақтап болдық. Енді жобалық-сметалық құжаттарын жасақтауға қаржы қаралады. Алдағы уақытта бұл жұмыс тоқтап қалмай, жалғаса береді.

Әлібек НӘУТИЕВ,

Атырау облысы әкімінің орынбасары.

– «Кезауыз-Қарабау» каналының бойында бес шаруа қожалығының жері бар. Кезінде күрделі жөндеу жүргізілгенде жобада жоқ болғандықтан су реттейтін құрылғылар (шлюз) салынбай қалды. Сондықтан, канал бойынан шабындық жерлерімізге су шығара алмай отырмыз. Осы мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал етсеңіз.

Жанас ТАСПАН,

«Жанас» шаруа қожалығының төрағасы.

–Ұзындығы 62 шақырымды құрайтын «Кезауыз-Қарабау» каналы «Қазсушар» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны Атырау филиалының балансында. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталғанда лимандық және жайылымдық жерлерге су шығару үшін су реттейтін құрылғылар (шлюз) салынбаған. Бұл мәселені республикаға жеткіздік. Қосымша қаражат берсе су реттейтін құрылғыларды орнатуға жұмыстанамыз.

Асланбек РЫСЖАНОВ,

«Қазсушар» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны Атырау филиалының директоры.

– «Сыбаға» бағдарламасы арқылы Ресей мемлекетінің Псков облысынан асыл тұқымды ірі қара малын саудалаған едім. Ол жерде құнажын сиырлар сатылып кеткендіктен, екі-үш жастағы аналық малдарды алатын болып, 10 пайыз қаражатын төледім. Ал, аталмыш бағдарлама бойынша сатып алынатын аналық мал тек құнажын (26 ай болған) болуы керек. Осы мәселені шешу қалай болады?

Құрманбек ЖАҢАБАЕВ,

«Құрман» шаруа қожалығының жетекшісі.

– «Сыбаға» бағдарламасына сәйкес сырттан әкелінетін малдың жасы 8 ай мен 26 ай аралығында болуы қажет. Және мүйізді ірі қараның аналығы шет елдерден әкелінуі тиіс. Бұл мәселе бұған дейін де қозғалып, орталық аппаратта көтерген едік. Алайда министрліктен бекітіліп кеткеннен кейін, шешімі табылмады. Ал, несие 15 жылға берілетін болғандықтан мұндай қаражатты қор бере алмайды. Сондықтан бұл мәселе тек министрліктен шешіледі.

Гүлзада ШАЛАҒҰЛОВА,

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» АҚ Атырау облыстық филиалы директоры.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?