Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Бабалар кесенесіне саяхат

"Нұр Отан" партиясы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласы аясында "Сарайшық-Арыстанбаб-Қожа Аxмет Яссауи-Әйтеке би кесенесі" бағыты бойынша ғалымдар, белсенді жастар, блогерлер, "Нұр Отан" партиясының лауазымды қызметкерлерімен бірге, xалықаралық экспедиция құрамында жолға шықтық.

26 шілде күні Атырау қаласынан аттанған біз 27 шілде күні кешқұрым қасиетті Түркістан қаласынан пойыздан түсіп, 72 шақырым қашықтықтағы Отырар ауданына атбасын тіредік. Аудан орталығы Шәуілдірден 8 шақырым қашықтықта ескі Отырар қаласы және Арыстанбаб мешіті орналасқан. Деректерге сүйенсек, ел арасында «Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген ұлағатты сөз бар. Бұл ұғым бұлжымас дала заңы ретінде күні бүгінге дейін сақталып келеді. Арыстанбабтың Қожа Ахметтің ұстазы, пірі болғандығы жөнінде аңыз-әңгімелер де бар. Оның бірінде Яссауидің басына кесене орнатпақ болған Ақсақ Темірге "Әуелі Яссауидің ұстазы болған Арыстанбабқа кесене тұрғызуың керек" деген аян берілген деседі. Сөйтіп, Арыстанбабқа зиярат етіп, құрбан шалып, түнеп шықтық. Кесене жанындағы құдықтың суын іштік. Бір қызығы – аталмыш кесенеге жетіп, қабірстан ауласына енер сәтте ғасырда бір рет болатын, өте сирек кездесетін астрономиялық құбылыс, айдың толық тұтылуы сәтіне куә болдық. Оны біз жақсылыққа жорыдық. Ал, келесі күні екі шақырым қашықтықтағы ескі Отырар қаласының орнына бардық. Отырар V-XV ғасырларда Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын Иранмен Орта Азиядан Сібірге, Моңғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала болды. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, қалада сол кезде әлемдегі аса ірі кітапхана және көптеген мешіт-медреселер болған. 1218 жылы Хорезмшаһ Мұхаммедтің Отырардағы билеушісі Қайырханның әмірімен Шыңғыс хан керуенінің саудагерлері өлтіріледі. Бұл Шыңғыс ханның Орталық Азияға шапқыншылық жасауына сылтау болды. Тарихи әдебиеттерде бұл қырғын "Отырар апаты" деген атпен белгілі. 1219 жылы күзде моңғол әскерлері Отырарға жетті. Моңғол шапқыншылығы салдарынан Отырар қиратылып, қала тұрғындары қырғынға ұшырады. Бірақ, 1219 жылғы апаттан кейін Отырар қайта жанданды. Қазіргі таңда бұл жерде қаланы аршу, қалпына келтіру қазба жұмыстары жалғасуда. Көне қалашық орнымен таныса жүріп, ішкі және сыртқы қала (шахристан, рабат-басқару орталығы және оны қоршай орналасқан басқа қызметтегілер) болып ретті салынуы, сол кезеңнің өзінде жерасты құбырлары арқылы қалаға және қала көшелеріне су жеткізіліп тұрғандығын, моншалардың, су көзі тоқтатылғанда пайдаланылатын тереңдігі 12-15 метр болатын құдықтар ойластырылғанын көріп, таңқалдық. Яғни, сол «есте жоқ ескі заманның өзінде» (1210-1220 жылдары) дамудың биік деңгейі болған. Бұдан кейін Түркістан қаласына келіп Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне бардық. Қожа Ахмет Ясауи (1093-1166 жж) – қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы ақын, сопылық поэзияның негізін салушы, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, діни қайраткер. Имандылыққа, ізгілікке жетелейтін 149 діни-философиялық хикмет-өлеңдерден тұратын Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани-Хикмет» («Даналық кітабы») атты еңбегі әлемдегі ең көне түркі тілді кітап саналады. Пайғамбар жасына жетіп, Аллаға шүкіршілік етіп, одан әрі, тірі пенделер арасында жүруді өзіне үлкен күнә санаған, сол үшін ол жер астынан арнайы салынған орынға қылуетке түсіп, қалған өмірін сонда өткізген ақын, «Не себептен алпыс үште кірдім жерге?» деген сауалына осы кітабындағы ғұмырнамалық, өмірбаяндық өлеңдерінде жауап береді. Қасиетті Түркістан жеріндегі Қожа Ахмет Яссауидің архитектуралық өнердің биігі саналатын сәулетті кесенесі зиярат етушілерді қаланың қай бұрышынан да асқақ көрініп, өзіне тартып тұрады. Кесене табалдырығын аттаған сәттен тұла бойыңды өзгеше сезім билеп, басқа бір тылсым әлемге енгендей боласың. Алдыңыздан 1934 жылы әкетіліп, Ленинградтағы Эрмитажға «уақытша көрмеге қою үшін» әкетіліп, 1988 жылы ғана Өзбекәлі Жәнібеков бастаған зиялылардың етене араласуымен өзінің байырғы орнына келген қоладан жасалған әйдік Тайқазан қарсы алады. Фотостенділерде Тайқазанның әкетілер және кері оралған сәттері бейнеленген. Қанша рет оқып жүрсек те, фотосуреттерді көргенде сезімдер арпалысы туындайды екен. Бәлкім, «Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» деген осы шығар. Ең алдымен, Қожа Ахмет Яссауи жерленген қабірханада, кейін осы кесене де жерленген Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би бастаған 120-дан астам хандар мен билер, қолбасшылардың рухына дұға бағыштадық. Кітапхана, асхана, ас тарататын ағаш астаулар мен жер астына көміліп ас сақтайтын дәу-дәу қыш құмыралар, бір ғана майшам мен жылытылған су келіп тұратын монша, қылует орны бәрі де сол дәуірдің жетістігін паш ететін құнды жәдігерлер. Таныстырушының жеткізуінде шығыс моншасының қалпына келтірілуінде бұзылмас бұрын ертеректе келген неміс саяхатшысының осы монша құрылысына қызығушылық танытып, схемасын сызып алуы, көп жәрдемдескен. Ал, кесененің не себепті сол кезеңдегі салынған кесенелер тәрізді Меккеге бағышталмағаны немесе 6 ғасырдан астам уақыт табиғаттың түрлі құбылыстарына шыдас берген кесененің мүлде іргетассыз қалануы әлі күнге құпиясы ашылмаған жұмбақ күйінде екен. 2003 жылы маусымда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-ші сессиясында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілген. Кесенеде отызға жуық мешіт, кітапхана, залдар бар.

