Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

БҰҚАР ЕЛДІМЕКЕНІ АУДАНҒА ҚОСЫЛДЫ

Сәрсенбі күні құрамында аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев және бөлім, мекеме басшылары бар арнайы топ Қарабау ауылынан 12 шақырым қашықтықтағы Бұқар елдімекенінде болып, аталмыш ауылдың аудан құрамына кіруіне орай тұрғындармен кездесіп, анықтау, түгендеу жұмыстарын жүргізді. Бұған Индер ауданы Жарсуат ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Дархан Қапашев та қатысты.

Осы орайда, 12 тұрғын үй, 56 тұрғыны бар Бұқар елдімекені бұған дейін Индер ауданының құрамында болғанын айта кетейік. Алайда, Индер және Қызылқоға ауданы әкімдігі мен мәслихаттарының ұсынысына орай облыс әкімі Н. Ноғаев пен облыстық мәслихат хатшысы Ө. Зинуллин 2019 жылдың 27 маусымында «Атырау облысы Индер ауданы Жарсуат ауылдық округіне қарасты Бұқар елдімекені Қызылқоға ауданы Қызылқоға ауылдық округінің құрамына енгізілсін» деген шешім шығарған болатын. Елдімекен тұрғындарымен кездесу барысында, аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев:

– Өздеріңіз білесіздер Бұқар елдімекені маусым айынан бастап Қызылқоға ауданы құрамына енді. Осыған орай, тұрғындармен арнайы кездесіп, анықтау, жүйелеу жұмыстарын жүргізу мақсатында келіп отырмыз. Алдағы уақытта елдімекенді дамыту мақсатында арнайы жұмыстар жасалатын болады. Сондай-ақ, мектеп жасындағы балаларды Қарабау орта мектебіне тасымалдау үшін арнайы көлік ұйымдастырамыз. Сондықтан Жарсуат ауылдық округінде оқып жатқан балаларыңыз болса ауылға алдырған дұрыс. Одан бөлек, жер және тұрғын үй құжаттарын реттеу мақсатында келесі аптада аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының мобильді тобы осында келеді. Соны пайдаланып, құжаттарыңызды дұрыстап алыңыздар, – деді.

bar1

Содан кейін аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Қайырғали Базарбаев елдімекен тұрғындарын кәсіп ашып, ауылшаруашылығын дамыту мақсатындағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға шақырса, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Серікбай Латиев тұрғындарға малдарының қанын алдыру, сырғалау, дерекқорға енгізу мәселелері бойынша түсінік жұмыстарын жүргізді. Ал, аудандық орталық аурухана директорының орынбасары Мәдина Қанатқалиева елдімекен тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмек жайлы мәлімдеді. Жиын соңында жергілікті тұрғындар жаңа шешімге оң көзқараспен қарайтындарын, алайда, елдімекенді дамыту мақсатында жергілікті әкімдік жүйелі жұмыс жасаса деген тілектерін жеткізді.

Дулат БЕРІК

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521