Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Балаңыз бос уақытын қалай өткізеді?

Бұл тақырыпты қозғауыма әлеуметтік желіні жайлаған мектеп жасындағы екі қыздың өрескел әрекеті түрткі болды. Олардың бұл ерсі көріністері көпті де ойландырып қойған шығар.

Шынымды айтсам, оларды даттағым да келіп отырған жоқ. Бірақ, көргенде көкейге түрлі ой салғаны анық. Бұрындары мектеп жасындағы балалар тәртіп бұзып жатса өтпелі кезеңде ғой деп жататын. Ал, мына бүлдіршіндер қай жастың өтпелі кезеңінен өтіп жатыр екен дейсің. Сонда бұған кім кінәлі қоғам ба әлде заман ба? Көбіне ата-ана жұмысбастылықтан болар бала тәрбиесіне көңіл бөлмей жатады. Яғни, балаға қажеттісін тауып бердім деген ойда жүреді. Негізінен баланы материалдық жағымен қоса моральдық жағынан да қамқорлағанымыз дұрыс секілді. Бұл орайда, баланың бос уақытын қадағалап, үнемі бақылаған артық етпейді. Сондықтан, біз балаңыз (немереңіз) бос уақытын тиімді пайдалана ма? Оларға қалай көңіл бөлесіз? деген сұрақтарға жауап іздеп, әлеуметтік сауалнама жүргізіп көрген болатынбыз. Ата-ана пікірлері мынадай болды.

Дәріш БЕКМАҒАНБЕТОВА, Жасқайрат ауылы:

Қазіргі таңда телефонға телмірген балалар неше түрліні көреді. Бұрындары баланы даладан үйге кіргізе алмасақ, қазіргілер үйден шықпайды. Неге дейсіз бе? Барлығының қолында бір-бір телефон. Үлкендері түгілі кішкентайларының өзі осы телефонға арбалған. Сол себепті, құлақ тыныш болса болды деп отырмай баланың не көріп, кіммен сөйлесетініне де мән бергеніміз дұрыс. Үйде немереден бөлек жиендер де бар. Ата-анасы қырда тұрады. Барлығының сабақ үлгерімі жақсы. Бос уақыт дегенде сабақтан бөлек қосымша үйірмелерге қатысады. Одан қалды үй шаруасына көмектесіп, іні-сіңілілерін қарайды. Арасында телефонды қолданады. Бірақ, көп емес. Қатарластарымен сөйлесіп, өз жастарына сай видеолар көріп жатады. Оларға мүлде көрме деп айта алмаймыз ғой. Себебі, қазіргі заман талабы осы. Немере бағып үйде болған соң олардың тәрбиесі, сабаққа дайындығын барлығын өзім қадағалаймын. Қыз балаларды үй шаруасына икемдеп, білмесін үйретемін. Себебі, қолы бос, айналысатын ісі жоқ бала зиянды істерге біртабан жақын болады. Сондықтан, әр баланың айналысатын сүйікті ісі, қадағалап отыратын ата-анасы болған дұрыс.

Салтанат ЖАҢҚУАТОВА, жас ана, Миялы ауылы:

Үш қызым бар. Екеуі мектеп жасында, біреуі үйде. Олардың бос уақытын үнемі қадағалап отырамыз. Түстен кейін сабақтарына барса, таңертең би үйірмесіне қатысады. Бастауыш сынып оқушылары болған соң сабақтарына да көңіл бөліп отырамыз. Би үйірмесіне барып жүргелі екі жыл болды. Жарыстарға да қатысып, жүлделі орын алып жүр. Кейде қолдарына телефонды да алып мультфильм, қысқа метражды видеолар көріп жатады. Оның да пайдасы бар. Орыс тілі мен ағылшын тілдерінен аз да болса сөз үйреніп алған. Сандар мен түстерді жатқа айтып отырады. Бұл бір жағынан алғанда жақсы, әрине. Бірақ, бақылап отырмасаң ғаламторда неше түрі бар ғой. Бала тәрбиесіне кері әсер ететін тұстары да жоқ емес. Қыз бала болған соң оның тәрбиесіне көп көңіл бөлеміз. Сабағына, тәртібіне қадағалау жасап отырмасаң болмайды қазір. Үнемі олай жасама, бұлай емес деген сөздерден гөрі олармен бірлесе отырып сабағын орындап, бірге уақыт өткіземіз.

Райхан ҚАНАШЕВА, төрт баланың анасы:

Отбасымызда екі қыз, екі ұл бар. Екеуі мектеп жасында, екеуі балабақшаға барады. Мектептен бөлек қосымша сабақтары бар. Одан қалса сабақ қарап, үй шаруасын жасайды. Бос уақыттары көп болмайды. Әкесі екеуміз жұмыста боламыз. Ал, олар балабақшадан інілерін алып, оларды да қамқорлайды. Демалыста қастарында боламыз. Мейрам, туған күндерін елеусіз қалдырмай, бала көңілін көтеріп қоямыз. Жұмыс жұмыс дегенмен бірінші орында бала тәрбиесі маңызды екенін білемін. Қазіргі уақытта телефонға телмірген ұрпақтың тәрбиесі қандай болмақ деп үлкендер жағы алаңдаушылық білдіріп жатады. Бұл да дұрыс. Неге десеңіз, заман талабы дегенмен барлық нәрсеге бақылау керек-ақ. Ой-өрісі енді дамып, ненің дұрыс ненің бұрыс екенін енді айырып келе жатқан жастар ғаламтордың шырмауына іліксе кімге кінә артамыз. Негізі, дұрыс тәрбие мен ата-ананың нағыз махаббаты ғана біздің ұлдарымыз бен қыздарымызды ақылды ұрпақ етіп, салауатты қоғамның саналы азаматы болып өсуіне ықпал ете алады. Осыны ойдан шығармағанымыз дұрыс болар сірә?!

Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521