Міне, осындай тағылымды тарихы мол әсерге бөленген біздің сапарымыз одан әрі көрші Өзбекстан жерінде жалғасты. Ондағы мақсат Әйтеке бидің басына зиярат етіп, ол жөнінде тың мағлұматтар білу болатын. Шекара бекетінен өткен соң, уақытты тиімді пайдалану үшін Ташкент қаласына тоқтамай 350 шақырым қашықтықтағы Самарқандқа жетіп жығылуды көздедік. 29 шілде күні ертемен Әйтеке бидің кесенесі орналасқан 220 шақырым қашықтықтағы Навои облысы Нұрата ауданына бет алдық. Әйтеке бидің кесенесі салыстырмалы түрде кейін салынған, жаңа кесене. 1644-1700 жылдары өмір сүрген Әйтеке Байбекұлы — Кіші жүзден шыққан қазақтың атақты биі. Қазақ шежіресінде Жанарыстың бір аталарынан Алшын одан Әлім, Жеті ру тарайды. Әлімнен Түмен, Шөмекей, Төртқара, одан Ораз, Оразгелді, Жаншұқыр, Қараш. Ораз (Меккеге барып қажы атанған, Әмір Темір патшаның бас кеңесшісі болған баба). Сол Ораздан Ақпан, Тоқпан. Тоқпаннан Сейтқұл туған. Сейтқұлдан сегіз ұл болған. Соның бірі кезінде Самархан шаһарын 40 жылдай билеген атақты Жалаңтөс баһадүр еді. Жалаңтөс батыр және оның ерлігі, ел билеудегі беделі жөнінде жазба деректер аз емес. Сейтқұл әулиенің енді бір баласы Ақша. Одан Шан, Бәйбек, Қонысбек, Жоламан, Бекмембет, Бекенші ұрпақтары өсіп өнген. Бәйбектен Кешубай, Қашқын, Әйтеке туған. Әйтекеден Қонысбай, Жылтыр деген екі ұл қалған. Бұлардан тараған ұрпақтар ұзақ жылдар Самархан, Нұрата тауының төңірегін мекен еткен. «Тобықты Әнет бидей баталы бол, Кіші жүз Әйтекедей аталы бол» деп атақты Сегіз серінің батасында айтылғандай, Әйтеке би аталы тұқымнан. Оның арғы атасы Сейітқұл Жәдікұлы Шығай ханның серігі болған. Шығай хан Бұқардың Абдолла ханымен одақтас болып, Сырдарияның сағасындағы қонысын тастап, Самарқанның теріскейіндегі Нұрата тауына көшкенде, соны-мен бірге қарауындағы елін ертіп, қотарыла көшіп келеді. Осы Сейітқұлдың сегіз баласының бірі — Әйтеке бидің әкесі Ақша да, бірі — кейін Самарқанның билеушісі болған, қазақ ханы Салқам Жәңгір 600 жауынгермен жоңғар қоңтайшысы Батырдың 50 мың әскерінің өтінде қалғанда, дер кезінде көмекке жетіп, қазақ қолына айтулы жеңісті суырып алып беретін атақты Жалаңтөс баһадүр. Жалаңтөс Самарқанға әмір болғаннан кейін ағасы Ақшаны Қоқанның ханы етіп сайлатады. Әйтеке жеті жасынан атасы Ақша ханның тәрбиесінде болған. Ел басқару ісіне, басқа елдерден келген қонақтарды қабылдау, халық арасындағы дау-дамай, келісім, бітім істеріне қатыстырып отырған. Екінші жағынан ауыл молдаларына оқытқан. Он жасынан атасы оны Жалаңтөс батырдың балаларымен бірге Бұхарадағы медресеге оқуға береді. Ол оқуды үздік тәмамдайды. Араб, парсы, тілдерін үйреніп шығады. Әйтеке жиырма бес жасында Төртқара еліне би болады. Ал, отыз жасында 29 рудан құралған бүкіл Кіші жүздің, яғни, алты ата Әлімнің 4 ата Кетеннің, 12 ата Байұлының, 7 ата Жетірудың төбе биі болып сайланады, содан бұл дүниеден өткенше ел билігінде жүреді.

