060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Баланы жастайынан үйреткен абзал

Жақында ғана жергілікті басылымда жарық көрген Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқып, «Атқа міну мәдениетіне» қатысты ой-пікірімді жұртшылықтың назарына ұсынуды жөн көрдім.

Жалпы, ата-бабаларымыз жылқыға қатысты ашылған барлық жаңалықтың басында тұрғаны айдан анық. Бұл туралы мақалада «Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді» деп келтірілген. Демек, атқа міну мәдиениеті – Ұлы даладан тараған, деп айтуға толық негіз бар.

Әрине, қазақ баласы үшін атқа міну таңсық болмас. Өйткені, ертеректе халықтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты бала 2-3 жасынан бастап-ақ атқа мінген үлкендердің алдына отыратын болған. Бүгінгі күні адамдар жылқыны автокөлікке алмастырған уақытта балалардың атқа мінуі сиреп кетті.

Ата-бабаларымыз баланы жастайынан атқа мінуге дағдыландырып отырған. Бұл сол кездегі өмірдің ең негізгі қажеттілігі еді. Ат әрі көлік, әрі ердің қанаты болатын. Бала сүндетке отырғаннан кейін «Азамат болды, ашамайға мінетін жасқа келді» деп, баланың өзіне арналған бәсіреге ата-анасы арнайы ашамай жасатады. Ашамай – балаға арналған айшықты ер. Ашамайлы тайға мінетін күні баланы әдемілеп киіндіріп, шашу шашып, жақсы тілектер айтылады. Бұдан кейін баланың өмірі ат үстінде өтеді. Бейбіт күндері түрлі ұлттық спорттық жарыстарға қатысып, бақтарын сынаса, жаугершілік уақытта атқа мінген ерлеріміз бес қаруын асынып, жаумен соғысқан. Осынау ұмытыла бастаған салтымызды жаңғырту үшін не істеуіміз қажет? Жас ұрпақтың жылқыға деген қызығушылығын қалай арттырамыз?

Ауданда жастарды ат спортына баулу кенже қалып отырғаны жасырын емес. Бұл ретте көршілес Ақтөбеден үлгі алу керек. Мәселен, Ақтөбе қаласында ат спорты мектебі бар. Өзім жастайымнан атқа құмар болып өстім. Талай бәйгелерге ат қосып, ауданымызға белгілі атбегілер Қаби Сүлімов, Нәзенғали Байжанақовтардан ат баптау сырларын үйренуге тырыстым. Олардан үйренгенімді бүгінгі күні атқа қызығушылығы бар жастарға үйретуден жалыққан емеспін. Ауылда жасөспірім балалардың атқа қызығушылығын ояту мақсатында 4-5 жыл бұрын тай жарысын, құнан жарысын ұйымдастырып келеміз. Бұл игі бастаманы ауылдағы жылқыны қадірлейтін азаматтар, кәсіпкерлер қолдау көрсетіп, демеушілік жасауда. Жыл сайын көктемде тай, құнан жарысының маусымашарын жасасақ, күзде жабылуын өткіземіз. Бұған ауылдық округ әкімдігі де түсіністікпен қарап, өз тарапынан да колдау көрсетуде. Жарыстарға Мұқыр ауылынан, көршілес Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Айрық, Қопа, Ебейті ауылдарының да жасөспірімдері қатысып келеді. Осы шара қолға алынғаннан бері үйлерінде тай, құнан ұстайтын балалар көбейді. Олар бас қосқан жерлерінде өздерінің тай, құнандарын айтып, әңгімелеседі. Бірақ тай, құнан жарыстарын өткізу үлкен күшті қажет етеді, қаржы да қажет. Сондықтан мұндай шараларды жергілікті билік орындары ұйымдастырса оң болар еді. Біздің ата-бабаларымыз доп теуіп футбол ойнаған жоқ. Волейбол, баскетбол да ойнамаған. Ал, бізде ат спортына қарағанда осынау спорт ойындарына қамқорлық басым. Спортшыларды аудан, облыс көлемінде өтетін түрлі жарыстарға жіберуде ауылдық окург әкімдігінің белсенділігі жоғары. Егер жасөспірімдер үшін тай, құнан жарыстары да осылай ұйымдастырылса жақсы болар еді. Мұны аудан әкімдігі де қолдап, түрлі мерекелік шараларда ұйымдастырылатын спорттық ойындардың қатарына енгізсе балалардың атқа деген құштарлығы оянып, ауданда ат спортының дамуына септігін тигізері анық.

Айта кетсек, атқа мінудің өзіндік ережелері де бар. Мәселен, атқа мінерде аттың жалы мен тізгінін сол қолмен қоса ұстап, оң қолымен ердің артқы қасынан ұстайды да сол аяқты үзеңгіге салып, оң аяғымен аттап мінеді. Қамшыны оң қолға ұстайды. Атқа мінудің бала денсаулығына да тигізер көптеген пайдалалары бар екені белгілі. Қазіргі таңда дәрігерлер көптеген жүйке, сал ауруларына да қатысты ем ретінде атқа мінуді қолданып келеді. Сонымен қатар, атқа міну баланың денесінің шымыр боп өсуіне, әрі бойына батырлық рухын сіңіруде де өзіндік орны бар екендігін ұмытпаған жөн.

Есет САКУПОВ.

Сағыз ауылы

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?