Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Бата беруді білесіз бе?

Өзін әлімсақтан мұсылман санайтын қазақ халқының қанша ғасыр өтсе де бұлжымас салты болып қалыптасқан игі дәстүрінің бірі – бата беру. Кез келген ас беру, жиын-той, тіпті дастарқандағы күнделікті шайда да бата беріп, ас қайырмай тұрмайтынымыз анық. Осыдан-ақ, қазақ үшін батаның қаншалықты маңызды екенін білуге болады.

 

«Баталы ұл арымас, батасыз ұл жарымас» деп деген мақал да сол мақсатта айтылса керек. Алайда, батаның неше түрі бар, оны кім беруі керек, қай ортада қандай бата беріліп, оның ішінде не айтылуы керек деген сұрақтар шыға қалса тосылып қалатынымыз рас. Соған сай, наурыз тойы мерекесіне орай бата берудің мәні мен маңызына үңіліп, зерттеп-зерделеп қарағанды жөн санадық.

Бата беру, дұға ету жайлы айтылғанда ең әуелі ата дінімізге тоқталып өтеріміз анық. Себебі, қазақтың салт-дәстүрлерінің басым бөлігі Ислам дінінен бастау алып, қанымызға сіңгені тарихтан белгілі. Осы орайда, аудандық «Бәйтерек» мешітінің бас имамы Мұрат Сұлтановтың пікірін білген едік. Оның айтуынша, «Бата» сөзінің түп-төркіні «Фатиха» сөзінен шыққан. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде «Фатиха сүресі – ең күшті дұға-тілек» екендігі айтылған. Себебі, Фатиха Құранның барлық мазмұнын бойына қамтып, «ашушы, беташар» деген қасиетті атқа ие болған сүре. Батаның Фатихадан өрбитіндігіне бұл сөздің қазақ тіліндегі нұсқалары дәлел. Мысалы, әйгілі Сүгірдің термесінде:

«Ал, қыздарым да бар еді,

Шай құйып беріп-ай атамның.

Фатихасын алам деп,

Саусақтары майысқан» – деген өлең жолдары жоғарыдағы сөзімізге дәлел болмақ.

Сондай-ақ, халқымызда кең тараған батаға тиісті дәстүрдің бірі – тамақтан кейін ас қайыру. Бас имамнан білгеніміздей бұл Алла Елшісінің: «Аллаға дұға еткенде алақандарыңды ашып дұға етіңдер, қолыңды теріс қаратып дұға жасама. Дұғаны бітіргенде алақаныңмен бетіңді сипа» деген сүннетіне сай жүзеге асқан амал екен. Ал, жамағаттың батадан кейін «әумин» деуі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Адамдар бір жерге жиналғанда біреуі дұға жасап, қалғандары «әмин» десе, Алла оларға міндетті түрде жауап береді» деген хадисінен алынған ізгі дәстүр. Сонымен қатар, жиын-тойларда батадан кейін Құран оқылып, шарапаты өмірден өткен ата-бабаларымызға тие берсін деп жатады. Бұл да бастауын хақ діннен алған игі амал. Бұдан түйгеніміз – бір дастарқан басында тірісіне батамен тілек тілеп, өлгеніне Құран бағыштап, сансыз сауапқа кенелу көп ұлтқа бұйыра бермейтін бақ. Өкінішке орай, сүтпен дарып, сүйекпен келген бұл игі дәстүрге немқұрайлы қарайтындар да қоғамда жетерлік. Оған Құран оқығанда бастарына орамалдың орынына салфетка жаба салатын әйелдер мен соңынан «сол үшін алып қоялық» дейтін ерлер дәлел. Біз қоғамдағы осынау келеңсіздіктерді жоймай рухани жаңғырамыз деуіміз бекершілік-ау...

Бабадан қалған бай мұра

Біз жоғарыда батаның шығу тарихы мен мән-маңызы ата дініміз Исламнан бастау алатынын білдік. Яғни, бата сөзі «Дұға ету» дегеннен шығады екен. Ал, қазақ халқында батаның бірнеше түрі бар екенін біреу білсе, біреу білмес. Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, ардагер-ұстаз Тұрсын Сисенғалиев бата берудің бірнеше нұсқасы барын айтады. Ықылас батасы – бұл дәстүр бойынша, ақсақалдар мен үлкен кісілер өздерін сыйлап, құрметтеп, арнайы бата сұрай келген адамдарға ықылас-пейілмен берілетін бата болса, ас батасы – аты айтып тұрғандай астан соң айтылатын бата болып табылады. Сол сияқты, алғыс батасы – игі іс жасаған азаматтарға ел ақсақалдарының алғыс айтуы есебінде берілсе, одан бөлек сапар-жорық батасы, шаңыраққа, сәбилерге, қыздарға, жас жұбайларға, келіндерге берілетін баталар да бар. Сан түрлі баталардың ішінде мәні мен маңызы бөлегі – Наурыз батасы. Бұл қыстың қаһары қайтып, шуақты көктемнің лебі есе бастаған Наурыз мерекесінде берілетін бата. Қыстан аман шыққан ағайын бір-бірімен төс қағысып көрісіп, «Жасыңыз құтты болсын! Өмір-жасың ұзақ болсын! Көктем көңілді, ұрпақтар өмірлі болсын! Ұлыс береке берсін, пәле-жала жерге енсін!» деген сияқты игі тілектер айтып жататыны белгілі. Содан кейін, жиналған ағайын сүрленген ет асып, наурыз көже пісіріп кең дас-тарқанда мәре-сәре болады. Міне, осы дастарқанның соңында дуалы ауыз ақсақал Наурыз батасын беріп, соңында Құран оқиды. Бұл да қазақтың ұмытылып бара жатқан ізгі дәстүрлерінің бірі. Осындай құнды ақпарларымен бөліскен Тұрсын ақсақал:

– Бата беруші адам жасы үлкен, аузы дуалы ақсақал болуы тиіс. Қолын жайып, бәріне естілетіндей дауыспен .мәнерлеп берген дұрыс. Сондай-ақ, батаның сөздері қайталанбай, бай тіліміздің шұрайлы сөздерімен өрілсе игі. Төрт немесе алты шумақтан тізілуі, қара өлеңге жалғасуы міндетті емес. Жаттанды ұран, жалаң сөз, құрғақ тіл шынайы батаға жатпайды. Сондай-ақ, батаны тілекпен шатыстырмау керек. Тілек кез келген жер¬дегі кез келген адамның ниеті мен алғысы. Ал, бата өмірді көркемдейтін дұға, жанға шипа, жүрекке дауа, көңілге ем, сенім қаруы, – деп батагөйдің сипаттарымен де бөлісті. Осындайда, тарих пен салт-санаңды ұмыттырған жаһандану жағадан алған тұста осындай құнды ақпарлар жас ұрпаққа ауадай керек-ау деген ойға қаласың.

Қарт та болса, біреуде шалалық бар...

Әуелден діні мен діліне берік қазақ халқы жас ұрпақты ең бірінші «Үлкеннің алдын кеспе, батасын ал» деп тәрбиелеген. Оған «Атаңнан бота қалғанша бата қалсын. Бота бір жылдық азық, бата мың жылдық азық» деп қалдырып кеткен нақылы дәлел. Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Береке сендердің үлкендеріңмен бірге» деген өсиеті де бар. Осыдан-ақ, үлкеннен бата алудың қазақы дәстүрде де, асыл дінімізде де маңызы зор екенін көруге болады. Осы орайда, «Қазір ауыл-елге ақылын айтып, батасын беріп отырар батагөй ақсақалдар бар ма?» деген заңды сауалдар туындары хақ. Әрине, үлкендердің бәріне топырақ шашудан аулақпыз, алайда, бата сұрасаң тілек айтып, тост көтеретін үлкендер көбейгенін көріп жүрміз. Тіпті, ондай көріністер әлеуметтік желілерде де тарап жатқанын жасыра алмаймыз. Сондай бейнекөріністің бірінде бата қайырып тұрған бір қария соңында «Ал сол үшін...» деп айтып қалып, кейін «Әумин» деп ас қайырғаны бар. Осындай ыңғайсыз жағдайдан қаша ма, кей кезде үлкендерге бата беру ұсыныл-ғанда «бәленше қайырсын» деп бір-біріне сілтейтіндері де кездеседі. Осындайда белгілі ақын Аманқос Ершуовтың «Қарт та болса біреуде шалалық бар...» деген өлеңі еріксіз ойға орала кетеді.

Ашығын айту керек, бата сұрап, «құрын оқыңыз» десе сасып қалатын қарияларды көрген орта жастағы жөн білетін адамдар іліп әкетіп ас қайырып жатады. Алайда, алдында ақыл айтар үлкен болмаған соң олар да шатасып кетеді. Соның кесірінен кей кезде дастарқанның мән-мазмұнына келмейтін баталар беріледі. Көпшілік отырыстарда жиі әрі қысқа қайырылатын сондай баталардың екі-үш нұсқасы бар. Солардың бірі:

«Асқа берекет,

Ажалға сабыр ет.

Не тілесең де

Осы әулетке қабыл ет» - деген бата. Ал, осының мағынасына үңіліп көрейікші. Бірінші жолы түсінікті, ал екінші жолына қараңызшы. «Ажал-ға сабыр ет» дейді. Бұл бата көп жағдайда той, құдалық, қонақтық тіпті қарапайым дастар-қанда да беріліп жатады. Қуанышты дастар-қанда отырып ажалға сабыр етуге шақыру орынды ма? Ол дастарқан иесіне ыңғайсыздық туғызбай ма? Кей кезде мағынаға мән бермейтіндіктен осындай олқылықтар кетіп жатады. Рас бұл батаны садақада, көңіл шайда берсе орынды. Ал, көңілді отырыстарда бұл батаны айтпаған абзал. Біреу «бата беріңіз» дегенде оңай екен деп осы төрт жолды қайырып, дастарқан иесінің көңіліне қаяу түсіріп алмаудан сақ болған жөн. Қорыта айтқанда, біз бұл мақаланы бата білмейтін үлкендерді сынау үшін емес соларға қамшы болсын деп жазып отырмыз. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демекші қазыналы қарттарымыз жөн-жосығын білмей жатса кейінгі жастан не қайыр, не үміт?! Соның салдарынан батаға немқұрайлы қарап, астан соң құр бетін сипап тұрып кететін жастар өсіп келеді. Осы орайда, Ұлыстың ұлы күнінде ел мен жерге амандық тілей отырып, төменде көпшілікке арналған және Наурыз батаның үлгісін ұсындық.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521