Бір жағынан Қытай, бір жағынан жоңғар, енді бір жағынан қазақ-орыс жерін торлап, шекараға әскерлерін шоғырландырған қиын күндерде Әйтеке би Төле және Қазыбек бимен біріге отырып, елді, жерді қорғауға белсене араласады. Мәртөбе мен Күлтөбеде күнде жиын кезінде алты алашты аузына қаратқан сол үшеудің біреуі — орақ ауыз, от тілді Әйтеке би ел басына терістік шығыстан қара бұлт үйіріліп келе жатқан қарсаңда бір мақсатта тізе ажыратпай талай жыл бірге күрескен серіктерін тастап, дертті болып, ата жұртына — Нұрата тауына оралады. Ол дерт Алланың жіберген ауруы емес, «Тура би туғанына жақпайды» деп, ел тағдырына қатысты мәселеде бет пен беделге қарамай турасын тіліп айтқан бидің сөзін кек тұтқан сұлтандардың қастығы еді. Ата жұртқа келер алдында Төле, Қазыбек би секілді үзеңгілес серіктеріне сәлем ретінде жолдаған ұзақ толғанысында Әйтеке би: «Елінен айырылған ер бақытсыз, жерінен айырылған ел бақытсыз. Құдайым ондай күнді маған көрсетпегей!» деген екен.

Ел арасында Әйтекенің ең алғаш рет билік, тапқырлығымен көзге түсуін жұрт былай аңыздайды: «Әйтеке бала кезінде үш жолаушыға кездеседі.

Сонда ол: –Ассалаумағалейкум, ағалар!– деп, үлкендерге ізетпен сәлем береді.

Жолаушының жасы үлкені.

–Cәлемет бол балам, мынау қай ауыл?

–Төртқара, Cейтқұл ауылы.

–Өзің кімнің баласысың?

–Бәйбектің баласымын.

–Атың кім?

–Әйтеке.

–Қосуақ бидің аулы қайсы?

–Анау қырдың астында, онда не шаруаларыңыз бар еді? – деп, сұрайды бала.

–Даулы болып келеміз, – дейді әлгі қарт жолаушы. – Ойнап жүрген баламызды сол ауылдың бір жолаушысының аты теуіп өлтірді. Соның құнын даулап келеміз. Әйтеке болса, сәл ойланып тұрып:

–Балаңызды ат босағада тепсе – бүтін құн, жабықта тепсе-жарты құн, түзде тепсе төрттің бірін аласыздар. Қосуақ би де осыны айтар, осыны айтпаса қосып айтар. Жолдарыңыз болсын –дейді. Үш жолаушы қырдан асып, Қосуақ бидің үйіне барады. Биге өздерінің дауларын баян етеді. Қосуақ би, далада ойнап жүрген Әйтеке баланың кесімін айтып, балаңызды ат түзде тепсе-төрттің бірін алыңыздар деп, әлгі құн даулап барғандарды риза етіпті. Сонда өлген баланың әкесі:

–Япырмай, осы билікті бізге ең әуелі далада ойнап жүрген Әйтеке деген бала айтып еді, түбі сол бала әділ би болар – деген екен.

Әйтеке бидің жерленген жері таптырмай, кейін басына кесене тұрғызылмай көп жылдар ескерусіз келгені белгілі. Өзбекстанда елші болған кезінде Зауытбек Тұрысбековтің бастауымен Рахат Байзақов, Шахарбек Усманов, Қаражан және Бернард Сердалиевтер, Есенғали Байменов, Ибатулла Қалыбеков, Арынғазы Беркімбаев атты жеті азаматтың қолдауымен осы кесене тұрғызылып, 2012 жылы ашылған екен. Кейін кесене жанындағы құрылыстарға Атыраудан Мұхит Ізбанов бастаған азаматтардың да қаражат қосқандығы жүрекке жылылық ұялатты. Кесене ішінде Сейітқұл баба мен Әйтеке бидің қабірі басында ақ мәрмәрдан белгі қойылған және құлпытастары жазылған. Шырақшы Собыр (қазақша Сабыр шығар) қазақстанның батыс өңірінен, Кіші жүздің жерінен бабамызға тәу етуге арнайы делегация болып, іздеп келгенімізді естігенде, қолын кеудесіне қойып, қуанышты екенін білдірді. Бар білгенін бізге жеткізгенше өзбекше, арасында орысша, кейбір сөзін қазақша құйып жатыр. Әйтеке бидің өмірі мен айтқандары туралы мол мағлұмат алдық. Собырдың дұғасынан кейін, бабаларға құрмет, елден сәлем ретінде топ құрамынан Бекболат ініміз екеуміз құран бағыштадық. 2019 жылдың 18 мамырында туғанына 375 жыл толуына орай қапталдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мұражай үйінде құрметті қонақтардың қолтаңба кітабында қолтаңба қалдырдық. Екінші қапталдағы мешіт үйін көрдік. Шағын болса да кесене аумағы таза, жинақы, көгалдандырылған. Мұнара құббасы қайта жөнделуде екен. Аулада әлі де бірнеше құлпытастар жазуын айқындауды, кімдердікі екенін анықтауды күтіп, жиналып тұр. Ойға алған басты мақсат – Әйтеке бидің басында болып, тағзым еткеннен кейін, Ташкент қаласында дамылдаған Төле би мен Жалаңтөс батырлардың кесенелеріне де бас сұғып, оларға дұға бағыштауды жөн көрдік. 30 шілде күні сол қазақ тарихындағы әйгілі үш бидің бірі – Төле би бабамыздың кесенесіне бардық. Кесенеге барып өзімізді таныстырып мақсатымызды айтқаннан кейін шырақшы алдымен көрші кесенедегі Шейх Хованди Тахур бабаға дұға бағыштағанымыз жөн екенін айтты. Ол кісі сопылықтың Нахшбандия орденінің негізін салушы болған. 1355 жылы қайтыс болған. Мұхаммед пайғамбар шыққан құрайш тайпасынан. Бұл кесененің ортасында күмбезге дейін тірелген шырақшы «Сабр» деп атаған ағаштың үлкен діңі тұрды. Бұл ағашты иіскегенде әлі күнге дейін өзіндік жағымды иісі шығып тұрғанын сездік. Ал, бұл ағашқа 8 ғасыр болған. Шырақшының айтуынша жер астында тамыры бар. 1663-1756 жылдары өмір сүрген Төле би–қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері. Қазіргі Жамбыл облысының Шу өңірінде туған. Ұлы жүздегі Дулат тайпасының Жаныс руынан шыққан. Әкесі Әлібек момындығы үшін ағайындар арасында «қарашоғыр» атанғанымен, өзіндік беделі бар би болған. Бала күннен жас Төле әкесіне ере жүріп ел көріп, жұрт таныған, қазақ халқының ақындық-шешендік өнерінен тәлім алған. Он бес жасынан ел билігіне араласып, ақыл-парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түскен. Төле би Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билермен бірге Тәуке ханды хан етіп сайлауға, үш жүздің ұлыстарын бір ортаға бағындыруға, бірегей қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы тұру шараларын жүзеге асыруға араласқан. Дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы болып табылатын «Жеті жарғының» қабылдануына атсалысқан. Тәуке хан Төле биді ұлы жүздің бас биі еткен. Төле би халық арасында «Қарлығаш әулие», «Қарлығаш би» деген атпен де танымал болған. Оның бұлай аталуы жайлы да аңыз сақталған. 93 жасқа жетіп қайтыс болған Төле би Ташкенттегі Шайқантәуір зиратына жерленген. Қабірі Бабырдың нағашы атасы Жүніс хан мазарының қасында. Төле би атамыздың құлпытасында мынадай сөздер жазылған: «Тәңірім қазаққа елдікті де, ерлікті де, даналықты да берген».

Самарқантды 30 жыл билеген Жалаңтөс батыр (1576-1656 жылдары өмір сүрген) қазақтың аса ірі қолбасшыларының бірі болған. Оның қолбасшылығы өз алдына, құрылысы 14 жыл бойы жүрген Шер–Дор медресесі, алтынмен апталған Тіллә-қари медреселерін салдыртып, онда мыңнан астам баланы тегін оқытқан. Әлі күнге жұмыс жасап тұрған Шер-Дор медресесі Қожа Ахмет Яссауи кесенесін елестетеді. Самарқандта салдырған медресе, мешіттері әлі күнге сақталған. Кесене ауласындағы мешіт те жаңартылған, жөнделген. Алайда, бір тіреуіш (колонна) сол дәуірден сақталған. Ал, мешіт алдында 550 жылдан астам тарихқа бір өзі куә болып, алып Шынар ағашы жердің бетіне шығып қалған тамыры арасынан адам өтетіндей екіге айырылып, қу ағашқа айналса да, түп тамыры тереңнен нәр алып, әлі күнге жапырақ жайып, өсіп тұр. Міне, керемет табиғаттың тылсым күші. Жалаңтөс баһадүр өзінің өсиет етуі бойынша ұстазы Максұм Ағзам әулиенің бейіті қасында жерленген. Таныстырушының айтуы бойынша, бұл жерде Ауған, Иран сияқты 14 елдің шах, сұлтандары, Жалаңтөс батырдың ұлы Сұлтанбек жерленген. Тегінен таратқанда Жалаңтөс батыр Сейітқұлұлы алты ата Әлімнің Төртқара атасынан, Әйтеке бидің үлкен атасы болып келеді.

Біз экспедиция мүшелері осынау бір апталық сапар барысында төрт мыңнан аса шақырым жол жүріп, қасиетті жерлердегі ескерткіш-кесенелермен танысып, үш жүздің билеріне, Қожа Ахмет Яссауиге, Абылай ханға, Арыстанбабқа, Жалаңтөс батырға, Ақсақ Темірге, басқа да батырлар мен билерге, әулиелерге дұға бағыштадық. Сапар барысында көзімізбен көріп, өз құлағымызбен естіп, қолымызбен ұстаған тарихи дүниелер есімізден ешқашан шықпайды. Ең бастысы – біз сапардан өмірлік сабақ алдық, таным көкжиегімізді кеңейттік, елімізге деген мақтаныш сезіміміз артып, жаңа көзқарас қалыптастыра бастадық, тарихи тағылымдарымызды мәңгі жадымызда сақтап жүретін болдық. Альберт АҚҚАЙНАНОВ "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, экспедиция мүшесі . Атырау-Отырар-Түркістан-Шымкент-Ташкент-Самарқанд-Навои-Нұрата-Әйтеке би кесенесі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521